Вторник, 25 Июль 2017
-->

МИЛЛИОНШЫ ТҰРҒЫНЫ – БІР ЖАСТА

Өткен жылдың 4 шілдесі күні Астана қаласының 1 миллионыншы тұрғыны дүниеге келген болатын. Олжас пен Арайлым Мұхамедияровтар отбасының қуанышы күні кеше 1 жасқа толды. Отбасына ғана емес, сонымен қатар исі қазаққа қуаныш сыйлаған Саида бүгінде тәй-тәй басып өсіп келеді.

Олжас өзінің ата-анасы Қостанай облысынан Астана қаласына бала күнінде қоныс аударғанын айтады. Сол сияқты Аиданың ата-анасы да ерте бастан елордада өсіп-өну үшін Керекуден келген. Яғни, Олжас пен Арайлым Астана қаласының мектептерінде біліп алып, осында жоғары оқу орнын тәмамдаған. Жарасымды жұп елордада танысып, 2015 жылы шаңырақ көтереді.

– Саида шілденің 3-нен 4-не қараған түні сағат 01:00-де дүниеге келді. Таңертең бізді қала әкімнің орынбасары келіп құттықтады. Мен ол кезде Астана күніне байланысты құттықтап жатқан шығар деп ойладым. Содан кейін қала әкімі келіп, «сіздер елорданың миллионыншы тұрғындары болдыңыздар» деп құттықтады. Біз қызымыздың Астана қаласының 1 миллионыншы тұрғыны болатынын білген жоқпыз. Оның үстіне қала әкімінің қолынан 2 бөлмелі пәтердің кілтін алған кезде түс көріп жатқан сияқты сезіндім. Өйткені бұған дейін біз пәтер жалдап тұрып жатқан болатынбыз, – дейді ол.

Қарапайым жұмысшы болып қызмет жасайтын отбасы үшін әкімнің қолынан 2 бөлмелі пәтер алу – айрықша оқиға. Өйткені Олжас елорданы электрмен қамтушы «Астана-РЭК» кәсіпорнында энергетик, ал Арайлым болса «Нұршашу» балабақшасының тәрбиешісі болып жұмыс істейді.

– Қазақтың «Бір бала туылса, бір тал жусан артық өседі» деген сөзі рас екен. Өйткені Саида дүниеге келе сала отбасымызға үлкен қуаныш сыйлады. Әйтпесе, дәл қазіргі уақытта Астанадан екі бөлмелі пәтер алу мыңдаған адамдар үшін арман болып отыр емес пе? Міне, осы арманға бірінші Алланың, екінші кішкентай қызымыздың арқасында жетіп отырмыз. Сондай-ақ, баспаналы болуымызға көмектескен атқамінер ағаларымызға алғыс айтқым келеді, – дейді Олжас.

Жалпы еліміздің өсіп өркендеуі үшін миллион тұрғыны бар бірнеше қала болғаны маңызды болып отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев үнемі айтып жүр. Өйткені миллион тұрғыны бар шаһардың экономикалық-әлеуметтік өсіп өркендеуі арта түседі. Қазіргі таңда Алматыдан кейін Астана қаласы осы мүмкіндікке ие болып отыр. Сондай-ақ, бұл қатарға жақында Шымкент қаласы қосылатынын Елбасының өзі айтқан болатын. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні қазақтың көбейіп жатқаны көңілді көкке көтереді.

Серік  ЖОЛДАСБАЙ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*