Пятница, 22 Сентябрь 2017
-->

Ауырмашы, Азамат

Ата-ана үшін байлық та, басқа да емес, «бауыр еті» баласының  дені сау болғаны маңызды. Елордалық Бәтима ананың басына түскен ауыр жағдай ешкімді бейжай қалдырмады.Ұлы Азаматтың аяқ астынан ауыр дертке шалдыққанына байланысты шырылдаған анасы мен достары көпшіліктен көмек сұрауға мәжбүр. 

23

2000 жылы туған Азамат Сыдықов Астана қаласындағы Назарбаев интеллектуалды мектебінің 11-сынып оқушысы. Оқуда озат бала робототехника саласымен айналысып, келешекте мықты университетке түсуді ойластырып жүргенде, жаман дертке шалдығады. Шетелдік ЖОО-ның грантын жеңіп алу жолында әбден дайындалған Азаматтың кенеттен оқу үшін емес, өмір үшін күресі басталды.

«Қараша айында балам жүрегі ауырып жүргеніне шағым айтты. Бірден Ұлттық кардиологиялық орталыққа барып, ЭКГ жасаттық. Ондағылар нәтижесі жақсы деді. Ал желтоқсан айында Азаматтың буындары ауыра бастады. Дегенмен травматологтың, ревматологтың, сонымен қатар рентген қорытындысы ешқандай аурудың жоқтығын көрсетті. Буын ауруларына енді бас ауруы қосылды. Жаңа жылдан кейін Азамат оң аяғын ақсап басуды шығарды. Нев­ропатолог МРТ жасағаннан кейін, «омыртқаның қисаюы» деген диагноз қойды. Екі кезең бойынша дәрі-ине салып, емдеу­ді бастадық. Одан да жақсармады. Келесі біз барған невропатолог та тура сондай диагноз қойып, ем-домды жалғастыру керектігін айтты. Осыдан кейін оның қимыл қозғалысы баяулап кетті» дейді Азаматтың анасы Бәтима Мәжитқызы.

Ақпан айында білім ордасынан хабарласып, баланың жағдайы ауыр екенін айтқанда, ана байғұс есінен тана жаздаған. Сол күні Азамат Нейрохирургия орталығына жеткізіліп, жедел түрде диагностикалық тексеруден өтеді. Дәрігерлер ұлына «бас миының ісігі» деген диагноз қояды. Екінші сатысы болғандықтан, шұғыл түрде ота жасау қажеттігін ескертеді.

Сонымен, 23 ақпан күні Азаматқа алғашқы ота жасалады. Ең өкініштісі, осы отадан кейін Азамат аяқ-қолын қозғалтпақ түгіл, көзін де ашпаған. Жансақтау бөлімінде жеті күн жатқан балаға наурыз айында химиялық емдеу тағайындалады. Ол үшін Оңтүстік Кореяның Северанс қаласындағы клиникаға жолдама беріледі.

Әрине, шетелге шығу оңай емес. Қозғалыссыз жатқан Азаматты сонау Кореяға апаруға 3 млн 800 мың теңге тек жол шығынына кеткен. Мұндай қомақты қаржыны Азаматтың оқыған мектебі көтерген. Ал Кореяда жедел жәрдемнің бір реттік шақырту құны – 60 мың теңге.

Қазір Азамат сол елдің клиникасында жатыр. Химиялық емдеу­ді бастап кетті. Екі аптадан кейін жұлынын сәулемен емдемек.

Ең қиыны, алатын еміне 25 мың доллар кететінін шетелдік клиника алдын ала болжап отыр. Сәулемен емдеудің құнын 50 мың долларға бағалапты. Осыдан кейін гемоэтикалық жасуша трансплантация­сына 100 мың доллардай қажет деп таныпты.

Күні кеше арнайы Азамат үшін ашылған «Инстаграм» желісіндегі парақшаға жанашыр достары қуанышты хабар жеткізді.
«Сүйінші! Азамат есін жиды. Бәрін естиді әрі түсінеді. Өкінішке қарай, көзін ашпады. Сөйлемейді. Бірақ қолын көтеріп, айтқан нұсқау­ларды орындайды. Қазір Азамат әлі де тексеруден өтеді. Ондағы профессорлардың болжамы бойынша Азаматтың еміне тез арада 25 млн теңгедей жинау қажет. Өмір үшін күресіп жатқан Азаматқа бәріміз ақша жинап, өмір сүруіне мүмкіндік берейікші. Біз сіздердің рухани қолдауларыңыз­ға, материалдық көмектеріңізге және дұға-тілектеріңізге мұқтажбыз!» делінген жазбада.

Айта кетейік, бұған дейін Азаматқа қол үшін созған – оқыған мектебі мен ондағы достары. Олар қайырымдылық кешін ұйымдастырып, бірталай қаражат жинаған. «BI VILLAGE» қалашығының тұрғындары болса 100 мың теңге берген. Осылайша, бас-аяғы 881 000 теңге жиналыпты. Азаматтың анасы – университетте оқытушы. Әкесі мен ағасы бар. Енді осыншама қаражатты табу оңайға соқпайды. Жалғыз үйлерін де сатуға шығарған. «Өмірде барлық нәрсе болады. Азаматыма жасаған жақсылықтарыңыз Алладан еселеп қайтады. Ұлымның өз аяғымен тұрғанын жан-тәніммен, жүрегіммен қалаймын. Мені баласы бар аналар түсінеді» дейді көкірегі қарс айырылған ана.

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ,
«Астана ақшамы»

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Один комментарий

  1. Менің өз елімнің медицинасына көңілім толмайды . Адам ауырганда бірінші көмекті жасауын жасайды бирақ журектен ауырып дем жетпей жатсада алып кетпейді. жедел жəрдем портал деген бəле шыккан порталга анализ тапсырып жургенде ак ауру аскынып кауіп тудыруы мумкін гой. Денсаулық министрликтері осы жөнинде билема екен.скорыйга не ушын алып кетпейсіз журек деген кауіпті гой десек биздерге неге əкелдіңдер деп урысады дейді сонда дəрігердің меншік емханасы болганыма сол денсаулык мəселесін қолға алса екен емханага жату қарапайым адам ушын оте қиын өз елімізде емес өзге елде жасап жатқан куйде боласың.Өтініш денсаулык терең байлық адам жанының арашасы деген атка лайықты болатындай жумыс жасаса екен ақ халатты абзал жандар.

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*