АЯЛДАМАЛАР АРМАНҒА АЙНАЛА МА?

Астанада аялдама павильондары саны жетіспейді. Әкімдіктің жылы және жабық аялдамаларды орнату жоспары әзірге кідіріп тұр. Кеше өткен Астана қалалық мәслихатының Құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия отырысында аталмыш мәселе біраз талқылау тудырды.

Мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы бойынша Беларусь және Израиль елдерінің компанияларымен 6 мыңнан астам аялдама туралы келіссөздер жүргізілді. Аудан әкімдіктері бұл мәселені әлі де пысықтауы тиіс. Бір анығы, келесі жылдың бюджетіне оларды орнатуға қаржы салынбаған.
Әсіресе, тұрғын алаптарда бұл түйт­кіл түйіні тарқамай келеді. Депутаттар бұл мәселені былтыр бюджет талқыланғанда да көтерген. Алайда «баяғы жартас – бір жартас». Қалалық мәслихат депутаты Мирас Шекенов инвесторлар елорданың Көктал, Ильинка сынды шеткері аймақтарына аялдамаларды орнатуға мүдделі еместігіне сенімді. Аталмыш мәселеге жауапты қалалық Жолаушылар көлігі басқармасы тарапынан да еш әрекет байқалмайды. Комиссия мүшелерінің алдында бюджет бойынша есеп берген аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Самат Китанов мәселеге мардымды жауап бере алмады. Ал бірқатар басқарманың алдағы үш жылға арналған бюджетімен таныстырған қалалық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егемберді Жолаушылар көлігі басқармасынан келесі жылы аялдамаларды орнату бойынша тапсырыс түспегенін жеткізді. Бұл мәселе комиссияның алдағы отырыстарында қосымша қаралады деп шешілді.
Тұрғын үй инспекциясы басқармасының басшысы Әлихан Қуатбеков жалпы мүлікті техникалық тексеруді келесі жылы аяқтауға қосымша қаржы сұрады. «Қала әкімі техникалық тексеруді 2018 жылы аяқтауға тапсырма берді. Биыл бұл мәселеге бөлінген 150 миллион теңгені игерудеміз. Негізі салынғанына 50 жылдан асқан үйлердің 800-ден астамын тексеру қалған еді. Бес жүзін осы жылы аяқтаймыз. Ал қалған
400-ге жуығын алдағы жылы аяқтау керекпіз. Оған тағы 115 миллион
теңге керек» деді ол. Комиссия мүшелері оның ұсынысын қолдау керек деген шешімге келді.
Қалада апатты ескі үйлер сүріліп, олардың тұрған орнында шағын бақтар жайқалуы тиіс. Келесі жылы елордада осындай 14 бақты салу жоспарлануда. Мұны айтқан Табиғи ресурстар және табиғатты пай­далануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев тиісті жобалық-сметалық құжаттар мен сарап­тама жасалғанын, конкурс өткізілгенін жеткізді. Оның айтуынша, Суворов және Біржан сал көшелеріндегі екі шағын бақтың құрылысы осы қараша айында аяқталуы тиіс. Ал қалғандарды алдағы жылы бітіруге 1 млрд теңгеден астам қаржы керек.
Құрылыс басқармасының басшысы Талғат Рыспеков Есіл өзенінің бесінші кезегінің бірінші, екінші және үшінші учаскелері құрылысын келесі жылы аяқтауға қосымша 832 млн теңге керектігін айтты. Бұл жұмыс су тасқынын алдын алу үшін маңызды екен.
Сондай-ақ, отырыста Жер қатынас­тары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Назымбек Кенжебаев, Тұрғын үй басқармасының басшысы Руслан Ахметов, Автомобиль жолдары басқармасының жетекшісі Асхат Қарағойшин аталмыш мемлекеттік мекемелердің мұқтаждықтарымен таныстырды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясында өз алаңында Красноярск қаласынан келген «Енисей» командасын қабылдап, 92:75 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған