«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ ЖАЛҒАСУДА

Қала әкімі Алтай Көлгінов азаматтарды қабылдады. Қала тұрғындары тұрғын үй, балабақшаға жолдама алу және несие өсімін өтеу мәселелерімен жүгінді. Қабылдауға басқарма басшылары, аудан әкімдері мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» өкілдері қатысып, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.

0 31

5 баланың анасы Жанарға «Мектепке жол» акциясы бойынша балаларын оқытуға көмек көрсетілетін болады. Сонымен қатар, ол жұмысқа орналасқан соң, алты айлық жалақысының бір бөлігі зейнетақы қорына аударылғаннан кейін «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш бере алады. «Осындай кездесулерде көптеген сұрақтарға бірден жауап алуға болады. Баламды балабақшаға орналастырғаннан соң жұмысқа тұрамын. Ертеңгі күнге сенімді болу керек. Бізге қолдау көрсеткеніңізге және ашық диалогқа шыққаныңыз үшін рақмет» деді Жанар әкімге алғысын білдіріп.
8 баланың анасы Бақтыгүл де әкімге дәтін айта келіп, қуанып қайтты. Атап айтқанда, бұл тұрғын да Жанар сияқты «Бақытты отбасы» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға өтініш беруіне толық мүмкіндік алды.
Нұргүл есімді қала тұрғыны атында апатты деп танылған үй бар болғандығы себепті үйге кезекке тұра алмай келген еді. Енді әкімдіктің тапсырмасы бойынша жауапты тұлғалар барлық мәліметтерді анықтап, әйелдің бағдарламаға қалай қатысуға болатынын түсіндіріп беретін болды.
Қала әкімі көпбалалы, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылармен, аз қамтылған отбасылармен жүйелі түрде кездесулер өткізіп тұрады. Бір ай көлемінде өткізілген азаматтарды қабылдау кезінде қала әкімі 200-ден астам қала тұрғындарымен кездесті, 700-ден астам сұрақ бақылауға алынды. Барлық өтініштер бойынша тиісті жұмыс­тар істеліп жатыр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды