«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ауылшаруашылық жәрмеңкесі – дастарқанның берекесі

0 21

Өткен сенбіде елорда төрінде Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелері өтті. Жәрмеңкеге ертемен келген қала халқы «Зенченко», «Масло-Дел», «Максимальный размах», «Гормолзавод», «Нәтиже», «Родина» агрофирмасы», т.б. жергілікті өнімдерінің кезегіне тұрды. Таңертеңгі сағат 9:30-да елорда әкімі Алтай Көлгінов жәрмеңкеге келіп, қала тұрғындарымен пікірлесті.

Елорда күні мерекесінде бас­талған ауылшаруашылық жәрмеңкесінде күні бүгінге дейін 14 облыс 30 жәрмеңке өткізіп, 7 мың тоннадан аса өнімдер сатылған. Қала тұрғындары табиғи таза өнімдердің жоғары сапасы және бағаның қолжетімділігі үшін әкімге алғыстарын білдірді.
Соңғы жәрмеңкеде елордаға 1200 тонна өнім жеткізілген. СҚО әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыс биыл да жақсы өнім жинап, өз өнімдерін экспорттауда, бағасы 20 пайыз­ға төмен әрі табиғи таза өнім болғандықтан, СҚО өнімдеріне кезекке тұрғандардың қарасы көп. Ал Ақмола облысының әкімі Ермек Маржикпаевтың айтуынша, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне 200 млн теңгеден астам соманы құрайтын 500 тоннадан астам өнімнен бөлек, бақша ағаштарының көшеттері де жеткізілген.
– Осы күнге дейін барлығы 30 жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда 7 мың тоннадан астам өнім астаналықтарға ұсынылды. Оның ішінде 700 тоннадан астам ет, 300 тонна сүт және сүт өнімдері, 200 тонна көкөніс жеткізілді. Және баға да нарықтан – 10-15, кейде 20 пайызға де­йін төмен болды. Бүгін екі облыс биылғы жәрмеңке кезеңін аяқтап отыр. Біз бұл практиканы одан әрі жалғастырамыз. Ендігі уақытта ірі мереке күндері ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Атап айтқанда, 1 желтоқсан, 16 желтоқсан және жаңа жылда өткіземіз. Мақсат – елорда халқын жиі тұтынатын азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, – деген Нұр-Сұлтан қаласының әкімі ­Алтай Көлгінов ауыл шаруа­шылығы жәрмеңкесіне белсене қатысқан барлық өңірдің еңбеккер азаматтары мен диқандарына, басшыларына елорда тұрғындары атынан алғыс білдірді.Жуырда өткен жиында Президент Қ.Тоқаев «Қала маңындағы ауыл-аймақтар елорданың азық-түлік белдеуі ретінде жұмыс іс­теуі тиіс. Ол жерлерге түрлі өндіріс, кәсіпорындарды орналастырған абзал. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысының әкімдеріне дамыту жоспарын үйлестіруді тапсырамын. Өйткені екі өңір де бір агломерацияға кіреді» деп Нұр-Сұлтан қаласының әкіміне Ақмола, Қарағанды және Павлодар облыстарының басшыларымен бірлесіп, тауар өндірушілер мен сауда желілері арасында тікелей байланыс орнату мәселесін реттеуді тапсыр­ған болатын. Бұл орайда елорда басшысы «Сондай-ақ бізде тұрақтандыру қоры арқылы осы қазан айында 6 мың тонна ұн сатып алынды. Ол өз кезегінде елордада нан бағасының өспеуіне септігін тигізеді» деп елордада маңызды азық-түліктің баға тұрақтылығын сақтап тұруда аталған жәрмеңкелердің маңыз­ды рөл атқаратынын айтты.

Жадыра ШАМҰРАТОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды