«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аудиторлық заңдағы жаңалық не?

0 13

2018 жылдың қаңтар айында «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Респу­б­ликасының Заңына өзгеріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енді. Бұл заң аудиторлық қызметке қатысты жаңа институттар мен ұғымдарды енгізуді, сондай-ақ қолданыстағы нормаларды толықтыруды қарастырады.

Халықаралық аудит стандарттарына (ХАС, 330, 1006) сәйкес және халық­аралық тәжірибеге жүгінетін болсақ, мемлекеттік аудиторлардың өздерінен бөлек, мемлекеттік аудитті өткізуге ассистенттер де қатысады. Бірақ оларға аудиторлық қорытынды жасауға өкілеттік берілмеген.
Бүгінгі таңда мерзімі жеткен мәселенің бірі – мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау органдарын толықтыру. Осы орайда аталған заңда «аудитордың ассис­тенті» деген жаңа ұғым енгізіліп отыр. Мұндай өзгерістер мемлекеттік аудиторлар пулын қалыптастыруға мүмкіндік туғызады.
Мәселен, мемлекеттік аудитордың ассистентіне мемлекеттік аудит жүргізуге, тауарлық-материал­дық қорларды және басқа да активтерді түгендеу­ге құқық беріледі. Сол құ­қыққа сәйкес, тиісті жа­уапкершілік жүктеледі. Жаңа заңда «дау-­дамайларды апелляциялық жолмен реттеу» институтын енгізу қарас­тырылған. Мұндай институттың енгізілуі қарсылық білдірілген аудит нысандарына қатысты шағымдарды жан-жақты және объективті қарауға, ашықтықты қамтамасыз етуге жол ашады.
Ішкі мемлекеттік аудит бойынша уә­кілетті органның құзыретіне қатысты мынадай толықтырулар енгізілді: ішкі мемлекет­тік аудит бойынша уәкілетті органның және оның лауазымды тұлғаларының әрекетсіздігіне шағым жасалған жағдайда, дау-­дамайларды апелляция­лық жолмен реттеу тәртібі жасалып, заңмен бекітілді. Бұған қоса, заңда төмендегідей жаңа баптар пайда болды: біріншіден, ішкі мемлекеттік аудит бойынша уәкілетті органның камералдық бақылауының қорытындылары бойынша анықталған заң бұзушылықтарды жою жөніндегі хабарламалар мен мемлекеттік аудит нәтижелері бойынша қабылданатын құжаттарға шағым түсіру жағдайында дау-дамайларды апелляциялық жолмен реттеудің тәртібі мен мерзімі белгіленеді. Екіншіден, аудит нысаны шағымының формасы мен мазмұны реттелетін бап қосылады. Үшіншіден, шағымды қарастырудан бас тарту тәртібі енгізіледі. Төртіншіден, ішкі мемлекеттік аудит бойынша уәкілетті органға жіберілген шағымды қарау тәртібі жеңілдетіледі. Сондай-ақ, шағымды қарау нәтижесінде шешім шығарылады. Шағымды қарауды тоқтату және оның мерзімін ұзарту ережесі бекітіледі.
Қаржы министрлігінің Ішкі мемлекеттік аудит комитеті ішкі аудит қызметтерінің жұмысын үйлестіріп, әдістемелік және консультациялық көмек көрсетеді. Осыған орай, жаңа заңда ішкі мемлекеттік аудит бойынша уәкілетті органға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау бойынша уәкілетті органның жұмысын үйлестіруде құқықтық актілер қабылдауға құзырет беріледі.
Мемлекеттік аудитордың ерекше мәртебесі мен оған қойылатын талаптарды ескере отырып, жаңа заң мемлекеттік аудитордың сертификатын қайтарып алуды қарастыратын нормамен толықтырылды. Мұндай қадам мемлекеттік аудиторлардың жауапкершілігін күшейтуге және кәсіби мамандардың сапалы құрамын қамтамасыз етуге септігін тигізеді.

Әділ ҚОНЫСБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды