АУЛАЛАР ТҮГЕЛ АБАТТАНБАЙ ТҰР

Астанада төртінші ауданды ашу мәселесі қаралып жатыр. Қалалық мәслихаттың Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік мәселе­лері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында бұл туралы Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерғали Егем­берді мәлімдеді. Елордадағы үш аудан мен бірқатар басқарманың алдағы жылдарға арналған бюджетімен таныстырған ол жаңа аудан жөнінде аздаған мәлімет бере кетті.

 АСТАНАДА ТӨРТІНШІ АУДАН АШЫЛА МА?

Оның сөзінен түсінгеніміз, бұл мәселе алдымыздағы екі-үш айда шешілуі тиіс. Жаңа аудан шекарасына Өндіріс, Кирпичный тұрғын алаптары кірмек. Аудан ашылған кезде оны дамыту бағдарламасы жасалады. Бұл бағдарламаға абаттандыру, көгалдандыру мәселелері міндетті түрде енгізіледі. Мұ­ның себебі, аудандарда аулаларды абаттандыру жағынан түйткілдер бар.Мәселен, Сарыарқа ауданында – 338, Есіл ауданында – 41 аула абаттандыруды қажет етеді. Алайда отырыста мәслихат депутаттары барлық проблеманы бюджет бойынша баяндама жасаған аудан әкімдері орынбасарларының ауыздарынан суырып алғандай болды. Баяндамашылар депутаттардың алдына «аш құлақтан, тыныш құлақ» деген оймен шыққан болуы керек, олардың сөздерінен аудандардың болашағына деген немқұрайдылықты байқадық. Бұл жайт «Бюджеттен алдағы жылдарға бөлініп отырған қаржы аудандардың тыныс-тіршілігіне жетеді, жетпейтін болса, алда көре жатармыз» деген сөздерінен аңғарылды.Алдымен Алматы ауданы әкімінің орынбасары Тынысбек Арашапов есеп берді. Оның айтуынша, келесі жылы ауданда бас-аяғы 20 спорт алаңы салынады. Баяндамадан кейін мәслихат депутаты Рамзия Умербаева: «Спорт алаңдарының санын айттыңыз. Жеткілікті деп ойлайсыз ба? Қаланың шеткері аймақтарына олар салына ма?» деген сұрақтарды қойды. Бұған баяндамашы: «Биыл ауданда 20-ға жуық алаң салынды. Келесі жылы бюджеттен бөлінетін қаржыға да осыншама алаң салмақпыз. Негізі жыл сайын осы шамадағы жаңа алаңдарды пайдалануға берудеміз. Шеткері аймақтарды да ұмытқан жоқ­пыз. Олардың қатарында Интернациональный, Железнодорожный кенттері бар» деп жауап берді.Сарыарқа ауданы әкімі­нің орынбасары Талғат Рахман­бер­­дінің сөзінше, ауданда лифттер бойынша түйткілдер бар. Аудан әкімдігі қалалық Тұрғын үй инспекциясы басқар­масымен бірігіп, бұл мәсе­лені мүмкіндігінше шешуде. Мәселен, келесі жылы шамамен алғанда 15 лифтті ауыстыру жоспарланып отыр.

89 КӨШЕДЕ ЖАРЫҚ ЖОҚ

 Отырыста депутаттар оған біраз сұрақтарды қойды. Соның бірі қаланың шеткері аймақтарында тұратын балалар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын ұйымдастыру туралы болды. «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының ая­сында кәсіпкерлердің кө­ме­гімен Өндіріс тұрғын алабында үлкен спорт секциясын ашпақпыз. Бұл секцияны алдағы желтоқсан айының басында ашамыз деп отырмыз. Келесі жылы мектептердің аулаларына спорт алаңдарын салуды жоспарлап қойдық. Сондай алаң №21 мектептің ауласында орналасады. Бәлкім, Кирпичный тұрғын алабына да салармыз» деп жауап берді Талғат Рахманберді.Депутат Зейнолла Шібкенов осы аудандағы жарықтандыру мен сумен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. «Мен басқа­сын айтпай-ақ қояйын, өзім сайланған округте (Өндіріс тұр­ғын алабы – А.Қ.) 112 көше бар. Олардың 22-сі ғана жа­рықтандырылды. Ал қалған 89 көше бойынша жұмыс­тың қозғалатын түрі жоқ. Қазір аймақта колонкалар­ды да ағытып тастады. Халыққа су құбырына өздеріңіз қосы­лыңыздар деп айтылды. Оған кімнің шамасы келеді? Бұған 1,5-2 млн теңге керек. Қарапайым жұмысшыда мұндай ақша қайдан болсын? Мен бұл мәселені көтеріп, кәрізді былай қойғанда, арда­герлерге су тартып бе­ріңіздерші деп өтіндім. «Бұл аймаққа инвестор келеді» деген жауапты естідім. Қай инвестор оған келе қойсын?» деп ашына сөйледі.             Оған мардымды жауап бере алмаған Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары басқа сұраққа көшіп, биыл 22 аула абаттандырылғанын жеткізді. Оның сөзінше, келесі жылы 6 аула абаттандырылуы тиіс. Депутаттар болса, алдағы жыл жоспарының аздығына назар аударды.«Аулалардың көлемі әр­түрлі. Кейбір аулалар 200 шар­шы метрді құраса, кей­біреулері 1000 шаршы метрді құрайды. Сондықтан абаттандыру жоспарында едәуір айырмашылықтар кездесіп отыр. Бізде 338 аула абаттандырылуды қажет ете­ді. Бірте-бір­те бұл мәселені шешудеміз» деп жауап берді әкім орынбасары.
ҚАР ТАЗАЛАУҒА ҚАНША ҚАРЖЫ БӨЛІНЕДІ?

Мәслихат депутаты Аман Аюпов техникалық парктің аумағында қыс кезінде қар уақытында тазаланбайтынын айтып, аудан бұл тарапта қандай шара қолданып отырғанын сұрады. «Биыл бұл жұмыспен «Дос Астана» компаниясы айналысуда. Әрине, келесі жылы да аталмыш жұмыс жалғасады» деген Талғат Рахманбердіге «Ме­нің кәсіпорным сол аумақта орналасқан. Қыста мердігерді келтіру қиындық тудырады. Техникалық паркте қар айына бір рет қана тазаланады. Сіз оны жақсы білесіз. Жалпы ол аймақтың қарын тазалауға бюджеттен қанша қаржы бө­лінді?» деп қарсы уәж айтып, сұрақ қойды. Оған аудан әкімдігі жазбаша жауап беретін болды.Есіл ауданы әкімінің орынбасары Елнар Уахитовқа қойыл­ған сұрақтар шеткері ай­мақ­тарды абаттандыру, көлік тұрақ­тарының жетіспеуі, Пригородный кентінде халық­тың бос уақытын өткізуге ар­налған клуб пен зейнеткерлер демалатын шағын бақтардың болмауы туралы болды.«Бүгінгі күнге 200 аула бойынша жобалық-сметалық құжат жасауды аяқтап қалдық. Бұл жұмыс аяқталған соң мә­селені ПИК және жергілікті қауымдастықтар өкілдерімен талқылаймыз. Жалпы алғанда ауданда 41 ауланы абаттандыруымыз қажет. Олардың 10-ын келесі жылға қойып отырмыз. Барлық аула бойынша тиісті жұмысты жақын екі-үш жылда аяқтаймыз деп ойлаймын» деп жауап берді аудан әкімінің орынбасары.Оның айтуынша, тұр­ғын үйлердің жобасын әзірлеу­шілермен көлік тұрақтары бойынша тиісті жұмыс жүр­гізілуде. Бірақ аумақтың негізгі бөлігі балалардың ойын алаң­дарына, футбол алаңы және спорттық жаттығуларды жасайтын құралдарға бөлінуде.Сондай-ақ, отырыста Қаржы басқармасының басшысы Әліби Жұмаев, Коммуналдық мүлік және мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы Ерсін Өтебаев және Жолаушылар көлігі басқармасының басшысы Бекмырза Игенбердинов тиісті басқармалар бюджеті туралы есеп берді. Өткенде соңғы аталған баяндамашының орынбасары аялдама павильондарын орнату жөнінде мардымды ақпарат бере алмап еді, бұл жолы басшы депутаттарға бұл мәселені түсіндіре алды.

ЖЫЛЫ АЯЛДАМАЛАРҒА БАСЫМДЫҚ БЕРІЛЕДІ

«Қала әкімінің шешімімен аялдама кешендерінің құры­лысы және жаңғыртылу жобасы «Астана» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына тапсырылды. Аталмыш компания бұл күндері инвестормен келісімшартқа отырды. Биыл бірнеше аял­даманың құрылысы басталады. Біз бұл жұмысты үйлестіріп отырмыз. Жылы аялдамаларды орнату жағынан басымдық қай аумақтарға берілу керектігін шештік. Инвестор айына 30-50 жылы аялдама павильонын орнатуды жоспарлап отыр. Жұмыс аялдамаларды орнату және көшіру бағыттарында жүргізіледі. Негізгі басымдық халық көп жиналатын жерлерге беріліп отыр. Яғни, емханалар, ауруханалар маңайында орнатылады. Қалада аялдамалар мүлде орнатылмаған орындар бар. Келесі жылы кем дегенде 200-250 жабық павильон сол орындарға көшіріледі» деді Бекмырза Игенбердинов. Отырыс соңына қарай қа­ла­лық мәслихаттың Бюджет, экономика, өнеркәсіп және кә­сіпкерлік мәселелері жө­нін­дегі тұрақты комиссияның төрағасы Мирас Шекенов аудан әкімдерінің орынбасарларына келесі жылы абаттандырылатын аулалар бойынша толық мәліметті тапсыруды ұсынды. Сарыарқа ауданына қосымша бұл жұмыстың өткен төрт жылдағы қорытындысының есебін ұсынуды айтты.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

АСТАНАДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ЖЕҢІС

«Астана» баскетбол клубы ВТБ лигасы аясында өз алаңында Красноярск қаласынан келген «Енисей» командасын қабылдап, 92:75 …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған