Четверг, 22 Июнь 2017
-->

АТҚАРЫЛҒАН ЖҰМЫС АУҚЫМДЫ

Есіл ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекбаев №75 және №24 орта мектептерінде болып, халық алдында есеп берді. Халықты негізінен жылу беру, пәтер иелері кооперативі және апатты үйлерді сүру сынды әртүрлі әлеуметтік мәселелер мазалайды екен. 

Бұл жиынға елорда әкімі­нің орынбасары Малика Бек­тұрова қатысты. Оның айтуынша, әкімдердің халық алдында есеп беруі билік пен халықтың арасын жақындастырады.
– Мәселен, Есіл ауданында есептік кездесу биыл осымен 9-шы рет өткізіліп отыр. Бұл халыққа жергілікті атқарушы органдардың жұмыстары, елімізде іске асырылатын реформалар мен бағдарламалар туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі кездесуде айтылатын барлық мәселелер назардан тыс қалмайды. Өйткені, сіздердің сұрақтарыңыз елорда әкіміне жеткізілетін болады. Сондықтан да өз ойларыңызды білдіріп, қалымыздың дамуына үлес қосыңыздар, – деді Малика Бектұрова.

БИЫЛ МЕРЕЙЛІ ЖЫЛ БОЛМАҚ

Алқалы басқосуға ауданның 200-ден аса тұрғыны қатысты. Нақтырақ айтсақ, жиынға «Саранда», «Ишим», «Кас­пиан палас», «Нұрқанат», «Есіл», «Араби» тұрғын үй кешендерінің тұрғындары келді. Сондай-ақ, әкімнің есе­біне «Заречный» мен «Тельман» тұрғын алаптары мен «Төленді» ТҚК тұрғындары қатысып, көкейкесті сұрақта­рына жауап алды.
Аудан әкімінің айтуынша, биылғы жылы елімізде бірнеше мерейтойлар аталып өтеді. Мәселен, осы жылы елорданың Алматыдан Астанаға ресми түрде көшірілгеніне 20 жыл болады. Сондай-ақ, биыл мемлекеттік нышандардың қабылданғанына 25 жыл толып отыр. Бұған қоса, 2017 жылдың басты оқиғасы «ЕХРО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі екені белгілі.
– Биыл біз Астана қала­сын 2020 жылға дейін дамыту бағдарламасын іске асыру бағытындағы жұмыс­тарды жалғастырамыз. Атал­­ған бағдарламада қала тұр­ғын­дарының әл-ауқатын және әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға басымдық берілген. Осы бағдарламаны түзету барысында қала әкімдігі 20 не­гізгі көрсеткішті белгілеп отыр. Оларға қол жеткізу халықтың қолжетімді және сапалы біліммен қамтамасыз етуге, денсаулық сақтау саласында ілгері дамуға, қоғамдық көлік және тұрғын үй құрылысы шаруашылығының ТҚШ қазіргі жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді, – деді аудан әкімі.

ПИК АЙЫППҰЛ АРҚАЛАМАУ КЕРЕК

Ермағанбет Қабдоллаұлының есептік баяндамасынан кейін тұрғындар сұрақты қарша боратты. Жиында жылудан бас­тап, апатты үйлер мен жолға дейінгі күрмеуі қиын күрделі мәселе айтылды. «Заречный» тұрғын алабының тұрғыны «Біздің кенттің ауызсу мәселесі қашан шешіледі?» деп сұрақты төтесінен қойды. Аудан әкімі «алдағы уақытта бұл мәселені қарастыратын боламыз» деп, тиісті сала басшыларына нұсқау берді. Ал олар ауызсу мәселесінің таяу арада шешілетінін айтып, сендірді.
Сондай-ақ, тұрғындардың басым көпшілігі пәтер иелері кооперативінің жұмысына көңілі толмайтын болып шықты. Мәселен, аталған кооператив жұмысты нашар жүргізсе, айыппұл салу қарастырылған. Бұл бір қарағанда дұрыс шешім болып көрінуі мүмкін. Әйтсе де, аталған айыппұл халық­тың жинап берген ақшасы арқы­лы төленетіні түсініксіз. Сон­дықтан да тұрғындар кооперативке емес, оның басшысына салық салу керек деген ұсыныс айтты. Аталған ұсынысты Ерм­ағанбет Қабдоллаұлы «өте дұрыс көтеріп отыр­сыз» деп атап, «алдағы уақытта бұл мәсе­лені оңтайлы шешіледі» деп уәде берді.

ЕСІЛДІҢ ХАЛҚЫ ЕСЕЛЕНІП ЖАТЫР

Кеше Ермағанбет Бөлекбаев «Пригородный» тұрғын алабында орналасқан №24 орта мектептің базасында халық алдында есеп берді. Аталған жиынға қала әкімінің орынбасары Сергей Хорошун бас­таған жауапты сала басшылары қатысты. Ермағанбет Бөлекбаевтың айтуынша, ауданның халқы күн өткен сайын артып келе жатыр. Бұл халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсарып жатқанын аңғартады.
– Есептік кезеңде аудан тұр­ғындарының саны 140 490 адамға жетті. Бұл 2015 жылдың ұқсас кезеңімен са­лыс­тырғанда 4 пайызға жоға­рылағанын аңғартады. Ал табиғи өсімнің деңгейі 10 пайызға өсіп, демографиялық дүмпу байқалуда. Бұдан бөлек, көші-қон сальдосы 1300 адамды құрап отыр. Сондай-ақ, әкімшілік бағдарламаларды жүзеге асыру үшін аудан бюджетінде 2016 жылға 14 млрд 777 млн теңге қарас­тыр­ылып, толығымен игерілді, – деді Ермағанбет Бөлекбаев.

«ҮЙІМІЗ ҚАШАН СҮРІЛЕДІ?»

Есептік баяндамадан кейін тұрғындарға сұрақ қоюға мүмкіндік берілді. Халықтың көпшілігі медициналық көмек пен қоғамдық көліктердің дұрыс жұмыс жасамайтынын айтып шағымданды. Мәселен, №12 автобус әуежайға «Пригородный» тұрғын алабы арқылы барғанымен, қайтар жолда кентке кірмей кететін көрінеді. Тұрғындар осының салдарынан бір сағат бойы автобус күтіп тұратынын айтып шағымданды. Аудан әкімі бұл мәселені анықтап, «алдағы уақытта нақ­ты шара қолданамын» деп уәде етті.
Бұдан кейін Болат қажы Байбақбай сөз алып, өзінің толғандырып жүрген сауалын қойды. Оның айтуынша, әкімдік қызметкерлері ауданда ауқымды жұмыс жасап жатыр. Алайда ол өмір болғаннан кейін кейбір мәселелер туындап жататынын жасырмады.
– Қазіргі кезде пәтерімізге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіземіз бе, жоқ па деп алаңдап отырмыз. Себебі, апатты жағдайда тұрып жатқан пәтеріміздің жағдайы өте нашар. Өйткені үйін газ жағып жылытып отырған тұрғындар баршылық. Бұған дейін өрт болып, бір адам зардап шекті. Енді біз тағы да өрт бола ма деп алаңдап отырмыз. Сұрағым – биыл біз тұратын үй бұзыла ма, жоқ па? Сондай-ақ, біз тұратын пәтердің төбесінде 20 шақты адам тұрады. Оның қожайыны ай сайын пәтер­ден біреуді шығарып, енді біреу­ді кіргізіп жатады. Осы мәселеге байланысты полиция қызметкерлерін қанша ша­қырғаныммен, олар келмеді. Поли­ция қызметкерлері жа­қын­да шыққан тіркеу туралы заңға байланысты үйге келіп, тексеру жұмыстарын жүргізсе жақ­сы болар еді, – деді Болат қажы.
Ақсақалдың сұрағына бай­­ланысты Тұрғын үй бас­­­қар­масының өкілі жауап берді. Оның айтуынша, Болат Бай­бақбай тұратын үйдің қашан сүрілетіні туралы ақпарат алдағы аптада белгілі болады. Егер ақпарат белгілі болса, тез арада өзіне ескертілетінін тілге тиек етті. Азаматтардың бәрі бірдей мәселе көтермей керісінше, Ермағанбет Қаб­долла­ұлының жұмысына сәтті­лік тіледі. Сон­дай-ақ, олар осын­дай жиындар жиі-жиі өткізілсе екен деген өтінішін білдірді.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*