«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Азат ӘБДІРАХМАНОВ: Кейбір кәсіпкерлер жалған марапатқа малданып жүр

0 53

 19-20 қыркүйекте Алматыдағы «Интерконтиненталь» қонақүйінде «ANQ-2018» 16-шы Азиялық сапа конгресі өтеді. ANQ – Азия құрлығы мемлекеттерін сапа дәрежесі бойынша біріктіретін ұйым. Оның құрамына Азия аймағындағы 17 елдің ұлттық компаниялары кіреді. Дүние жүзінің сапа бойынша ең білікті, танымал, кәсіби мамандары бас қосатын жиынға 200-ге жуық шетелдік қонақтар тіркелген. Олардың қатарында жапондық ғалымдар Нориаки Кано, Каору Исикава, ұлыбританиялық Мұхаммед Заири, америкалық Элизабет Кейн секілді әлемге әйгілі сапа саласының ірі мамандары бар. Өкініштісі сол, осы конгреске Қазақстаннан санаулы-ақ адам қатысуға ниет білдірген. Біз 2017 жылы ANQ-тың төрағалық тізгінін қолына алған Қазақстанның сапа және инновациялық менеджменті ұйымының президенті, Азиялық сапа ұйымының басқарма төрағасы, халықаралық Сапа академиясының академигі, профессор Азат Әбдірахмановпен алдағы конгрес, сапа стандарты және басқа мәселелер жөнінде аз-кем әңгімелестік.

         – Азат аға, бұл жиынның алға қойған мақсаты қандай? Отандық кәсіпкерлерге, тауар өндірушілерге және қарапайым халыққа не береді?

         – Азиялық сапа ұйымы (ANQ ) 2002 жылы құрылған. Оның құрамына Азиядағы 17 елдің ұлттық сапа ұйымдары кіреді. Ұйымның негізгі жұмысы – сапаны басқаруды жетілдіру.  ANQ –тың бүгінге дейін 15 конгресі өтті, ал 16-шысы Қазақстанда болады. Бүгінге дейін конгреске қатысуға дүние жүзінен 200-ге жуық адам тіркелді. Оның ішінде Қытайдан – 60, Жапониядан – 50, Үндістан, Тайланд, Сингапур, Оңтүстік Корея және т.б. елдерден мықты мамандар бар. Біздің елімізден санаулы-ақ, тіптен айтуға ұят. Менің ойымша, қазақстандық кәсіпкерлер, мамандар осы басқосудың мәні мен мағынасын, отандық экономикаға, өндіріске қандай пайдасы болатынын әлі түсінген жоқ. Күн сайын өтетін басқосулардың бірі деп ойлайтын шығар. Алайда, сапа дегеніміз – күрделі мәселе. Осы конгрес барысында өтетін симпозиумдарда сапа тақырыбы салалар бойынша талқыланады. Білім, инновация, тауар, менеджмент, қызмет көрсету, маман даярлау, қызметкерлерді басқару сапасы тақырыбында арнайы сессиялар өтеді. Онда шетелдерден келіп түскен 140-қа жуық ғылыми баяндама ұсынылады. Екі пленарлық сессияда баяндама жасауға сапаны басқару саласы бойынша дүние жүзіне әйгілі мамандарды шақырдық. Олардың қатарында Нориаки Кано (Жапония), Мұхаммед Заири (Ұлыбритания), Элизабет Кейн (АҚШ), Ван-Сен Шин (Оңтүстік Корея), Клаус Берлин (Швеция) және басқалар бар. 10-ға жуық сарапшы-мамандар пленарлық сессияда баяндама жасайды. Солардың бірі – көзі тірісінде классикке айналған жапондық Нориаки Кано. Оның «Айрықша сапа моделі» деген моделі бар. 30 жыл бұрын Кано осы жаңалығымен әлемді таңғалдырды. Қазіргі таңда дүние жүзінде өтіп жатқан конгрестерге Н. Каноны нөмірі бірінші қонақ етіп шақырады. Тағы бір мәртебелі мейманымыз – тегі араб, Англияда тұратын Мұхаммед Заири. Ол «Төртінші өнеркәсіптік төңкеріс кезеңіндегі сапа менеджментінің рөлі» деген тұңғыш кітапты шығарды. Біз индустрияландыру, цифрландыру, компьютерлендіру деген сөзді жиі айтамыз. Барлық нәрсені компьютерге түсіруге болады. Соның ішінде адамның атқаратын рөлі, менеджменттің рөлі қандай? Жаңа заманда басқару жүйесі керек пе, жоқ па, әлде, барлық жұмысты машиналар атқара ма? Сонда сапа мәселесіне жауапты мамандар не істейді? Мұндай сауалдарға жауап беру мақсатында М. Заири кітап жазған. Сол кітабының тұсаукесерін өткізеді. Біз мүмкіндігінше осы басқосуды озық елдерден үйрену, көру, есту, тәжірибе алмасу тұрғысынан пайдалануымыз керек. Айта кетейін, бұл жиынға қатысу тегін. Ешкім де одан материалдық пайда көрмейді. Азиялық сапа конгресін өткізу – еліміз үшін зор жауапкершілік. Өйткені, Азия мен Еуропада бізді сапа жағынан әлі ешкім білмейді. Мұндай әлемдік деңгейдегі конгресті өткізуге бізге «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қолдау білдіруде.

         – Сапа дегенде ең алдымен, әлемдік деңгейде тауар, өнім шығаратын Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Англия елдерін атаймыз. Шын мәнісінде сапа жағынан қазір әлемде қай ұлт оқ бойы озық тұр?

         – Сапа жөнінен Азияда ғана емес, дүние жүзіне танымал ел – Жапония көш басында тұр. Өздеріңіз білесіздер, бұл елде 1 литр, тіпті милилитр мұнай жоқ. Бір текше газ жоқ, металл да өндірілмейді. Бірақ сол жапондар машина жасау, теңіз кемесін құрастыру, электроника бұйымдарын шығарудан дүни жүзінде алда келеді. Одан кейінгі орында Daewoo, Samsung және басқа да брендтерімен Оңтүстік Корея тұр. Қазіргі кезде Қытайда да үлкен жетістіктер бар. Қытайлар соңғы 20-30 жылда сапа мәселесіне ерекше көңіл бөлуде. Қазір олар «Қытайда жасалған» деген атауды «Қытайда шығарылған» дегенге өзгертті. Бүгінгі таңда Қытайда шығарылмайтын техника жоқ. Электроникада дүниежүзілік брендтердің бәрі ҚХР-да шығады. Енді қытайлар шетелдің брендтерін ғана емес, өзінің төл тауарларын күллі әлемге шығарып, таратуға күш салуда. Мысалы, қытайлық Haier, Huawei, ZTE секілді брендтерінің өнімдерін пайдаланамыз. Автокөліктер, құрылыс техникасы, тұрмыстық техниканың көпшілігі Қытайдан әкелінеді. Бұған қоса, Сингапур, Үндістан, Вьетнам мемлекеттері де өте жедел дамып келеді.

         – Сіз осы конгресте маман дайындаудың сапасы туралы сөз болатынын айттыңыз. Қазір Қазақстанды алға бастырмайтын тұрған мәселенің бірі – мамандардың сапасының төмендігі. Бізде науқасқа диагноз қоя алмайтын дәрігер, білімі таяз мұғалім көп. Маман даярлаудағы шетелдердің озық үлгісін өзімізге қалай енгізуге болады?

      – Қазір университеттеріміз қанатын кеңге жайып, жарқырап тұр. Бірақ сол жарқырағанның арғы жағында не бар? Мамандардың, мұғалімдердің білімі неге төмен? Өйткені, сапа менеджерлері жоқ. Мен Болоньяда, Оксфордта, Кембриджде болдым. Оларда ИСО деген атымен жоқ. Себебі, өздерінің сапа жүйесі ИСО-дан 100 есеге жоғары! Тойотада ИСО-9000 жоқ. Олардың өз стандарттары бар. Оларда 200-300 жыл бойы қалыптасқан сапа жүйесі бар. Мысалы, Кембридже аудиторияға дәріс оқу деген жоқ. Оқитын студент аптасына бір рет профессормен жеке кездеседі. Ақпарат алысып, ой-пікіріңізді, идеяларыңызды біліп, қоя береді. Кітаппен оқытып, интернеттен реферат, дипломды көшіріп алу деген атымен жоқ. Білім беру жүйесі мүлдем бөлек. Бізге шетелден үйренгенде менталитетке көңіл бөлуіміз керек. Бізде бұрын керемет мектептер бар еді. Шетелде кетеміз деп бәрін жоғалттық. Бір үлкен кемшілігіміз – Қазақстанда сапа менеджерлері дайындалмайды. Стандарттау мен сертификаттау мамандығына ҰБТ-дан ең төмен балл алғандар қабылданады. Бірақ сол мамандықты оқып бітіргендер «стандарттау» дегеннің не екенін білмейді. Сапа менеджерін дайындайтын бірде-бір университетіміз жоқ. Еліміздегі жоғары оқу орындарын бітіретіндерге Білім және ғылым министрлігі, дәрігерлік диплом алатындарды Денсаулық сақтау министрлігі сертификат береді. Ол халықаралық тәжірибе сай емес.

         – Бизнес рейтинг деген бар. Бірақ осы рейтингтің басындағы кәсіпорындарды жұрт біле бермейді. Елімізде жыл сайын «Алтын сапа» деген байқау өткізіліп, жеңімпаздары марапатталады. Бірақ солар шетелдерге неге танылмайды?

         – Бизнес рейтинг дегеніміз кәдімгі «сатып алу». Сіздің салық төлеген көрсеткіштеріңізді алады да жүздеген мекемеге ақпараттық хат жібереді. «Сіз алтын дипломға ие боласыз. Тек бізге 1 млн 200 мың теңге төлеңіз» дейді. Соған баратындар бар. Арзан диплом. Сол 1 млн 200 мың теңгені өз мамандарын оқытуға шетелге жіберсе, одан жүз есе пайдалы болар еді. Жасыратыны жоқ, біздің кәсіпкерлер жалған марапатты сатып алуға малданып жүр. Ауылда батыр болсаң, ауданға, облысқа және республикаға шық. Егер сен мықты спортшы болсаң, республикадан асып, әлемдік, Олимпиадалық ойындарға қатыс. Кәсіпкерлерге де осыны айтқымыз келеді. «Алтын сапаны» алумен шектелмей, халықаралық байқауларға қатысып, бақ сынасын. Сайып келгенде, бұлардың бәрінен сапалы өмір сүру деген стандарттар шығады. Біз де осыған ұмтылуға тиіспіз. Азиялық сапа конгресінде осы тақырыптардың барлығы кеңінен талқыланады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды