Әуезов хаттарының тағдыры

Осы апта басында «Qamshy.kz» ақпараттық порталы осыдан 11 жыл бұрын «Айқын» газетінде жарияланған журналист Төреғали Тәшеновтің филолог-ғалым Аққал Хасеновадан алған сұхбатын көшіріп басты. «Мұхтар Әуезовтің соңғы махаббаты» тақырыбымен жарық көрген бұл материалда ұлы жазушы мен ғалымның арасындағы қарым-қатынастың сыры шертіледі. 

8muhtar-auezov6

Биыл классик қаламгердің туғанына 120 жыл толады. Жоғарыдағы материал жазушы­ның 100 жылдығына орай түсіріл­ген деректі фильмдегі бір көріністі жадымызда жаңғыртты. Онда Мұхтар Әуезовтің Өзбекстан Жоғарғы Кеңесінің депутаты мен Денсаулық сақтау министрінің орынбасары болған Ғайнижамал Кутумоваға жазған 300-ге жуық хат жөнінде айтылады.
Бұл хаттарды Ташкентте өз пәтерінде С.Қарабаев деген адам сақтап отырған болып шығады. Деректі фильмде хаттардан үзінді оқылып, өзбек азаматы мен белгілі кинорежиссер Сергей Әзімовтің әңгімесі беріледі. Ішіне бойлап қарасақ, аталмыш хаттарда жазушының жүрегінің лүпілі сезіліп қана емес, қаламгерлік еңбегінің қырлары мен сырлары да ашылады. Мәселен, «Абай жолы» романының жазылу барысы, оны жазу кезінде алдынан шыққан қиындықтар туралы құнды мәліметтер кездеседі. Сол кезде хаттарды елге қайтару мәселесі қозғалады. Түсінікті болу үшін С.Әзімов пен С.Қарабаев арасындағы диалогтан үзінді келтірейік.
С.Қарабаев: – Мен ақыры тапсырармын бұл хаттарды. Бірақ қазір көшірмесін де бермеймін. Бұған қайтып оралмайық. Сіз маған мүмкін ренжірсіз де.
С.Әзімов: – Бұл хаттардың бәрібір Қазақстанда сақталуы керектігін түсінесіз ғой.
С.Қарабаев: – Оны мен де түсінем. Қайда тапсырарымды өзім білем. Кезі келгенде берем…
Ал сол әңгімеден бері 20 жыл уақыт өтті. Білуімізше, хаттар әлі күнге дейін елге қайтарылмаған. Осыдан үш жылдай бұрын Жидебайға барған сапарымызда Мұхтар Әуезовтің кірін жуып, кіндігін кескен жері – жазушының мұражайы орналасқан Бөріліге соқтық. Сонда мұражайдың аға ғылыми қызметкері Гүлзат Сәлемқызы бұл хаттардан хабарсыз болып шықты.
Жазушының ғасырлық мерейтойын өткізу кезіндегі іс-шараларға белгілі ғалым Тұрсын Жұртбай басшылық жасады. Хаттардың жайын білу мақсатында ғалымға хабарластық. «Хаттарды қайтаруға бәріміздің күшіміз жетпеді. Қазір бұл әрекет бос сөзге айналады» деп екі-ақ ауыз сөзбен жауап берді ол кісі.
Бұдан соң классик қаламгердің мұрагері деп Мұрат Әуезовке телефон шалдық. «Біз ол хаттарды қолға түсіруге қаншама әрекеттендік. Бұл мәселеге кезінде Әбдіжәміл Нұрпейісов те үлкен көңіл бөлді. Естуімше, С.Қарабаевтың өзі қайтыс болды. Ал ол кісінің ұрпақтары хаттарды «құлыпқа» салып қойып отыр. Сіздер Сергей Әзімовтен мән-жайды толық біле аласыздар. Хат­тарды қайтара алсаңыздар, сүйіншімді бірінші өзім берем. Бұл – өзі өте нәзік мәселе. Біз демеу жасауға дайынбыз. Бәлкім, ол хаттардың елге қайтатын уақыты да келген шығар, қазір қазақ-өз­­­­­­­­­­­­­­бек байланыстары нығайып жа­тыр ғой» деді Мұрат Мұхтарұлы.
Жалпы, Мұхтар Әуезов өмірінде Ташкент кезеңі үлкен орын алады. Сол қаладағы Орта Азия университетіне тыңдаушы болып, оның аспирантурасын бітірді. Осы шаһарда шығып тұрған «Шолпан» және «Сана» журналдарына жұмысқа орналасып, бұл басылымдарда «Қыр суреттері», «Қыр әңгімелері», «Үйлену», «Оқыған азамат», «Кім кінәлі», «Заман еркесі» («Сөніп-жану») әңгімелері жарияланды. Бұл қалада алғаш рет ұсталып та кетті.
Мұрат Мұхтарұлының айтуынша да, Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің араласуымен Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы биыл Ташкентте атап өтілетін болды. Біздіңше, бұл жайт жоғарыдағы хаттарды елге қайтаруға үлкен мүмкіндікті тудырып отыр. Соны сүйіншілейтін күн осы жылы туса екен дейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Сонымен қатар

Отбасы – тәрбие бастауы

Адам үшін ең жақын әлеуметтік орта – отбасы. Отбасы – ізгі дәстүрдің, өнегелі мұралардың, салт-дәстүрлердің …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған