«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Атаулы әлеуметтік көмек

азаматтардың жекелеген санаттарын қолдау болып табылады

0 72

Елбасының «Әлеуметтік қамқорлық» жаңа әлеуметтік шаралары елімізде белсенді түрде іске асырылып жатыр. Заңнамаға тиісті түзетулер енгізілді. 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап барлық барлық өңірлерде атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау үшін халықтан құжаттар қабылдануда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша бүгінге дейін 42 мыңнан астам (шамамен 147 мың адам) өтініш қабылданған. Соның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 1 сәуірге дейін 9725 отбасы АӘК алуға өтініш берсе, олардың 2483-іне қатысты оң шешім қабылданды. 358 отбасы АӘК-ті алып үлгерді. Жалпы алғанда, бас қалада жаңа форматтағы АӘК-пен 2500 отбасын қамту жоспарланып отыр.

Рәсім жеңілдетілді

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін АӘК алушыларға қатысты критерийлерді белгілеу 50 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайды. Мәселен, 1 сәуірден бастап АӘК көрсету рәсімі жеңілдетілді. Ол үшін халыққа қызмет көрсету орталығына барып, АӘК алуға өтініш беріп, жеке басын куәландыратын (отбасының әр мүшесіне) құжатты көрсету жеткілікті. Қалған мәліметтерді Е-халық базасына біріктірілген ақпараттық жүйелерден алады. Сондай-ақ АӘК алатын азаматтарға арналған «жедел желі» жұмыс істейді. Мұның барлығы аталған көмекті тез әрі қолайлы жағдайда алуға мүмкіндік береді.
Атаулы әлеуметтік көмекті алушылар санына қатысты бірер дерек келтірейік. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласында АӘК алушылар саны – 6699 адам. Соның ішінде Алматы ауданында 2 954 адам алады. Енді мемлекет тарапынан берілетін көмек көлемінің қалай өзгергенін түсіндіріп көрейік. Бұған дейін АӘК-тің орташа мөлшері ай сайын отбасының әрбір мүшесіне, соның ішінде балаға: республика бойынша 4834 теңге төленіп келді. Нұр-Сұлтан қаласында бұл көрсеткіш 3310 теңгені, Алматы ауданында 3437 теңгені құрады. Заңнамаға енгізілген түзетулерден кейін АӘК-тің орташа мөлшері 21 572 теңгеге өсті. Ай сайын отбасындағы әр балаға 18 жасқа дейін, студенттерге 23 жасқа дейін осындай көлемдегі көмек беріледі. Бұған қоса, отбасының жан басына шаққандағы табысы мен АӘК тағайындау критерийлері арасындағы айырма түрінде ата-­аналарға төлем төленеді.

Құжаттар саны 1-ге қысқарды

2019 жылдың 1 сәуірінен бастап «Е-халық» ақпараттық жүйесі арқылы АӘК тағайындау­дың жеңілдетілген рәсімі жүзеге асырыла бастады. Нақтырақ айт­сақ, АӘК тағайындауға өтініш беруде құжаттар саны 1-ге дейін қысқартылды. Қажетті құжаттарды жинауды тұрғылықты жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы, ауылдық жерлерде – кенттің, ауылдың, ауылдық округтің әкімі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырады. Ақпараттық жүйелерде мәліметтер болмаған жағдайда халыққа қызмет көрсету орталығы немесе әкім тиісті мемлекеттік органға және ұйымға жазбаша сұрау салуды ресімдейді. Бұл ретте өтініш беруші қажетті құжаттарды өз еркі бойынша ұсынуға құқылы.
Айта кетерлік жайттың бірі, АӘК алатын отбасылардың жиынтық табысынан әлеуметтік төлемдердің жекелеген түрлері алынып тасталды. Атап айтсақ, ол: 4 және одан көп баласы бар отбасыларға берілетін жәрдем­ақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін жәрдемақы, баланың мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы, шәкіртақы, жергілікті атқарушы органдардың есебінен көрсетілетін бір реттік ақшалай көмек.

Отбасының әлеуметтік картасы дегеніміз не?

Қазақстанда әр отбасының жеке әлеуметтік картасы жасалады. Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев Үкіметтегі баспасөз мәслихатында оның не үшін жасалатынын түсіндіріп берген еді. «Елбасының мемлекеттің көмегіне мұқтаж азаматтарға, отбасыларға жәрдем беру жөніндегі тапсырмасы бойынша біз осындай әлеуметтік карта жасаймыз. Сол картаның көмегімен қандай отбасының, азаматтың шешілмеген мәселелері бар, соның бәрін дер кезінде біліп отырамыз» деді министр.
Міне, жуырда осы картаның жобасы жасалды. Ол картаға отағасының, оның жұбайының, балаларының аты-жөні, тегі, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні, азаматтығы, тұрғылықты мекенжайы, отбасылық мәртебесі, білімі туралы ақпараттар кіреді. Сонымен қатар, отбасының мұқтаждықтары анық көрсетіледі. Мәселен, олардың қатарына: АӘК алу, емделу, балабақшаға баласын беру, оқуға түсу, жұмысқа орналасу, тұрғын үй алу, тегін жол жүру, коммуналдық қызметтерге жеңілдік пайдалану, киім-кешек алу, бірінші кезектегі қажетті азық-түлік, тауарлар алу жатады. Тағы бір мәселе, ол отбасының өмірлік қиын жағдайдағы деңгейі бағаланады. Оның деңгейі: қауырт, дағдарыс, тұрмысы нашар, қанағаттанарлық, тұрмысы жақсы деген атаулармен көрсетіледі.

Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне
дейін АӘК алушыларға қатысты
критерийлерді белгілеу
50 пайыздан 70 пайызға дейін ұлғайды.

Нұр-Сұлтан қаласында
АӘК алушылар саны – 6699 адам.
Соның ішінде Алматы ауданында
2 954 адам алады.

АӘК-тің орташа мөлшері:
Республика бойынша
– 4 834 теңгеден – 21 572 теңгеге;
Нұр-Сұлтан қаласы бойынша –
3 310 теңгеден – 21 572 теңгеге өсті.

АӘК параметрлері қалай жетілдіріледі?

Енді бір отбасы үлгісімен АӘК параметрлерін жетілдіру жолдарын түсіндіріп көрейік. Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданында тұратын бір көпбалалы отбасын мысалға алайық. Отбасының құрамында әкесі мен анасы, 7 бала бар делік. Отбасының еңбек қызметінен түсетін табысы – 73 954 теңге. «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған көпбалалы аналарға төленетін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері – 16 160 теңге. Бір отбасына төленетін АӘК-тің айлық мөлшері 26 710 теңге (балаларға 151 004 теңге). Отбасының жалпы табысы – 267 828 теңге. Сонда 12 айға тағайындалған АӘК жалпы сомасы 2 132 556 теңгені құрайды.
Жаңа форматтағы АӘК 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап тағайын­дау, қайта есептеу және төлеу қалай жүргізіледі? Бұған дейін мәлім болғанындай, 2018 жылдан келе жатқан мәліметтерді ескере отырып, елордадағы 481 отбасына АӘК шартты ақшалай жәрдем ретінде 1 сәуірге дейін төленді. 2019 жылдың 1 сәуіріне дейін жоспарланған 363 шартты ақшалай көмек алушыларға әлеуметтік келісімшарт аяқталғанға дейін шартты жәрдемақылар қайта есептелді.
Енді АӘК тағайындау, қайта есептеу және төлеу туралы бірер статистикалық деректерді келтірейік. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 1 сәуірге дейін 363 отбасының АӘК алуы автоматты түрде қайта есептелді. Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша «Е-халық» ақпараттық жүйесі бойынша барлығы 2 764 өтініш қабылданған. Соның ішінде, 1615-іне қатысты оң шешім шығарылды. Шамамен 10 мың адамға 161,1 млн теңге төленген. Орташа есеппен әр отбасына төленген қаражат 100 мың теңгені құрайды. 133-інің өтініші қанағаттандырылған жоқ. Барлығы 1978 отбасына қатысты оң шешім қабылданды.
Айта кетелік, АӘК тағайындау жөніндегі азаматтарды қабылдау мынадай мекенжайларда жүргізіледі: «Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің халыққа қызмет көрсету орталығы» КММ, Бейбітшілік к-сі, 25 үй, «Өркен» бизнес орталығы; Алматы ауданы әкімінің аппараты, Тәуелсіздік даңғылы, 7 үй; Байқоңыр ауданы әкімінің аппараты, Брусиловский к-сі, 17/3 үй, Байқоңыр ауданының №5 халыққа қызмет көрсету орталығы, Абай даңғылы, 80 үй; Есіл ауданы әкімінің аппараты, Қабанбай батыр даңғылы, 33 үй; Есіл аудандық №1 халыққа қызмет көрсету орталығы, Мәңгілік ел даңғылы, 30 үй; Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты, Сарыарқа даңғылы, 13 үй.

Жәрдемақы өседі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедек баланың күтіміне қатысты жәрдемақының көлемі өсетінін хабарлаған болатын. Бұл, негізінен, бала кезінен 1-топтағы мүгедекке жататын балаға күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы. Мәселен, 2019 жылдың 1 шілдесіне дейін оның мөлшері 31 183 теңге болса, 1 шілдеден кейін 41 578 теңгеге ұлғаяды. Мұндай жәрдемақымен республика бойынша 100 699 адамды қамту жоспарланып отыр. 2019 жылдың 1 сәуіріндегі жағдай бойынша, Нұр-Сұлтан қаласында мұндай жәрдемақы алуға құқылы 5 557 адам бар. Соның ішінде 1 670-і Алматы ауданында тұрады.
Сонымен қатар, біздің Үкімет көпбалалы аналар мен мүгедек баласын тәрбиелеп отырған аналарға өз үйінде әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға және сұранысқа ие кәсіптерге қысқа мерзімде оқытуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл мақсатқа арнайы гранттар мен шағын несиелер бөлінеді. Бұдан бөлек, көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған: ірі компаниялар мен кәсіпкерлердің көмегімен пәтер беру, жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін бөлу, баспанаға төлейтін алғашқы жарнаны субсидиялау, тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға басымдықпен жалға баспана беру сияқты ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылатыны қуантады.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды