АЯУЖАННЫҢ АРМАНЫ

Аяужан туралы бізге белгілі қаламгер Бауыржан Омарұлы айтты. Ол кісі оны ЭКСПО-ға барғанда көріпті. Көрмедегі Латын Америкасының павильонында жұмыс істейді екен. Біз де ағаның айтуымен қарындасымызды сол жерге іздеп бардық. Таныстық. Есімі – Аяужан Қаматаева. Сымбатты, салмақты қыз бала. Назарбаев университетіндегі Халықаралық қатынастар мамандығының 3-курсында оқиды. Ана тіліміздің қайнарын қанып ішкен. Көркем сөйлейді. Әлемдегі алты тілді еркін меңгерген. Үлкен адамдарша ой толғайды. Өнегелі отбасынан тәрбие көргені байқалады. Бәрінен бұрын мені оның кішкентай жүрегі «қазағым» деп соғып тұрғаны тәнті етті. «Оқуымды бітіргеннен кейін туған елімнің өркендеуіне қызмет етсем» дейді.

Ол Тарбағатай тауларының бөктерінде өмірге келіпті. Кішкентай күнінен Өскеменде өскен. Алты жасына дейін атасы мен апасының бауырында болыпты. Атасы

Қаматай қажылыққа барған, діндар, ескі әңгімеге жүйрік, ел ішіндегі қадірменді қария. Тұңғыш немересін ес білгеннен бастап, жанынан тастамай ертіп жүріпті. Сұңғыла қарт солай немересінің бойына халқымыздың асыл қасиетін сіңірген. Әкесі Еркінбек қара­пайым қызметкер болса да өнерден қара жаяу емес. Домбыра шертеді, ән салады, бір қағатын ақындығы бар. Анасы Жанат – ұлағатты ұстаз. Химия ғылымдарының докторы, профессор. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. Аяужан ата-анасын ерекше қадір тұтады. Екі сөзінің бірінде соларды үлгі тұтып сөйлейді. Өзі де ептеп өлең жазады. Поэзияға жаны ғашық. Мектепте жүргенде «Абай» оқуларына қатысып, жүлдегер атанған. Өнерге де жақын. Түрлі музыкалық аспапта шебер ойнайды. Қобыз­ды, домбыраны жақсы көреді. Биді де ұнатады. Спортқа да бейім. Біз оның көп дүниеден хабары бар екенін аңғардық.

Алдымен Өскемендегі Шоқан Уәлиханов атындағы №3 көп салалы гимназия табалдырығын аттайды. Жетінші кластан кейін қаладағы Назарбаев зияткерлік мектебіне ауысады. Орта мек­тепті өте жақсы бағамен тә­мамдаған. Бастауыш сыныптан шет тілін үйрене бастаған. Алдымен неміс тілін оқиды. Ақылы курсқа барып, түрік тілін үйренеді. Оны озық меңгергені сонша, Түркияда өткен халықаралық білім олимпиадасында топ жарады. Немересінің алғашқы жүлдесіне атасы балаша қуанып, батасын беріпті. Бесінші кластан ағылшын тілін оқи бастайды. «Бала күнімнен дипломат болуды армандадым. Жетістікке жеткен елшілердің бәрі көп тілді білген. Сондықтан мен де осындай алдыма мақсат қойдым» дейді Аяужан. Ағылшынша тамаша сөйлеу үшін өз бетімен ізденеді.

Ғаламтордағы тіл үйрену тәжірибелерін бағдарлайды. Скайп арқылы әлемнің әр түкпірінен достар тауып, солармен ағылшынша сөйлеседі. Сөйтіп, дүниежүзіне кең тараған тілді таза меңгеріп шығады. Кейін қытай тіліне қызығушылығы оянады. Оған екі жылын арнайды. «Қытай тілі күрделі. Оны үйрену оңайға соқпайды. Болашақта Қытай еліне барып, бизнес саласы бойынша магистратурада оқысам деп отырмын. Халықаралық қарым-қатынастың бәрі экономикаға негізделген. Экономика мен бизнес саласын білген маңызды. Әрі «бір оқпен екі қоянды» атып, қытай тілін одан әрі дамытқым келеді» дейді күліп. Талабы зор қарындасымыз қазір ағылшынша, испанша, французша, түрікше, орысша, қытайша сөйлейді. Бұлардың бәрі де әлемге кең жайылған тілдер. Жер бетінің көп тұрғындары осы тілдерде сөйлейді. Біз одан «ЭКСПО» көрмесіне қалай келгенін сұрадық. «Назарбаев университетінде испан тілін оқыдым. Латын Америкасы мен Еуропаның көп мемлекеттері испан тілінде сөйлейді. Ол Америкада екінші ресми тіл саналады. Сондықтан осы тілді одан әрі ұш­тайын деп Латын Америкасының павильонына барғым келді. Әрине, оған конкурс­пен алындық. Үш тур болды. Үшеуінде де мүдірген жоқпын.

Комиссия мүшеле­рі менің испанша білетініме емес, қазақ тілін білгеніме тәнті болды. «Егер сізден журналистер сұхбат алғысы келсе, қай тілде жауап берер едіңіз» деп сұрады. Мен ойланбастан «оған шет елдің адамы болса да өз ана тілімде жауап беремін» дедім. Өйткені бүгінгі жастарға Димаш Құдайбергеновтің ұстанымы үлгі болса деймін. Ол қайда жүрсе де өз ана тілін бәрінен жоғары қояды» дейді жымиып. Халықаралық көрме туралы да өз ойын мақтанышпен жеткізді. «Біздің елге шет жерден қаншама қонақтар келіп жатыр. Бәрі Қазақстанға қызығып қарайды. Әсем елордамыздың көркіне сүйсінеді. Жер бетінде бейбітсүйгіш, қонақжай қазақ деген жұрт бар екендігін таныды. Әр мемлекеттің павильонынан қаншама ақпарат алуға болады. Жаңа технологиялармен танысасыз. Соның бәрінен ой түюге, үйренуге болады» деді ол.

Алаш арыстары жайында да көп біледі. Әлихан, Ахмет аталарының еңбектерімен жақсы таныс. Жатқа айтады. Қазақтан шыққан тұңғыш елші Нәзір Төреқұловты айрықша үлгі тұтады. Бір байқағанымыз, Аяужан өте еңбекқор. Қоғамдық жұмыстармен де белсенді айналысады. Мектеп кезінен дебаттар сайысына қатысқан. Биыл Таразда жастар арасында болған дебат сайысында бас жүлдені жеңіп алыпты. Сонымен бірге өзі дайындаған әлеуметтік жобаларды жүзеге асырғысы келеді.

– Мені мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірі көп толғандырады. Олардың құқықтарын кәдімгі азаматтармен теңестіргім келеді. Сол үшін «Барлығымыз теңбіз» деген жоба жасадым. Онда кинотеатр­ларда 7-10 пайыз көлемінде мүмкін­дігі аз жандар отыратын орындар болса деймін. Осы жобаны зерттеу үстіндемін. Одан ке­йін жастарға арналған тағы бір жоба әзірледім. Астанада жоғары оқу орындары біршама. Әр университеттің өз болмысы бар. Біреуі қазақы, екіншісі ашық, үшіншісі… тағы солай. Сонда білім алған студенттердің мәдениеті де әр түрлі. Мен жастардың бір деңгейде дамуын қалаймын. Өз жобамды ойын түрінде дайын­дадым. Іске асып жатса, нәтижесі болады деп ойлаймын, – деді Аяужан.

Оның есімін атасы көрнекті қаламгер Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романындағы бас кейіпкер Аяужан секілді «жаны ізгі асыл жан» болсын деп қойыпты. Өзі де ол кітапты қызығып оқыпты. «Аяужан се­кілді арманым көп» дейді күліп. Біз де келешегінен көп үміт күттіретін қарындасымыз­ға сол аңсарыңызға же­тіңіз демекпіз!

Азамат  Есенжол

Сонымен қатар

ҚОРҚЫТ АТА

Қорқыт ата – Сырдария өлкесін қоныс еткен, оғыз-қыпшақ тайпаларының ортасынан шыққан данышпан, ойшыл, жырау, қобызшы. …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған