АТАДАН ҰЛ ТУСА ИГІ…

НЕМЕСЕ ЕКІ АРНАНЫҢ ЕКІ ХАБАРЫ ЖӨНІНДЕ

Еліміздің дамуында кезең-кезеңімен өткізілген экономи­калық, саяси реформалардан кейін қоғамдық сананы жаң­ғырту қажеттілігі туындады. Өйткені құндылықтар жүйесінің дағдарысы, рухани мұраттардың бұлыңғырлығы өз әсерін тигізбей қойған жоқ. Қоғамда дүниетанымдық дағдарыс анық байқалды. Мұндайда реформа жасала ма, жасалмай ма, бәрібір. Жалпыға бірдей түсінікті және олар қолдайтын жаңа мақсаттардың болмауы жұртшылықтың жүргізіліп жатқан реформаның әлеуметтік міндеттерін түсінбеуіне әкеп соғады.

Ал оларды түсіндіруде халық арасында кең қолданысқа ие телевизия әлеуетін пайдаланбау жөнсіз болар еді. Бұл ретте еліміздің басты екі арнасы – «Хабар» және «Қазақстан» ұтымды қадам жасап, өткен жылы сәтті екі жобаны ұсынды. Олар – «Код нации» және «Парасат майданы».
Аттары айтып тұрғандай, біреуі – орыс тілінде, екіншісі – қазақ тілінде. Бұл да дұрыс, себебі республика халқының басым көбі қазақтар болғанымен, әзірше орысша сөйлейтін, орысша ойлайтын қандастарымыз аз емес екенін мойындамасқа амал жоқ. Оның үстіне, Қазақстан халқының құрамындағы өзге этнос өкілдерінің бәрі бірдей мемлекеттік тілді еркін игеріп кетті деп мақтана да алмаймыз. Сондықтан, елімізде жүргізіліп жатқан реформаның мәнісін неғұрлым көп көрерменнің түсінулері үшін «Хабар» жобасының орыс тілінде жүргізілгенінің де жөні бар.
Екі тележоба да адамзатқа ортақ, біздің қоғамда да көрініс тауып отырған мәселелерді қамти отырып, көңілді алаңдатқан, ойға маза бермеген өзекті сұрақтарға жауап іздейді. Толғанады, таласады, тұжырым жасайды.
Қазір жиі айтылатын бәсекеге қабілетті адам дегенде көз алдымызға кімді елестетеміз? Әрине, білімді, кәсіп меңгерген адамды. Қоғамның тыныс-тіршілігінен хабардар, айтар ойы бар, жөн сілтей алатын адамды. Тұжырып айтсақ, зиялы адамды. Телевизияның алдында тұрған өзекті міндеттің бірі – осындай адамды тәрбиелеу. Мұндай жүкті тек өздері зиялы тұлғалар ғана көтере алатыны даусыз.
Өнерде әннің бағын әнші ашатыны сияқты, телевизияда бағдарламаның бағы көп жағдайда жүргізушіге байланысты. Осы ретте екі арна да ұтылмайтын амал тапқан: әдебиет, мәдениет, телевизия саласында есімдері жай ғана таныс емес, аса танымал, аса қадірлі екі тұлғаның – Сағат Әшімбаев пен Төлен Әбдіковтің ұлдары – Мәулен мен Дарханға бағдарлама тізгінін ұстатқан. Осының өзі көрерменді елеңдетіп, әлдебір жаңашылдықты күткізді.
Әрине, Мәулен де, Дархан да қазақ қоғамына бейтаныс жандар емес. Өз орталарында аттары белгілі, өз салалары бойынша айтқан пікірлеріне көпшілік құлақ түретін тұлға болып қалыптасып үлгірген азаматтар. Дегенмен, телекөрермендер ішінде заманауи гаджеттердің тілін білмейтіндер, бірақ Сағат Әшімбаевтың «Парызы мен қарызын» ұмытпаған, Төлен Әбдіковтің «Ақиқаты» мен «Парасат майданынан» нәр алып, қос тұлғаның шығармашылық қуаты өмірге басқа көзбен қаратқан адамдар басым екені шындық. Және солардың көкейінде бағдарлама жүргізушілері өз дәуірінің тау тұлғалы азаматтары бола алған әкелер деңгейіне жетер ме екен деген сұрақ тұрғаны да рас еді.
Енді сол хабарларға аз-кем тоқталайық.
«Парасат майданын» жүргізушіні көп тележүргізушіден хабарды жасаудағы ұстанымы, өз стилі, ойын жалтақтамай айтатын сөйлеу мәнері ерекшелейді. Бағдарлама қонақтарын таңдауға да қатты мән беретіні байқалады. Басты талап – өз ойын ашық және еркін айту. Бұл талаптың рухани жаңғыруға пайдасы – жастардың бойында батылдықты, дүниетаным кеңдігін тәрбиелеуге ықпал ететіні дер едік. Тіпті тақырыпты да «өткенсіз ертең жоқ» деген қағидатты ұстанып екшейтіндей көрінді. Адамзат тарихында болған бір оқиғаны негізге ала отырып, елге танымал бір тұлға мен көпшілік біле бермейтін, бірақ өз үні бар бір тұлғаның ой-пікір алмасуы; жүргізушінің оқиғаны қазіргі қоғамның өзекті мәселесімен ұштастыруы тарих қателіктерінен сабақ алу қажеттігін меңзейді.
Ғылым, мәдениет, өнер және әдебиет салаларындағы аға ұрпақ пен жас буын өкілдерінің ой-толғаулары тоғыса келіп, бұл мәселелер бойынша зиялы қауымның пікір қалыптастыруына негіз қалайтындай.
Бұл хабар туралы біз бұрын да «… жақсы, жаңашыл, ойлы телехабарлар бар… Солардың ішінде шоқтығы биігі – «Қазақстан» ұлттық арнасындағы «Парасат майданы». Дархан Әбдік – жай ғана жүргізуші емес, студияның озық ойлы қонақтарымен терезесі тең дәрежеде сөйлесіп, толғаулары мен талдауларынан биік өресі танылатын интеллектуал» деп жазғанбыз.
«Осындай беретіні мол жоба неге тым кеш уақытқа қойылған деген сұрақ мазалайды. Әлде еркін ойдан қорқу бар ма?» деген сауал да тасталған. Мәдениетімізге қосары жоқ құнсыз фильмдер телекестеге ұтымды орналасып жатқанда, көптің көкейіндегі ойды қозғап, рухани сілкіністерге бастайтын, мақала басында айтылғандай, зиялы қоғамды тәрбиелеуге үлес қоса алатын мұндай хабарға «прайм-таймнан» уақыт табылмағаны қынжылтады.
Күн сайын саяси аренада, зиялы ортада, ғылым саласында, өнер әлемінде жақсысы мен жаманы қоса қабаттасып, түрлі оқиғалар болады. Ғылым мен надандықтың, жақсылық пен жамандықтың күресі толассыз жүріп жатқан қоғамда жол көрсететін шамшырақ болмаса, қалың қауымның адасып, басқа соқпаққа түсіп кетуі ғажап емес.
Біздің елде бұндайда әдетте, ИПГ (информационно-пропагандистские группы) деп аталатын топтардың қызметіне жүгінеді. Бірақ, әр нәрсені өз атымен атайық: қыруар қаржы жұмсалатын мұндай топтардың, әсіресе, олардың құрамында жоғары лауазымды, атағынан ат үркетін адамдар болса… пайдасының қаншалықты екенін білмеймін, бірақ, материалдық шығыны көп болады. Мұны біз елге шыққанымызда талай рет естідік. Оқырмандармен кездесулерде қарапайым халық құрметті қонақтарды құрметтеп (!) қарсы алып, шығарып салу… қаншалықты шығынға батыратыны туралы қарапайым қалпымен айта салады. Сондайда бұл ИПГ-ларды немен алмастыруға болады деген сұрақ туындайтын. Жауабын өткен жылғы «Хабар» арнасында берілген «Код нации» хабарынан таптық. Бұл Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы түрткі болып, елімізде қоғамдық сананы жаңғырту бағытында қолға алынған ауқымды қызметті халыққа егжей-тегжейлі түсіндірудің тамаша үлгісі болды. Ал телевизиялық жаңа жобаның жүргізушісі ретінде қазақ телевизиясының тарихындағы бірегей тұлға Сағат Әшімбаевтың ұлы Мәуленнің таңдалуы – сөз жоқ, өте ұтқыр шешім еді.


Мәселе Мәуленнің биік саяси лауазымдар атқарған, қазіргі кезде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты екендігінде емес. Біздіңше, мәселе, кезінде телевизия тарланы «Қарыз бен парыз», «Жүректен қозғайық» сияқты хабарлар жасап, халықтың ақыл, ой, білім, парасатқа құштарлығын оятуға әрекет жасаған эфирде арзанқол ток-шоу, сапасыз, мән-мағынасыз хабарлар көбейіп бара жатқанында. Және оны «сөзбен емес, өнегелі іспен» тоқтату қажеттігі туындағанында еді. Сондықтан, кезінде елдің рухани нәр алатын көзі болған, ал уақыт өткен сайын даулы-дабыралы хабарларды жүргізетін, ақшалы, ықпалды ағалардың «қуыршақтары» жайлап бара жатқан эфирді тазарту және ойлы сөз айту, қанмен берілген парасат-пайым тереңдігін көрсету үшін-ақ Мәуленнің шығуы керек еді.
Бастапқыда бес шығарылымнан тұрады деп жоспарланса да, эфирге жол тартқан жеті шығарылым берілу форматы бірдей болғанымен, тақырыбы жағынан бірін-бірі қайталамайтын, танымдық, ақпараттық, энциклопедиялық білім қуаты мол хабарлар болды. Тақырып бойынша шақырылған қонақтар да – өз саласының белгілі мамандары. Әңгімеге Алматыдан, Шымкенттен, басқа қалалардан қосылған сарапшылардың пікірлері тақырыпты байыта, тереңдете, нақтылай түседі. Осы ретте жүргізуші М.Әшімбаевқа саясаткер М.Әшімбаевтың тәжірибесі көп көмектесті.
Таңдалған тақырып бойынша, мейлі, ол қазақ тілінің латын графикасына көшуі, не қасиетті жағрафия, әйтпесе білімге құштарлық немесе жаһандағы қазіргі қазақ мәдениеті, т.б. болсын, бір сұрақты ортаға тастап, әр сарапшының ойын еркін айтқызу, сырттан тартылған сарапшылар пікіріне құлақ түру, сөйтіп барып, ойды қортытындылап, заман талабына сай ортақ тұжырым жасау тәжірибелі модератордың ғана қолынан келеді. Мәулен бұл міндетін тамаша атқарып шықты.
Біз айтып отырған екі жүргізушінің де талқыланатын тақырып бойынша цифрлар мен фактілер, еліміз бен әлем елдерінің тарихынан мысалдар келтіріп, ойға ой қосып отыруы, олардың білімдарлығына, хабарды жүргізуге қаншалықты дайындалғанына қоса, өз ісіне деген жауапкершілігі мен экранның арғы жағындағы көрерменге деген құрметін көрсетеді.
«Адам барынша адал болуы керек» деді Дархан «Таңшолпан» бағдарламасына қонаққа барғанда. «Обществу нужны герои, на которых нужно равняться. Нужны ориентиры» деді Мәулен «100 жаңа есімге» арналған хабарда.

Міне, осы сөздерді арна басшыларына және барлық тележүргізушілерге қарата айтуға болады.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА,
жазушы,
ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім»
республикалық мемлекеттік мекемесінің жетекші сарапшысы

Сонымен қатар

БАЛУАН ШОЛАҚ: БІР ҒАСЫРДАН СОҢ

Қазақтың сал-серілік дәстүрін ұстанып, сан қыр­­лы өнерді бір бойына жинақтаған халық композиторы Балуан Шолақ (Нұрмағанбет) …

Пікір қалдыру

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған