«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аула қашан абаттандырылады?

0 36

С.Сейфуллин көшесіндегі №10 үйдің ауласы Сарыарқа ауданының биылғы абаттандыру жоспарына кірмей қалған. Сол себептен бұл үйдің тұрғындары осы мәселені жеделдету үшін жақында қалалық мәслихатқа өтінішпен шықты. Олар соның ішінде аулаға жаңа ойын алаңы керек деп отыр. Тұрғындармен кездесуге мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов және Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Ержан Жәкубаев барып, жағдаймен танысты.

Бұл қалалық мәсли­хатқа аталмыш мекен­жай­дан түскен алғашқы өтініш емес екенін айта кетейік. Осыдан жарты жыл бұрын осы үйдің бір пәтер иесі үй тұрғындары шатырды жөндеу жұмыс­тарына қатысудан бас тартқандықтан соңғы қабаттағы пәтер иелері зардап шегіп жатқанын жеткізіп, шағымданды. Жағдайды анықтау барысында басқа да түйткілді мәселелер шықты. ПИК және Сарыарқа ауданы әкімдігінің өкілдері біріге отырып мәселені шешеміз деп уәде берді. Артынша тұрғындарға «Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылықты жаңғырту»
бағ­дарламасына қатысуға ұсыныс жасалды. Алайда тұрғындар одан бас тартып, шатырды өздері жөндеуге кірісетіндерін айтты.
Бұл жолғы мәселе бо­йынша үй тұрғыны Ахедьяр Мырзақұлов былтыр аудан әкімдігі үй ауласын абаттандыруды осы жылдың жоспарына енгізуге сөз бергенін жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Ержан Жәкубаев аудандық бюджет бұған мүмкіндік бермегенін айта келе, алдағы жылы абаттандырылатын аулалардың тізімі жасалғанда міндетті түрде сол тізімге бұл ауланы бірінші қосатынын атап өтті.
Кездесуде тағы бірнеше мәселе анықталды. Көптеген көліктер қаладағы кептелісті айналып өту үшін осы үйдің ауласы ішімен жүретін болған. Бұл жағ­дай халықтың өміріне қауіп тудырып отыр. Осыған байланыс­ты пәтер иелері аулаға шлагбаум орнатуды және тұрғындардың автокөліктеріне арнап шағын авто­тұрақ ұйым­дас­тыруды өтінді.
«Бірінші подъездің алды көктем және күз ай­­ларында көл болып жатады. Үйіміздің жаны­нан биік үй салғанда деңгей ескерілмеген. Соның салдарынан біздің үй тө­­менде қалып, жаңбыр және қар сулары бізге қарай ағып, жертөлені су басуда. Үй болса ақырындап дым тартып бұзылуда» деп қын­жыла айтқан А.Мырза­құлов тағы бір мәселенің шетін шығарды.
Мәслихат хатшысы Жа­нат Нұрпейісов аудан әкімінің орынбасарына тұрғындардың шағымдарын ескеріп, ауланы абаттандыру жұмысы кезінде жиналған суды арнайы су ағызу жүйесі арқылы ағызып жіберуді ойлас­тыруды тапсырды. Ал шлагбаум орнату мәселесі бо­йынша полицияға жүгініп, арнайы рұқсат қағазын алу керектігін айтты.
Бірақ шлагбаумды тұр­ғындар өздері орнату қа­­­жеттігін, бұл кедергі қон­­дырғысы жаңа тәртіп бо­­йынша электронды түрде көтеріліп, түсіп тұ­ру керектігін немесе бұл қыз­метті атқаратын кі­сі жалдау қажеттігін ес­кертті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды