«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Асыл сөздің қоймасы

0 39

ХХ ғасырдың 60-шы жылдарындағы қазақ поэзиясының аса көрнекті өкілдерінің бірі, талантты ақын, сөз зергері Мұқағали Мақатаев шығармашылығын ғылым-білімнің қай қырынан зерттесе де, еш өзектілігін жоғалтпайды.

Мұқағали шығармашылығы әдебиеттану ғылымынан біршама зерделенгені белгілі, алайда тіл білімі тұрғысынан әлі де зерттеу нысанын қажет ететін тұстары да баршылық екені ақиқат.
Жалпы, Мұқағали тілі қазақ қара сөзінің алтын қазынасы мен асыл қоймасы іспетті. Мұзбалақ ақын жинақтаған осы асыл қазынадағы сөз маржандарының қолданыс ерекшеліктеріне, сөз таңдау мен сөз түрлендіру шеберлігіне, дыбыс, буын, бунақ, ырғақ әуезділігі мен үндестігіне кешенді талдау жүргізіп, кемеліне келген көрікті ой мен тыңдарманды рахатқа бөлейтін эстетикалық әсерлігін лингвопоэтикалық ұстанымдар негізінде саралаған абзал.
Бұл сөздіктің авторлары – елімізге танымал тілші ғалым-профессорлар Б.Қалиев, Ж.Түймебаев, Ш.Құрманбайұлы, С.Исакова.
Авторлар бұл сөздікті жасауға 4 жарым жылдан астам уақыттарын арнаған. Сөздіктің жауапты редакторы сөздік түзудің теориясы мен практикасының, методологиясының қас білгірі әрі кәсіби маманы – филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Байынқол Қалиұлы.
Лексикография тарихында ғылым мен өркениет дамуына ерекше үлес қосқан жеке тұлғалардың сөз байлығын анықтау мақсатында ағылшын халқының ұлы драматургі, әрі ақыны У.Шекспир тілінің сөздігі (1874), орыс халқының ұлы ақыны А.С.Пушкин тілінің сөздігі (1956), қазақтың ұлы ақыны Абай тілінің сөздігі (1968) сияқты танымал тұлғалардың сөздіктері жарыққа шыққаны белгілі.
ХХ ғасыр қазақ поэзиясында «ғасыр ақыны» атанған ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың сөз байлығын жинақтап, мағынасын саралау мақсатында жазылған «Мұқағали тілі сөздігі» профессор Байынқол Қалиев бастаған сөздікшілердің сөздік түзу саласындағы қажыр­лы еңбектерінің бірі саналатыны сөзсіз.
Сөздікке ақынның 5 томдық шығармалар жинағындағы 13348 жеке сөз бен 5035 тұрақты тіркес жинақталып, олардың 282 мың рет қайталанып қолданылатын статистикалық жиілігі көрсетілген. Сонымен қатар бұл сөздікті Мұқағали тіліне жасалған бірден-бір алғашқы текстологиялық зерттеу ретінде де бағалауға болады.

Кенжетай КҮРКЕБАЕВ,
филология ғылымдарының кандидаты

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды