«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аурудың белгісін емес, себебін іздейік

0 69

Бас ауырып, жүрек сыздаса, барлығымыз білікті дәрігерге көрінгіміз келеді. Ондай дәрігерлер елордада жоқ емес, бар. Бірақ олардың алдына жету кей кездері қиынға соғатыны ақиқат. Себебі неде дейсіз ғой, өйткені олардың барлық науқастарды қарауына мүмкіндігі жетпейді.

Осы ойымнан шығатын қорытынды, ақ желеңді жандарға ерекше көңіл бөліп, олардың кәсіби тәлімін арттыруға жол ашу керек. Әсіресе, стационарларда жұмыс істейтін дәрігерлерге қиын. Жалақысы төмен. Сол себепті таңғы сегізден кешкі сегізге дейін бір жарым ставка үшін жұмыс істейді. Олардың да отбасы бар, балаларын өсіріп, жақсы жерде демалып келгісі келеді. Тіпті ауысымын атқарып, келесі дәрігерге тапсырған кезде де екі сағат компьютерде ауруға қатысты одан да басқа статистикалық мәліметтерді түгендеп тағы отырады. Мүмкін бұл жұмысты маңызды болса да оны атқаратын орта деңгейдегі медицина қызметкерлеріне тапсыруға болмай ма? Он бір жыл оқыған дәрігердің уақытын бағалау қажет. Оның біліктілігі қағазбастылықпен емес, ауруға дұрыс диагноз қойып, емдеуімен есептеледі.
Ақыры әңгіме басталған соң, өзімнің тәжірибеммен бөлісейін. Бұрындары рентгеннен басқа қазіргідей аппарат жоқ болатын. Адам ауырып алдымызға келгенде, оның бойындағы өзгерісті анықтау үшін бірден жүректен бастап асқазан, ішекті түгел тексеретін едік. Бүгінгі күнде аурудың белгісін емдейді, себебін іздемейді. Қазір клиникалық ойлау деген жоқ, аппараттарға әбден сеніп алған. Бұрын әріптестерімізбен ақылдасуға ұялмайтынбыз. Бұрын айына бір рет біздерге бас терапевт өзекті тақырыпта сабақ өткізетін, тәжірибемен алмасатын. Терапевтік қауымдастық болатын.
Жасыратын несі бар, терапевттер ауруларға бұрынғыдай қарамайды. Білігі жоқ дәрігер алдына келген ауруды «анда бар, мұнда бар» деп басқа мамандарға ысырып салып, әуреге салады. Осы күнге дейін науқасты кушеткаға жатқызып, ішкі органдарын тексергенін көрген емеспін. Тұрған адамның бауырын саусағының ұшымен асығыс басып, орағытып өтеді. Бауырдың тұрған жайында басқа жатқандағы сезімталдығы тіпті бөлек. Егер адамды жатқызып тереңірек басса, қай жерінің ауыратынын дәрігер білмейді емес, білер еді. Бұрындары анамнез жинайтынбыз. Ауру неден басталды, неше күн болды, белгісі қандай деген сұрақтардың жауабын ерінбей тыңдап, клиникалық көрінісін анықтайтынбыз. Қазіргі дәрігерлердің оған уақыты жетіспейді.
Тағы бір нәрсе, ағылшын тілі дәл дәрігерлер үшін өте қажет. Медицина саласының жаңалықтарын алдымен ағылшын тілінде оқуы керек. Тәжірибеден де Корея, Израиль және Германия сияқты елдердің ірі клиникаларынан өткені дұрыс. Ал тіл білмесе, оның реті қалай болады? Осының бәрін ойластырып, дәрігерлерге жағдай жасамаса, жағдайдың түзелуі қиын. Олардың біліктілігі алдымен бізге керек, егер осы қалпында қалса, халықтың денсаулығын жақсарту оңайға соқпасы анық. Түптеп айтқанда, дәрігерге де дәрмен керек.

Бақыт АМАНБОЛ,
зейнеткер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды