«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Аты өзгергенмен, заты өзгере ме?

0 70

Биылдан бастап көпқабатты үйлердің тұрғындары жаңа ережемен өмір сүруге көшеді. Басты жаңалық – 2019 жылы қазақстандықтар пәтер иелерінің кооперативінен (ПИК) бас тартып, оның орнына мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) құрылады. Мұндай өзгеріс «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасында көрсетілген. Заң жобасын жасаушылар әрбір тұрғын МИБ-тің қалт еткен қимылын алақандағыдай бақылай алады деп сендіріп отыр. Тұрғын үй қатынастарына қатысушылардың өзара іс-қимылының ашықтығын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй қоры мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының (ТКШ) бірыңғай ақпараттық жүйесі әзірленген. Заң жобасындағы тағы бір жаңалық – үйлерді толық жөндеуден өткізуге қаражат жинайтын арнайы қор құрылады. Қаржы пирамидасын құруға жол бермеу мақсатында тұрғын үй кооперативтері мен басқарушы компаниялар (БК) таратылады. Бұл саладағы негізгі өзгеріс – үйлерді басқару формасы түпкілікті ауысады. Енді осы мәселеге толығырақ тоқталайық.

ПИК пен БК-лардан неге бас тартамыз?

Соңғы жылдары көпқабатты үйлерді басқару саласында бы­лық-шылық көбейіп кетті. Шынын айтсақ, ПИК-тер жұмы­сының ашық болмауы, жөндеу көрмеген үйлердің тозуы, қызмет көрсету деңгейінің төмендеуі, тұрғындардан жиналған ақша­ның «жұтылуы», басқарушы ком­па­ния­лардың көлеңкелі табыстан баюы тұрғындардың наразылығын туғызып келгені рас. Мынадай статистиканың өзі бұл салада жүйесіздік пен бей­бе­рекеттіліктің орын алғанын көр­­сетуде: елімізде ұзын-саны 78 мың­нан аса тұрғын үй бар. Алайда ПИК формасындағы бар-жоғы 3 мыңға жуық кондоминиум нысанын басқару органы жұмыс жүргізеді. 78 мың­нан аса үйдің 35 пайызы түп­кілікті жөндеуді қажет етеді. Бейресми дерек бойынша, ПИК-тер мен басқарушы компаниялардың 70 пайызы заңсыз қызмет ететін көрінеді.
«Қоғамдық қорғаушы» рес­публикалық тұтынушылар мен кәсіпкерлер құқығын қорғау ұйымының төрағасы Виктор Сыздыков ПИК-терден бас тар­тудың негізгі себебі әуел бас­тан ПИК-тердің қызметіне ішкі бақылаудың тиімді механизмі болмағанын алға тартады. «Осы себептен тұрғын үй қорының ахуа­лы нашарлап, тұрғындардың наразылығы күшейе берді. Әсіресе, көпқабатты үйлердегі ПИК-тердің жұмысын ешкім бақылай алмады. Ол ол ма, елімізде үй салу жұмыстары жаппай қарқын ал­ғанда пысықайлар құпия түрде жекеменшік басқарушы компанияларды құрып алды. Пайда табу үшін үй салушылар өзінің БК-сын тұрғындарға міндеттеп қойды. Көнбеген жағдайда сатып алған пәтерінің кілтін бермей, қоқан-лоқы жасады. Үй құрылысындағы кемшіліктерді де тұрғындар тө­лейтін жарналардың есебінен жойып отырды. Үй құрылысының ке­пілдік қорындағы 10 пайыздық қаражатты өз қалтасына басты. Ол аздай-ақ, жекеменшік басқарушы компаниялар тұрғындарға ортақ жайларды жаппай сатып және жалға беріп, табысқа кенелді. Олар халыққа ешқандай есеп бермеді. Өйткені шағын бизнес субъектісі ретінде оларды арнайы органдардың рұқсатымен ғана тексеруге болатын еді» деп түсіндірді мәселенің мәнісін ол.
Расында да, мұндай кем­шілік­тердің нәтижесінде елімізде көпқабатты үйлерде тұратын аза­маттардың құқықтары жиі-жиі бұзыла берді. Заң жобасын жасау­шылар бұл түйткілді мәселені шешудің бір ғана жолы барын айтады. Ол – «бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидатымен жұмыс істейтін МИБ-ін құру.

МИБ-тің ПИК-тен айырмасы – әр үйдің өз шоты болады

Былай қарағанда, ПИК пен МИБ-тің айырмашылығы жоқтай көрінеді. Бірақ МИБ-тің ауқымы кеңірек. Өйткені мүлік иелерінің бірлестігінде сауда, қызмет көр­сету, қоғамдық тамақтандыру нысандары болуы мүмкін. Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Төрегелдиннің айтуынша, екеуінің айырмашылығы – шотында. «МИБ-ке көшкенде әр үйдің өз шоты болады. Тұрғындар ай сайын сол шотқа ақша аударады. Яғни, ағымдағы және түпкілікті жөндеу жұмыстарына ақша жиналады. Ол ақша бірнеше ай, жыл тіпті 10 жыл бойы жиналуы мүмкін. Үлкен сомада жиналған кезде түпкілікті жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Ал ПИК-тің бір ғана шоты бар. Сол шотқа түскен ақша кез келген уақытта үйдің шығындарына жұмсалады» деп түсіндіреді С.Төрегелдин.
Оның пайымдауынша, Гер­манияның тәжірибесі бойынша енгізілген МИБ-терді құру былық-шылығы көп саладағы мәселелерді жедел шешеді деу – қиындау. «Заң жобасын жасаушылар осы жобаны енгізуді ұйғарыпты. Бәлкім, одан жақсы болар немесе керісінше. Ең күрделісі, бұл заң қабылданған соң тарифтердің күрт өсуі қоғамды дүрліктіріп жіберуі мүмкін. Жұрт заңның жаңалығын түсінбей қалады. Өйткені Елбасының өзі тарифтерді төмендетуге пәрмен бергені мәлім» деді ол.

ПИК бір жақта, тұтынушы бір жақта

Мәжілістегі «Халық ком­му­нистері» фракциясының мүшесі, депутат Тұрғын Сыздықов ПИК-тердің жұмысының қарапайым тұтынушылар үшін тиімсіз екенін айтады. «Мысалы, көпқабатты үйлерде жалпы үй шығындарын (ЖҮШ) кім төлейді деген мәселе бар. Бұл жерде қарапайым тұ­тынушының мүддесі аяққа басылуда. Заңнамада нақты жазылған ПИК пен оның мүшелері арасындағы қарым-қатынастар қағаз жүзінде қалып отыр. 2015 жылы 30 сәуірде Астана әкімдігінің қаулысымен бекітілген ережеде: «Жалпы үй шығындарына жұмсалған электр қуаты үшін есептегіш құралдарының көмегімен энер­гетикалық компаниямен өзі есептеседі» деп анық жазылған. Өйткені ПИК-тер ЖҮШ-ін төлеу, орындау үшін құрылды. Бірақ «Астанаэнерготұтыну» ЖШС-і және өзге монополистер өздерінің ішкі ережесімен ұлттық заңнаманы бұзуда. Бұған құзырлы уәкілетті органдар көз жұмып қарауда. Қазір ЖҮШ-і тұтынушылардың ай сайынғы төлем тізіміне енгізілген. Қарапайым тұтынушы заңды ескермей, жіберген түбіртек бо­йынша ЖҮШ төлейді. Монополис­тер типтік келісімшартпен бәрін «реттеп» қойған. Сорақылықтың бірі, тіпті ЖҮШ-ін адам тұрмайтын пәтерлерге де жібереді. Кез келген үйдің тұрғындары ЖҮШ-тің есептеуішін көре алмайтыны анық. Яғни, монополист өзінің шығындарын да тұтынушыға төлеткізіп отыр» дейді ол.
Депутат Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы қызметті қатаң сынағанын алға тарта отырып, бұған қоғам тұтастай үн қосуы қажет деп санайды. «Президенттің аса маңызды тапсырмасы ха­лық­тың әл-ауқатын арттыруға бағытталған. Бұл жерде әр отбасына түсетін қаржылық салмақты азайту жөнінде әңгіме қозғалды. Сол себептен көп жылдар бойы монополистер халықты алдап, қыруар пайдаға кенелген жасырын және бір-бірін көшіретін коммуналдық төлемдердің барлығын Үкімет заңнамаға сәйкестендіруі керек» дейді Тұрғын Сыздықов.
Мақаланы жазу барысында біз қарапайым тұрғындардың да ой-пікірін білдік. Сарыарқа ауданындағы «Батыр КСВ» ПИК-іне қарайтын «Батыс» тұрғын үй кешенінің тұрғыны Нәзира Асанқызы ПИК-тердің жұмысына тұтынушылардың шағымының көптігін айтады. «Мысал келтіретін болсам, біздің үйдегі қабаттарға көтерілетін алаңдарда тұрағы жоқ адамдар түнейді. Ол жер өте лас, жарық жоқ. Егер лифті жұмыс істемей қалса, балалармен қол шам жағып, әзер түсеміз. Үйдің кіреберісі де лас. Менің сөзімді кез келген көршім растайды. Бұл шағымдарды ПИК-тің басшылығына барып, бірнеше рет айттық. Бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Біздің үйдің тұрғындарының жанына қатты бататын бір мәселе бар. Ол – аулаға төселген құм. Жаз, күз, көктем мезгілінде бұл жер батпаққа айналады. Балалар оны басып, үйге кіреді. Осы құмды басқа жабындарға ауыстыруды өтіндік. ПИК мұндай мәселені шешпейді, әкімдікке барыңыздар деген сырғытпа жауап алдық» дейді ол.
Нәзира бірақ ПИК-тердің орнына ОСИ-дің құрылатынын әлі естімеген екен. «Шынымды айтсам, бұның қайсы тиімді болатынын білмеймін. Әр үйге бөлек мекеме болғаны дұрыс шығар. Жауапкершілік көбірек болады. Тұрғындар үйге қатысты не болып жатқанын біледі. Ең бастысы, сол мекеме мен тұрғындардың арасындағы қарым-қатынас ашық, белсенді болатын шығар. Қазір ПИК-ке телефон шалсақ, кейде тыңдайды, кейде тыңда­майды. Бірақ оларға ай сайын 2000 теңге ақша төлейміз. ПИК-тердің бізбен сөйлесетін кезі – ақша жинау. Өткенде кіреберіске, сатылық алаңдарға адам жүрген­де жанып-сөнетін шамдар орнатты. Әр үйден 3000 теңге қаражат сұрады. Бердік. Сөйтсек, электр қуатын үнемдеуге қолайлы екен. Соның арқасында ЖҮШ-не электр қуатына бұрынғыдан аз ақша төлеп жүрміз» деп түйіндеді сөзін Нәзира.

Сөз түйіні:

Заң жобасын жасаушы­лар «е-шаңырақ» атты мобиль­ді қосымша дайындап қойыпты. Оған тәжірибе есебінде рес­публика бойынша 190 үй қо­сылған. Яғни, техни­ка­лық мүм­кіндіктердің арқасында бір мезгілде электрондық жүйенің көмегімен бәрін бақылауға болады. Әр компания қандай жұмыс істеп жатқанын, үй салуға немесе жөндеуге қандай материалдар сатып алғанын, қандай шоттар ашылғанын және әр үй­дің тұтыну нормасы қандай еке­нін көріп отыруға мүмкіндік туады. Бұл жобаның қаншалықты тиімді болатынын уақыт көрсетер.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды