«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Әулеттің өнер әлемі

0 72

Тәуелсіздік сарайында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Астананың 20 жылдығына арналған «Ақанаевтар әулеті» атты көрме ашылды. Оның ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

Әулеттің үлкені, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстан Республикасы Көркем­өнер академиясының президенті Амандос Ақанаев биыл мерейлі жетпіс жастың жотасына шығып отырса, оның шығармашылығына жарты ғасыр толып отыр. Аталмыш көрме қылқалам шеберінің өміріндегі осы айтулы даталарға да арналды.
Көрмеге бейнелеу өнерінің әртүрлі жанрындағы, «Ғарыш», «Тарих», «Табиғат», «Көшпенділер», «Ежелгі аңыздар» тақырыптарын қамтыған 150-ден астам картина қойылды. Соның ішінде «Менің замандастарым» атты жанрлық портреттер топтамасы үлкен орын алады. Бұған 20-дан аса картина енген. Соның ішінде Елбасыдан бастап, өнер, білім, ғылым, әдебиет салаларына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалардың портреттері бар. Атап айтсақ, белгілі сыншы Сағат Әшімбаевтің, ақын Жарасқан Әбдірашұлының, мемлекет қайраткері Мақсұт Нәрікбаевтің, т.б. белгілі адамдардың бейнелері кескінделген. Суретші аталмыш жобаға он жылдан астам уақытын жұмсады. Алда тағы бұл жұмысты жалғас­тырмақ.

Тәуелсіздік сарайына Амандос Ақанаевтың және оның отбасы мүшелерінің туындыларымен қоса Қытай суретшілер одағының мүшесі Сюй Инлидің де картиналары қойылды.
Экспозиция кенепке салынған картиналардан, коллаж, рельефті кескіндеме, графика, қабырғадағы суреттердің нобайлары және инсталляциялардан тұрады.
Суретші Ақанаевтар әулетінің қалыптасқанына көп жыл болды. Оның басында Амандос Ақанаев пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нэлли Бубэ тұр. Балалары Русланның, Ботагөздің, Ескендірдің картиналары да Қазақстанда және шетелде танымал. Немерелері Аспарух, Мұхит, Рада, Глеб, Александра және Мұхиттың зайыбы Дарина да шығармашылықпен айналысады. Олардың туындылары да отбасылық көрмелерде көпшілік назарына ұсынылды.
«Ақанаевтар әулеті» көрмесі 9 тамызға дейін жалғасады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды