«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

«Астарлы ақиқатты» көріп ашынғаным-ай…

0 175

Қазір қолынан түк келмегеннен кейбір жастар жалаңаш тәнін көрсетіп, атын шығаруға әуес. Кімнің «жобасы» екені белгісіз, өткен айларда үстіне киім кимесе де, басына сәукеле қондырып алып, әлеуметтік желіні шулатқан қыз соған көзімізді жеткізген еді. Одан да сорақысы, КТК арнасындағы «Астарлы ақиқат» ток-шоуына сол қыз «мәртебелі қонақ» ретінде шақырылыпты. Алдында жасаған ісі бір бөлек, студияда ар-ұяты таза, ибалы, намысы бар қызға ұқсап сөйлеп отыр.

Бұл бағдарлама оның жүргі­зушісі Дина Төлепбергеннің тақырып таңдаудағы ой таяздығының, намыссыздығының, атаққұмарлығының көрінісі деу­ге болатын шығар. Бірақ содан қазақтығымыздың, ұлттық құндылығымыздың табан астына дейін төмендегенін көзбен көріп, тыпыршып, жанымды қояр жер таппадым.
Елінің еңсесі түспеуін ойлайтын, қоғамда орын алып жатқан кері мәселені кекетіп шықпай, жанашырлықпен қарайтын қазақтың қаншама парасатты, салиқалы, көрегенді жастары бар. Ал біздің ток-шоулар неге осындай арсыздарға үйір? Ол қыздың ел алдына тыр жалаңаш шыққаны, асыл апаларымыздан мұра боп қалған әшекейлердің құнын түсіріп, жалаңаш кеудесіне таққаны аздай, телеэфирге шығып, жұртқа базына айтатындай олардың не құдіреті бар? Телебағдарламалар неге осындай ар-ұяттан жұрдай жастарды халық алдына шақырып, оларды әлдеқандай етіп сұрақ қойып, рейтинг жинағысы келеді? Одан не тапты? Бағдарлама журналис­тері рейтинг қуып жасаған тірлігінен соң ұлттық болмысымыздың қадірін ұлтарақтың астында қусырылып қалғанын ойлады ма? Жүргізуші Дина Төлепберген өзін-өзі ерсі көрсетіп, «қадірлі қонағына» анайы сұрақтар қойғанда өзін мықты болып кеттім деп ойлайтын секілді. «Атың шықпаса жер өртені» ұстанып, арсыздыққа көшкен осындай қаракөз қыздарымызға қарап «әр қазақ менің жалғызым еді ғой» деп жылағың келеді.
«Дос жылатып айтпай ма», тақырыптың ушыққанына ұя­лып, кішкене именіп сөйлеудің орнына, керісінше, «жаны кіріп жатқан» жүргізушіге тіп­ті шашын ақ қырау шалған Наға­шыбай Есмырза ағамыздың сөзі «отқа май құя түскендей». «Әке-шешем, іні, сіңлім бар, оларға образым осындай, шын өмірде ондай емеспін деп түсіндіргенмін» дей келе, өзінің жұпсыз жүкті екенін жасырмай мақтанышпен көрсетуі, ойдағы жоқ образды айтып оттауы, Н.Есмырза ағаның «баяғы ­Битлз» деп дәл осы жерде шоқтығы биік Битлзді аймандай болған Айжанмен шатастыруы, жүргі­зуші Динаның бағдарламаның басынан аяғына дейін кекесінді сөздерімен жұрттың бәрін қыр­қыстырып, соған мәз болғаны – мұның бәрі әлем қанша жаһанданса да, адамгершілікке жат нәрсе екені айдан анық.
Өкініштісі, осындай бағдарламалар көбейіп кетті. Ток-шоу­лардың көбі рейтинг қуып, арсыз, абыройсыз әңгімелер береді. Бұлай жалғасып келе жатқанына етіміз үйреніп те кетті. Көңіл көншітерлік көмек күт­кен психологтардың өзі кейде сұрақ­тарымен айды аспанға бір-ақ шығарады. Мысалы, өткенде «Махаббат жасқа қарамайды» деген кезекті бір нөмірінде жас айыр­машылығы желіні шулатқан ерлі-зайыптылармен қатар бір жас отбасын шақырды. «Енем өмірден ерте кеткен, үйде қайныларым бар» деп өз өмірімен таныс­тырып жатқан жас келіншекке психолог Анна Құдиярованың «жеңгенің бір саны қайнысінікі, сізде екі қайны бар, қорықпайсыз ба?» деген секілді «сұрқия сұрақтарымен» «шошытты». Сонда бағдарлама жүргізушісі Динадай, психолог деп сенгендеріміз Анна ханымдай болса, біз кімнің аузына қарап, кімдерді тұлға деп төрге шығарып отырмыз?

Несібелі ИМАНҚҰЛОВА

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды