«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аяқ алып жүру мүмкін емес

0 33

Кеше Алматы ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаев есеп беру кезде­суінде өткен жылы аталмыш ауданда атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындарды алдағы жоспарымен де таныстырды.

Өзінің баяндамасында өткен жылы Алматы ауданының аумағында 24 апатты үйдің сүрілгенін айтқан Әділбек Сәрсембаев биыл тағы 13 үйдің күрелетінін атап өтті. Сонымен қатар алдағы төрт жыл ішінде 15 жаңа мектеп пен 6 мектептің жанынан қосалқы ғимараттар және бірнеше балабақша салынатынын айтқан әкім аталмыш аудандағы 603 ауланың 200-ден астамына абаттандыру сияқты жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді. Аудан басшысының айтуынша, Уәлиханов көшесінен Республика даңғылына дейінгі Иманов көшесіне толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілетін кө­рінеді.
– Иманов көшесіндегі жарықтандыру, абаттандыру жұмыстарының барлығы қайтадан жүргізіледі. Сол сияқты серуендеуге жайлы болатындай етіліп желек жол салынады. Сондай-ақ Абай, Кенесары көшелерінің тұсында саябақ, гүлбақтар салынатын болады. Сонымен қатар ауданындағы 27 көше жарықтандырылады. Оңтүстік-шығыс ықшам ауданындағы 80 көшенің асфальт төселмеген 40 көшесін жөндеу биылғы жоспарда тұр. Онымен қоса осындағы жекеменшік секторды газбен жылыту жүйесіне көшіру мәселесін қарастырып отырмыз, – дейді Ә.Сәрсембаев.
Аудан басшысының баяндамасынан соң тұрғындар түрлі мәселелер бойынша сауалдарын қойып, өтініш-тілектерін білдірді. Олар көше тазалығы, ауланы абат­тандыру, жолдарға асфальт төсеу сияқты басқа да тұрғын үйлерге қатысты түрлі мәселелерді көтерді. Мысалы, Южный тұрғын үй кешенінің тұрғыны үй маңындағы ескі гараждарының біраз уақыттан бері сүрілуге жат­­қызылғанын, бірақ әлі күнге дейін қараусыз қаңырап тұрғанын, онымен қоса қажетті қаражаттың төленбегенін жеткізді. Ал ПИК жұмысы өте нашар еке­нін, осы уақытқа дейін коммуналдық төлемді кооператив төрағасының қо­лына ұстататындықтарын сөз ет­кен Сәтбаев көшесі, 6/1 мекенжайының тұрғыны жертөленің үнемі сыз тартып, жағымсыз иіс шыға­рып тұратынын айтып ша­ғымданды. Сол сияқты Петров 19/1, Жұбанов 4 мекен­жайларының тұрғын­дары да өз базыналарын айтты.
– Жұбанов көшесіндегі №4 үйдің тұрғынымын. Мұн­да алдымен ауланы абаттандыру керек. Содан соң мүгедектер көлігін қою­ға арналған орынға арнайы белгі орнату қажет. Одан кейін көше бойына бағдаршам қоюды қарас­тырсаңыздар. Ал жолды жөн­деу жағын айтпай-ақ қояйын, тым болмағанда тротуарды жөндеп, асфальт төсеп берсеңіздер. Әйтпесе, аяқ алып жүру мүмкін емес, – деді Әсел Мәлікова.
Мәселелердің кейбірінен хабардар болып шыққан аудан әкімі жауапты маман­дарға тиісті тапсырмаларын жүктеді. Тұрғындардың өтініш-тілектері назардан тыс қалмайтынын айтқан ол барлық түйткілдің түйіні жоспарға сай шешілетінін жеткізді.

 

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды