«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ауаның ластануы азаяды

0 72

Елорда ақпарат» медиаресурсы мен «Астана» радиосының бірлескен жобасы «Елорда тынысы» радиохабарының кезекті қонағы болған
Табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев тікелей эфир барысында атмосфералық ауаның ластануына ненің әсер етіп жатқаны туралы, оны азайтудың қандай жолдары бар екені жайлы айтып, аталмыш салаға қатысты басқа да сұрақтарға жауап берді.

ҚАТТЫ ОТЫН МЕН ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ САПАСЫ БАҚЫЛАНАДЫ

Мұса Танабаев «Қазгидро­мет» РМК жүргізген монито­ринг бойынша ауадағы шаң-­тозаң, көк түтін негізінен жеке­меншік секторлардағы қатты отын, яғни көмірді жақ­қаннан пайда болатынын көрсеткенін айтады. «Қазгидромет» РМК-ның көрсеткішіне сәйкес, жалпы, көмірді пайда­ланған кезде атмосфералық ауаға зиянды заттар көп бөлінсе, оның жанып болған соң күл-қоқысы да аз болмайды екен. Мұса Танабаев­тың айтуынша, қоғамдық ұйымдарды тарта отырып, Астана қалалық әкімдігі елорданың атмосфералық ауасының лас­тануына мониторингті өздері жасайды.
– «Қазгидромет» РМК-ның мониторингі бойынша атмосфералық ауаның ластануына ТЭЦ-1 мен ТЭЦ-2-нің мұржасынан шығатын түтіннің әсері 25 пайызды құраса, көмір оты­нын пайдаланатын жекеменшік кәсіпорындарының автономдық қазандықтары 17 пайызды, жекеменшік секторлардағы үйлер 6 пайызды, ал жанар-жағармай отынын қолданатын автокөліктер 53 пайызды көрсетіп отыр. Бірақ біз мұнымен толықтай келіспейміз. Қала басшысының тапсырмасы бойынша алдағы уақытта қоғамдық ұйымдармен бірге ауаның ластануына ненің көбірек әсер ететін шынайы түрде анықтайтын боламыз. Бұл жұмыстар келер жылдың басында аяқталуы тиіс, – дейді ол. – Сонымен қатар атмосфералық ауаның ластануына қаладағы автокөліктер де өз үлесін қосады. Айта кету керек, қазіргі таңда Астанадағы көліктер саны шамамен 400 мыңды құрайды. Сондықтан бұдан былай техникалық тексеру кезінде көліктердің газды қаншалықты бөлетінін бақылау жоспарланып отыр. Мұнымен қоса, мемлекеттік органдарға қатты отын мен жанар-жағармай сапасын бақылауға алатындай ұсыныс әзірлену үстінде. Негізінен, жер үйді мекендейтін тұрғындар Шұбаркөл мен Қаражыра көмірін пайдаланады. Бірақ тұрғындардың айтуынша, көмірдің сапасы соңғы уақытта күрт төмендеп кеткен.
Басқарма басшысының айтуынша, бұл тұрғыда Астана әкімі Әсет Исекешев мәселені ретке келтіру жөнінде тапсыр­ма беріп, арнайы жұмыс топтары құрылған.
– Бүгінгі таңда қала басшысы тиісті тапсырма беріп, оған толықтырулар енгізуді жүктеді. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін атмосфералық ауа­ның сапасын арттыру, көліктің кері әсерін азайту, жеке тұрғын үйлерде жылыту маусымында қауіпті қалдықтарды өртеу жағдайының алдын алу, ағаш отырғызу, су ресурстарына байланысты мәселелерді бақылау жұмыстарымен айналыcатын 5 жұмыс тобы құрылды. Бұл топтарға әкімдік және құзырлы органдардың қызметкерлері мен Қазақстан экологтары қауымдастығының өкілдері енді.
Аталмыш топтардың жұмыс­тары жақын арада аяқталуы тиіс, – дейді М.Танабаев. – Жұмыс тобы жүргізген шаруаларға сәйкес, жергілікті атқарушы билік өкілдері бірқатар ұсыныстар әзірледі. Ол қандай ұсыныстар? Алдымен қала әкімдігі бас қаланың аумағында жаңа нысандардың құрылысын жүргізген кезде қатты отындарды жағуға арналған автономдық қазандықтарды пайдалануды 2018 жылдан бастап шектеуді ұсынады. Жалпы, елордада көмірді қолданатын 400-ге жуық кәсіпорын бар болса, осыған байланысты, 2019 жылы қатты отынды бұл кәсіпорындарда қолдануға
тыйым салу жоспарлануда. Оларға нысандарын қайта жөндеуге 1 жыл уақыт берілмек. Яғни, алдағы жылдары кәсіп­орындардың бәрін табиғи газға көшіру көзделуде.

578 МЫҢ ЭНЕРГОҮНЕМ­ДЕУШІ ШАМ КӘДЕГЕ ЖАРАТЫЛДЫ

Тікелей эфир барысында әуе­толқынындағы тыңдармандардың да сауалдарына жауап берген Мұса Тұрман­ұлы биылғы 9 ай ішінде Астанада 500 мыңнан аса сынапты және энергоүнемдеуші шам жинақталып, кәдеге жаратылғанын да айтып өтті.
– Қала әкімдігі 2013 жылдан бері құрамында сынабы бар электроүнемдеуші шамдарды кәдеге жаратуды жүзеге асырып келеді. Қазіргі таңда бұл жұмыспен айналысатын компанияның арнайы цехы бар. Алдағы уақытта бұл компания елордада арнайы зауыт та салмақ. Олар бүгінгі күнде нөлдік циклден өтті. Жалпы, бұл жобаның жүзеге аса бастағанынан бері Астанада осындай шамдарды жинауға арналған 670 арнайы контейнер орнатылып,
9 ай ішінде осы контейнерлерге 578 мың шам жиналып, кәдеге жаратылды, – дейді басқарма басшысы.
Ресми деректерге сүйенсек, Астанадан тәулігіне мың тонна қалдық шығарылады екен. Жалпы, қалалық әкімдіктің бас­тамасымен соңғы кезде қалдықтарды жекелей жинау жұмыстары да жүргізіліп жатқан көрінеді. Мәселен, пластик қалдықтарын жекелей жинауға 686 контейнер, пайдаланылған лампаларды жинауға 670 контейнер, ал жекеменшік секторлардағы күл-қоқысты жинауға 300 контейнер орнатылған. Сонымен қатар электронды тұрмыстық өнімдер сатылатын сауда орталықтарының алдында да қалдықтарды жекелей жинау қарастырылыпты. Ал Астана аумағынан шығарылатын барлық қалдықтар «Имабе Иберика» деп аталатын испан технологиясы бойынша 2012 жылы салынған қоқыс өңдеуші кешенге тасымалданса, кешендегі қалдықтардың 8 пайызы сұрыпталып, қалған 92 пайызы брикеттеліп, полигонға көмуге жөнелтіледі екен.
2018 жылы Астанада қалдықтарды қайта өңдеу процесін екіге бөлу жоспарланып отырған көрінеді. Оның бірі – дымқыл қалдықтар (та­ғам­дардың қалдығы) болса, екіншісіне – қағаз, пластик, әйнек, металл сияқты құрғақ қалдық­тар жатады.
– Кәдеге жарату жоспарына сәйкес, 2019 жылы қалдықты қайта өңдеуді 75 пайызға жеткізуіміз қажет. Мұнымен жеке инвесторлар айналыса­тын болады. Бұл тұрғыда полигонды басқару жөнінде арнайы конкурс өткізіледі. Қазіргі уақытта тұрмыстық қалдықтарға қаладағы №1 полигонның 97 пайызы толып қалған. Бірнеше айдан соң ол толықтай толтырылады. Одан кейін оған топырақ құнарлығын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады. Алайда оның жанында қатты қалдықтарды қабылдауға қауқарлы полигонның екінші торы бар. Топырақ құнарлығын қалпына келтіру жұмыстары қалай жүргізілетінін айтар болсақ, алдымен қоқыстың бес метрі, одан кейін жердің қатты қабатының бір метрі көміледі. Ары қарай солай кете береді. Одан кейін газ жинақталмас үшін көмейі жасалады, – деп сөзін түйіндеді Мұса Танабаев.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды