«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аузынан ағарған үзілмесін!

0 13
Сайрамбай ДӨНЕНБАЕВ, «Қазақстанның Еңбек Ері», «Шәушен» шаруа қожалығының басшысы:

 – Бабаларымның ата дәстүрін жалғастырып, даланы малға толтырып, дәулетін асырып жүргеніме жиырма жылдан асты. Бұл кәсіппен әкем айналысқан, атам да төрт түлікті төлдеткен.
Дәулет еңбектенген жанға бітеді. Бабаларым маған ашатұяқ қалдырмаса да, олардан маған қамшысы қалды, ер-тоқымы қалды, малдың бабын тапқан ата кәсіптің құпиясын қалдырды. Иә, ол құпияны білмесең, құт келмейді. Мен де солардың ізімен қолыма қамшы ұстап, атқа қондым, мал соңына түстім, оның өнімін жаратуды жаңғырттым. Ата кәсібі дәстүрін өз білгеніммен толықтырдым.
Осы ілімнің арқасында даланы үйірлі жылқыға, қотанды қойға толтырып, ірі қараның санын кө­бейт­тім. Ел тәуелсіздігі кү­нінде Елбасының қолынан жоғары атақты алып тұрып «қарапайым қойшының баласымын. Сол шаруашылықта өсіп, бүгінгі таңда жұмыс жасап жатырмын. Бұл марапат қойшылардың марапаты деп түсінемін» деуімнің де сыры сонда.
Бұл марапат – ашаршылық жылдары бар малын халқына азыққа таратып беріп, ас­тындағы жалғыз атын да сойып берген соң дүниеден өткен атамның да сияпаты, өмірінде қой бағып, 100 қойдан 150 қозы алудың тәсілін үйретіп кеткен әкемнің сыйлығы, халқымның ата дәстүріне деген құрметі.
Халық та – Алланың бір аты. Лайым, халқымыздың өзегін талдырмасын, әрдайым дәулеті тасып, аузынан ағарған үзілмесін деп тілеймін. Сол үшін еңбек етіп жатырмын. Еңбек адамына құрмет көрсетіліп, шаруашылығымыз өрлеп жатса, несібеміз артып, халықпен бірге біз де гүлдене береміз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды