«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аула клубтары кімге қарайды?

0 23

Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының заңдылық, құқықтық тәртіп және қоғаммен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында елордадағы аула клубтарын дамыту тұжырымдамасы жобасы талқыланды. Бүгінгі таңда қалада 21 аула клубы жұмыс істейді. Мұндағы үйірмелерге 3,5 мыңнан аса бала барады. Алайда аула клубтарына қатысты түйткілді мәселелер аз емес.

БІЛІМ БАСҚАРМАСЫНА БЕРУ ҰСЫНЫЛДЫ

Тұрақты комиссияның отырысында қаладағы аула клубтарын дамыту тұжырымдамасы жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық даму істері басқармасы басшысының орынбасары Жүсіп Жұмағұлов баяндап берді.
Қазіргі кезде қаладағы аула клубтарындағы тәрбие­ленушілерінің 98 пайызы 14 жасқа толмаған. Олар жастар болып саналмайды. Сонда да, аула клубтары жұмысын «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы ұйымдастырып отыр. Білім және ғылым министрлігі бекіткен ережеге сәйкес бұл жұмыс осындай орталықтардың міндетіне кірмейді. Сондықтан аула клубтарын Білім басқармасына беруді, яғни орта мектептердің жанынан ұйымдастыру ұсынылды.
Бұған қоса, осы күндері аула клубтары жұмысында бірқатар проблемалар анықталды. Басты мәселе – клубтардың жертөлелерде орналасып, тиісті санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға жауап бермейтіндігінде болып отыр. Үйірме жетекшілерінің жалақысы да төмен. Аула клубтарын аудандарға бөлуде тепе-теңдік те сақталмаған. Мәселен, Есіл ауданында үш клуб қана ашылған. Ал ата-аналардың тарапынан осындай клубтарды ашу өтініштері көптеп түсіп жатыр.

МЕКТЕПТЕРДІҢ МҮМКІНДІГІ ЖОҚ

«Елорданың климаттық жағ­дайы ашық алаңдарда спортпен және басқа сабақтармен айналысуға мүмкіндік бермейді. Аула клубтары тапшылығын жою мақ­сатында оларды 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап орта мектептер мен колледждердің спорт залдары мен салтанаттарды өткізу залдары базасында құруды жоспарлап отырмыз. Қазір клубтарды ұстаудың бірыңғай мақсатын анық­тау­ы­мыз керек. Жаттықтырушылар мен ұстаздарда біліктіліктерін дәлелдейтін құжат болуы тиіс. Аула клубтары жұмысына тұрақты түрде жауап беретін органды да белгілеуіміз қажет. Осының бәрі көп қаржы салмай-ақ қала аумағында аула клубтарын көбейтуге мүмкіндік береді» деді Ж.Жұмағұлов.
Алайда Білім басқармасының бұл клубтарды басқаруға құлшынысы жоқ. Оның да белгілі бір себептері бар. Аталмыш басқарма басшысының міндетін атқарушы Бағлан Сматаева қаланың шет аймақтарында орналасқан кейбір мектептерде үлкен қоғамдық орталықтар ашылғанын айтады.
Оны қалалық мәслихат депутаттары Рамзия Өмірбаева мен Зәуре Жүсіпова қостады. Басқа-басқа, осы депутаттар орта мектептердің жағдайын жақсы біледі, екеуі де – мектеп директорлары. Олардың пікірінше, қазіргі жағдайда аула клубтарын мектептерге көшіру мүмкін емес. Орта білім беру орындарының тығыздығы бұған мүмкіндік бермейді. Алғашқысы соның салдарынан өзі басшылық ететін А.Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназия­да инклюзивті сынып аша алмай отырғанын айтады. Спорт залдар да кешкі сағат 7-8-ге дейін бос болмайды. Себебі осы уақытқа дейін дене шынықтыру сабақтары өтеді.
Аула клубтарын дамыту тұжырымдамасы 2023 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Қалалық мәслихат депутаттары аталмыш құжатты қайта қарап, жетілдіру керек деп есептейді. Сондай-ақ олар «Кирпичный», «Өндіріс», «Шығыс Ильинка» тұрғын алаптарында, басқа да осы сияқты шет аймақтарда осындай клубтарды ашу керектігіне назар аударды.

Бағлан Сматаева,
Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Қазір барлық мектептерде шығармашылық үйірмелер мен спорттық секциялар жұмыс істеп жатыр. 16 мыңнан астам бала ақысыз негізде қосымша білім алып жатыр. 7 мыңнан аса жеткіншікке жеңілдіктер қарастырылған. Ал аула клубтарына балалар ғана емес, 29 жасқа дейінгі жастар да барады. 18 жастан асқан адамдарды мектептер қамти алмайды. Оның үстіне қалада үш ауысыммен оқытатын мектептер әлі бар. Сондықтан аула клубтары жұмысын үйлестіруге біздің шамамыз келмейді.

БАС ҚАЛА БЮДЖЕТІН ТАЛҚЫЛАУ БАСТАЛДЫ

Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларында 2020-2022 жылдарға арналған елорда бюджеті жобасын талқылау басталды. Алғашқылар ретінде қала әкімінің аппараты, Полиция департаменті, Қоғамдық даму істері басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті бюджеттері таныстырылды.
Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев бас қала бюджеті бұрынғыдай әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталғанын айтады. Оған ең төменгі күнкөріс деңгейінің артуы, білім беру саласын қаржыландыру және әртүрлі жеңілдіктерге ие азаматтарды әлеуметтік қолдау жұмыс­тарының күшейтілуі дәлел.
Баяндамашы депутаттарды осы жылдың 9 айындағы Нұр-Сұлтан қаласының әлеу­меттік-экономикалық даму қорытындыларымен таныс­тырып, алдағы үш жылға арналған елорда бюджеті жобасының негізгі параметр­лерін ұсынды.
Бюджет жобасын талқылау барысында депутаттар барлық айтылған ұсыныстар мен көрсетілген проблемалар назардан тыс қалмай, үш жылдық бюджетті орындау барысында шешілетініне сенім білдірді. Жоғарыда көрсетілген бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджеттерінің жобаларын мақұлдады.

«СЕРГЕК» ЖОБАСЫ ТИІМДІЛІГІН ДӘЛЕЛДЕДІ

Елордада ІТ саласын дамыту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында екі жылдан бері «Сергек» жобасы жүзеге асырылуда. Мемлекеттік жекеменшік әріптес­тік аясында басталған бұл жоба 13 мың бейнебақылау камерасын орнатуды және біріктіруді көздейді. Бұған қаланың 400 жол қиылысында және 300 желілік учаскелерде ақпараттық-бағдарламалық кешендерді, адамдар көп жиналатын жерлерде 4 мың бейнебақылау камерасын орнатып, өзге 3 мың осындай камерамен бір жүйеге келтіру жұмыстары кіреді. Бұл туралы қалалық мәслихаттың көпшілік тыңдауларында Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Ерлан Бекмырзаев баяндады.
«Сергек» жобасы екі кезеңге бөлінген. Оның бірінші кезеңін жүзеге асыру өткен жылы аяқталып, бейнебақылау камералары қаланың коммуналдық меншігіне берілді. Қазір екінші кезең жұмыстары бойынша камераларды орнату толықтай аяқталды. Яғни, жоба 100 пайызға орындалды. Соның арқасында елорда жолдары еліміздің ең қауіпсіз жолдарына айналды. 2018 жылы 2017 жылмен салыстырғанда жолдағы өлім-жітім екі есеге, 60 өлімнен 34-ке азайды. Былтыр жол-көлік оқиғалары 10 пайызға, жолда жарақаттану тағы 10 пайызға төмендеді. Осы жылдың 9 айында жолда 23 адам қайғылы қазаға ұшырады. Бұл 100 мың адамға екі осындай жағдайды құрайды. Республика бойынша жолда қаза табудың орташа көрсеткіші – 100 мың адамға 7,2 адам. Алматыда – 5,4 адам және Шымкентте – 5,1 адам.
«Сергек» жобасы өзінің тиімділігін дәлелдеді» дейді Е.Бекмырзаев.

БЕЙНЕБАҚЫЛАУ КАМЕРАЛАРЫ ҚЫЛМЫСТАРДЫ АШУҒА СЕПТЕСТІ

Қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Сабыр Жүсіпбековтің айтуынша, «Сергектің» 6 мың камерасы жол ережелері сақталуын бақылауды, 7 мыңы қоғамдық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуді көздейді. Бұған қоса, патруль­ге 1000 планшет және 50 экодатчик берілді. Жыл басынан бері жол ережелерін бұзудың 1 млн 2 мың оқиғасы өңдеуден өтті. Бұл құқықбұзушылықтың жалпы сомасы 5 млрд 831 мың теңгені құрады. Соның ішінде 3 млрд 910 млн теңгеге айыппұл салынды. Мұның 3 млрд 428 млн теңгесі өндірілді.
Бұған қоса, осы жылдың 9 айында «Сергек» жобасы 1054 қылмысты ашуға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, 4 кісі өлтіруді, 4 қарақшылық оқиғаны, 70 кісі тонауды, 99 бұзақылықты, 341 жеке мүлікті заңсыз иеленуді, 37 көлікті айдап кетуді ашқан. Бірақ қазіргі таңда жол ережелерін бұзғаны үшін хаттарды жіберумен проблема туындап отыр. Бұрын бұл жұмыспен Полиция департаменті тікелей айналысатын. Бүгіндері осы іс «Қазпошта» АҚ-на берілді. Ал департамент осы мекемеге 130 млн теңге қарыз болып қалған. Сол себептен аталмыш ұйым хаттарды тасымалдаудан бас тартып отыр.
Мәслихат депутаттары мәселеге өз көзқарастарын білдірді. Соның бірі – Мирас Шекенов Нұр-Сұлтан қаласы «Сергек» ақылды жобасы жүзеге асырылған еліміздегі алғашқы қала екенін атап өтіп, жобаға қатысты жүргізілген сауалнама нәтижелерін жариялады. Соған сәйкес қала тұрғындарының 83,8 пайызы «Сергекті» қолдайтындықтарын айтқан.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды