«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

АСЫҚ АТУҒА АСЫҒЫҢЫЗ

0 160

Бүгін Астана қаласында асық атудан «Алтын сақа» халықаралық турнирі басталды. Қала күнінің құрметіне орай өткізіліп отырған асық турнирін «Асық ату» Республикалық федерациясы, елордалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Астана қаласы әкімдігінің «Спорттық-бұқаралық шараларды өткізу дирекциясы» ұйымдастырып отыр.

ERM_8632

Осымен 8-нші рет ұйымдастырылып отырған дәстүрлі турнирге Қырғыз елі екі бірдей команда алып келіпті. Сондай-ақ, еліміздің әр облысынан тағы 9 команда келіп қатысып жатыр. «Бүгінгі күні ұлттық спорт түрлерімен айналысатындардың қатары артып келеді. Осымен 8-ші рет өткізіліп отырған Астана күніне арналған «Алтын сақа» халықаралық турнирі – соның бір дәлелі. Ұлттық ойынымыз асық ату сайысын өткізудегі негізгі мақсат – ұлттық спорт түрін қайта жаңғырту және дамыту, сондай-ақ, қала тұрғындары мен қонақтарының, әсіресе, балалардың аталған спорт түріне деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар, шет елдерден келген командаларға бір-бірімен танысып, өзара тәжірибе алмасу. Асық секілді құндылықтарымыздың астарында біздің тарихымыз жатыр. Бұл ойын түрі жас балаларды мықтылыққа, мергендікке үйретеді. Сондықтан да бұл турнирдің тәрбиелік мәні зор» дейді Астана қаласы командасының аға жаттықтырушысы әрі бас төрешісі Ескендір Рахметов.

ERM_8758

Турнирге Монғолия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан, Түркия, Қытай және Ресей командалары келулері тиіс болған. Алайда белгілі себептермен көбісі келе алмапты. Асық ату сайысына қатысушы командалардан бөлек ережеге сәйкес, жасы 16-ға толған кез-келген қала тұрғыны қатыса алады. Бүгін шымылдығын түрген шара ертеңге дейін жалғасады.

Бүркіт НҰРАСЫЛ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды