«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аты-жөніміз дұрыс жазылса…

Кезексөз

0 37

Еліміз егемендігін алып, өз алдына жеке мемлекет болғалы отыз жылға жуықтады. Алайда бүгінге дейін шешімін таппай келе жатқан түйткілді мәселелер жетерлік. Мәселен, адамның аты-жөнінің жазылу тәртібі ақсап тұрған жайдың бірі болып тұр. Соның салдарынан түсінбеушіліктер туындап жатады.

Шыны керек, әлеуметтік желі­лерді, БАҚ беттерін ашып отырғанда аты-жөнін оқып, «ұлы», «қызы» немесе «ов», «ова», «ев», «ева», «ин», «ина» секілді қосымшасы болмаса, есімі мен тегін жиі шатастырып жатамыз. Бұл мәселе біздегі қазақы нұсқадағы бірізділіктің орнықпауынан туындағаны айтпаса да белгілі. Осы орайда өткен ғасырдағы қазақтың бетке ұстар азаматтары Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханұлы, Міржақып Дулатұлы, көзі тірісінде аты-жөнін қазақша жазуды талап етіп кеткен Бауыржан Момышұлы салып кеткен жолды ұстанып, әкесінің атымен жазу, болмаса кейінгі жылдары қолданылып жүрген «тегі» деген сөзді қосып жазу міндеттелсе, бұл проблеманы шешудің тиімді жолы болар ма еді?
Айтпақшы, соңғы жылдары тегінің орнына руының атын жазып алатын жұрт кездесіп жатады. Олардың бір бөлігі өнер жұлдыздары арасында да бар. Мәселен, Нұрлан Албан, Аша Матай, Ақылбек Жеменей, Сара Найман, т.т. Руыңды, шыққан жеріңді, түп тарихыңды білген жақсы ғой. Алайда ат төбеліндей қазақтың алауыздығы о баста дәл осы руға, жүзге бөлінуден басталмап па еді?..
Қазіргі күні құжаттарда аты-жөні қате жазылып, онысын амалсыз қолданып жүрген жандар аз емес. Алайда аты-жөнін қағаздағы қате нұсқасымен жаздыруды талап ететіндер де бар. Мысалы, Тілеш, Тілепберген, Тілектес секілді мән-мағынасы зор есімдердегі «і» әрпін алып тастап, Тлеш, Тлепберген, Тлектес деп қолданатындар бар. Бастапқыда туғанынан солай жазылып, құжатын ауыстыру қиындық тудырып жүрген болар деген ойда қаласың. Алайда қате есімін қаз-қалпында жаздыртуды міндейтінін естігенде кәдімгідей намыстанып қаламыз. Қалай десек те, аты-жөніміз төл атауымен айтылып, жазылғанына не жетсін?! Сіз осы орайда ойланып көрдіңіз бе?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды