Вторник, 26 Сентябрь 2017
-->

АТА-АНА ДА – БАЛАНЫҢ ҰСТАЗЫ

Мұғалім мен ата-ана арасындағы байланыс бүгінгі қоғамымызға лайықты азаматтар өсіріп, тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Кез келген мектептің оқу-тәрбиелік бағдарламасында бұл мәселе назардан тыс қалмайды.

03_5s

Дегенмен соңғы кездері осы қатынасқа ептеп сызат түскендей көрінеді. Бүгінгі ата-ана бұрын­ғыдан басқаша, баяғыда «еті сенікі, сүйегі менікі» деп баласын мұғалімге сеніп тапсыратын» деген пікірлерді жиі еститінбіз. Расында, қоғам өзгерді ме, адам өзгерді ме, кейбір ата-ана балаларының тәрбиесіне де, оқу үлгеріміне де мұғалімдер жауапты деген түсінікте. Тіпті, мектепке келіп, мұғалімге қол көтерген жағдайларды да естіп жүрміз.
Бұл, әрине, «мектеп», «мұ­ға­лім» дейтін киелі атаулардың бала санасына, бала жүрегіне орнығып, бұл сезімнің оның одан әрі азамат болып қалыптасқанға дейін жан-дүниесінде гүлдеп көркеюіне кері әсер етеді.
Мұғалім болсын, ата-ана болсын, алдымен ел азаматтары, болашақ үшін жауапты тұлғалар. Сондықтан бұл жерде педагог пен ата-ана арасында тығыз қарым-қатынастың болуы, түсіністіктің орнығуы тәрбие мен білімінің мектепте де, түзде де балаға бағытталуының басты шарты дер едім.
Мен «Өзін-өзі тану» пәні бойынша №61 мектепте сабақ беремін. Мектеп тәжірибесінде бұл мәселеге баса назар аударылады. Сабақ барысында балаларды адам бойындағы құнды қасиеттерге баулу, жақсы істер жасай білуге, достыққа, сүйіспеншілік пен татулыққа, бір-біріне қамқор болуға үйретуге, баланың жоғары адами болмысын қалыптастыруға ерекше мән беріледі.
Педагогикалық оқыту әдістері мен әдістемелері туралы әңгіме бөлек. Бұл жерде айтпағым, кез келген оқушы өз ата-анасының бойынан ізгілікті, жан жылуы мен махаббатты жүрегімен сезінетінін айтқым келеді. Шәкірттер белгілі бір тақырып бойынша әңгіме қозғағанда, сабақ барысында әкесінің немесе анасының игі істерін, мейірім-шуағын шынайы сезіммен айтатынына көзім жетті.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демей ме ата-бабамыз. Оқушылардың жүрегіндегі ата-анаға деген осы бір ғажайып сүйіспеншілікті мұғалім жүрегіндегі ізгілікпен қабаттастыра өре білсек, нағыз адам тәрбиеленеді. «Өзін-өзі тану» пәнінің алғашқы негіздері ата-анадан, оның айтқан сөзінен, істеген ісінен бастау алады. Бала бойындағы сол көк өскін мектеп қабырғасында гүлдейді, тамыр жаяды.
Сондықтан баланың өзін танып, қоғамға керекті үлкен азамат болуы үшін мұғалім мен ата-ана байланысының шынайы тереңдігі, жауапкершілігі орнығуы керек. Әке де, ана да баласы үшін ұстаз! Осы қағиданы ұмытпау қажет деп ойлаймын.

Сағила ЖҮНІСОВА,
Астанадағы №61 мектептің мұғалімі

Print Friendly, PDF & Email
PDF24    Отправить статью как PDF   

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*