«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Автобус жүргізушілері  мониторингтен өтеді

0 16

Қалалық жолаушылар тасыма­лын­да өзгерістер енеді. Енді авто­бус­тарда жүргізушілердің хал-жағдайын мониторингтен өткізетін жүйе орнатылады. Заманауи жүйе қоғамдық көліктің қауіпсіздігіне мән беріп, қызмет сапасын арттыруға ықпал етеді.

Осы жөнінде «Астана LRT» ЖШС басқарма басшысының орынбасары Бейбіт Есжанов брифинг өткізді. Ол компанияның азаматтардан түсетін шағымдардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 60 пайыз, қоғамдық көлік саласында жүргізушілер тарапынан болатын құқық бұзушылықтардың саны 31,9 пайызға қысқарғанын айтты. Жүргізушілер тапшылығына қатысты көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға төмендеген.

«Дегенмен жүргізушілер қазірдің өзінде тапшы. Бұл бүгін қоғамдық көлікте қызмет көрсетіп жүрген жүргізушілердің тез шаршауына, олардың қозғалыс кезіндегі зейінінің төмендеуіне әкеп соқтырады. Біз автопарктармен бірлесіп, аталмыш мәселені шешіп жатырмыз. Бұл ретте, сандық технологияларды енгізу жолдары да назардан тыс қалмайды» деді ол. Сонымен қатар, екі автобуста пилоттық жоба аясында арнайы онлайн-мониторинг жүйе­сі орнатылатын болады. Олардың бірі – «Жүргізушілердің шаршауын бақылау жүйесі», екіншісі – «Айнала шолу жүйесі». Алғашқысы жүргізушінің бет қимылы, көлікті қалай басқарып келе жатқаны, оның көлікті бұдан әрі жүргізе алатындығы немесе алмайтындығына қатысты ақпаратты диспетчерге жіберуге мүмкіндік береді. Бұл жүйе әлемнің барлық елдерінде жұмыс істейді. Қауіпсіздік пен адам өмірі біз үшін ең басты фактор болғандықтан, біз оны Қазақстанда да енгізгіміз келеді» деп мәлімдеді IQ global corporation LLP директорлар кеңесінің мүшесі Ерлан Какенов. Екінші жүйе заманауи автомобильдерде кеңінен қолданылады. Ол жүргізушінің ұйықтап кетуіне жол бермей, адамның ұйқысы келгенін анықтаған бойда, дірілдеп, дыбыстық белгілер бере бастайды. «Бұл, шындығына келгенде, қарапайым жүйе. Десек те, жолдардағы апатты жағдайлардың санын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. Мұндай жүйенің арқасында көлікті басқарған адамның ұйықтап кету фактісіне орын жоқ» деді спикер.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды