«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Автожолдардың сапасын арттыруға не кедергі?

0 26

Жол-көлік инфрақұрылымының сапасы – әлемнің дамыған қалаларында айтарлықтай маңызды көрсеткіштердің бірі саналады. Сондықтан елорда әкімдігі қалаішілік жол қозғалысын үйлестіру ісінде халықаралық үздік тәжірибелерге сүйенуге мүдделі.Жол-көлік инфрақұрылымының сапасын анықтау, автомобиль жолдарының күтіміне бақылау жасау мақсатында ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылған болатын. Жаңа құрылымның жұмысы өте ауқымды және бүгінгі күні өте өзекті мәселеге айналып отыр.
– Біздің кәсіпорын облыс­тардың жол зертханаларының басын біріктіріп, оның жұмысын жетілдіру үшін құрылды. Бұған дейін аймақтағы зертханалар жол сапасын тексеріп, анықталған кемшіліктерді жоюмен күресіп келсе, ендігі міндетіміз бұрынғыдан да ауқымды. Орталық жалпыға ортақ пайдаланыстағы халықаралық, республикалық, облыстық маңыздағы автомобиль жолдарының және елді мекендердің, қала көшелерінің жол жұмыстары мен оған қолданылатын материалдардың сапасына сараптама жасайды. Автожолдарға қатысты барлық деректерді жинаумен, өңдеумен және талдаумен айналысады. Жол-көлік инфрақұрылымының қауіпсіздігін бақылайды, – «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағынов.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК жанынан 10 маусымнан бастап «Сапалы жол – Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі жұмыс істеп келеді. Жобалық кеңсе «Автожол» Geonomix ақпараттық жүйесін жүзеге асыру ұсынып отыр. Оның BTS Digital платформасында қалалық жолдардың сапасын нақты уақыт режимінде бағалап отыратын мобильді қосымша әзірледі. Ол жолдың барлық ақауларын және географиялық координаттарын көрсетіп береді. Қазіргі күні аталған жүйені астананың автобус желілеріне орнату үшін әкімдікке ұсыныс жолданған.
Қазіргі күні бас қаланың көлік-жол инфрақұрылымына, жол сапасына қатысты әлі де оң шешімін таппай жатқан мәселелер көп. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары да кемімей отыр. Әсіресе, жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын қайғылы жайттар өткір проблемаға айналған. Жыл басынан бері жол-көлік оқиғасынан 2216 адам зардап шегіп (426-сы жасөспірім балалар), 12 адам қаза тапқан.
Қозғалыс қауіпсіздігін арттыру үшін жол-көлік оқиғаларын алдын алу жүйесін жетілдіру, пәрменді бақылау жүйесін енгізу қажет. Жаңа жолдарды салғанда мемлекеттік-жеке меншік әріптес­тік нұсқасын қарастырудың және жолдардың өмірлік циклі шарттарын енгізудің маңызы үлкен. Шарттар ұзақ уақытқа бекітіліп, мұнда жолдарды жобалау, салу, күтімде ұстау және оларға жөндеу жүргізу жұмыстарын бәрін қамтуы керек. Аталған жаңашылдық қолданыстағы заңнамаға, нормативтік базаға өзгертулер енгізуді және жаңа басқарушылық шешімдер шығаруды қажет етеді.
Жол-көлік инфрақұрылымы сапасына қатысты шешілмей келе жатқан тағы бір проблема – жол құрылысының бағасы. Өкінішке қарай, бүгінде нарық бағасы жылдам өзгеріп тұрады. Көп жағдайда мердігерлердің конкурсқа қатысқандағы баға мен жол құрылысын салу кезіндегі баға екі түрлі болады. Құрылыс жүріп жатқанда битум, асфальт, асфальтбетон, қиыршықтас, басқа да қажетті материалдар құны о баста бюджетке салынған бағадан анағұрылым қымбаттап кетеді. Бұл мердігерлердің ақшаны үнемдеуіне итермелейді. Ол жолдың сапасын және салыну мерзіміне теріс әсер етеді. Соның салдарынан объектілер не белгіленген мерзімінде тапсырылмайды, не болмаса сапасы күмән тудырады.
Сонымен қатар, жол-көлік инфрақұрылымына инновациялық шешімдерді енгізуге және қазіргі заманғы материалдарды қолдануға әкімшілік кедергілер де кесірін тигізетіні бар. Дегенмен, жаңа технология бойынша, автожолдарды салуға кейінгі жылдары бетонды да пайдалана бастады. Бетонның бағасы қымбаттау болғанымен, сапасы жақсы, әрі асфальт жолға қарағанда ұзаққа төзімді. Асфальт жолдар 17-20 жылға есептелсе, бетон жолдар 25 жылға дейін шыдас береді. Әрине, ол үшін автожолдарды жүйелі күтімде ұстап, мерзімдік орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіп тұру керек.
Жол құрылысында жаңа технологияның бірі ретінде 3-4 жылдан бері қиыршықтасты-асфальтбетонды қолдана бастады. Бұл технология қазақстандық климатқа бейімделген.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры Замир Сағыновтың айтуынша, Қазақстанның климаты шұғыл континентті. Қыста -40-50 С аяз, жазда +40 С ыстық. Салыстырып айтсақ, Еуропаның жолдары -5 С +30 С-та жұмыс істейді. Сондай-ақ күндіз күн жылып тұрып, кешке аяқ астынан қатты аяз көтеріліп кетуі мүмкін. Немесе қыс ортасында жаңбыр жаууы таңқаларлық құбылыс емес. Мұның бәрі жолды ерте тоз­дырады. Сондықтан жол салғанда озық технологияны қолдана отырып, құрылыс материалдарының төзімді болуына аса маңыз берілуі тиіс. Қорыта айтқанда, еліміздегі көлік-жол инфрақұрылымын жетілдіру, автожолдың сапасын арттыру үшін жаңа технологияларды қолдану, жаңаша көзқарас қалып­тастыру керек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды