«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астаналық мәдениет

Бәріміздің бойымызда бар ма?

0 92

Нұр-Сұлтан қаласында төрт жарым жылдан бері тұрып келе жатқан түркиялық досым бар. Бірде ол біздің елге қалай бауыр басып қалғаны туралы әңгімелеп отырып, жергілікті халықтың бір әдетін мүлде түсіне алмай қойғанын айтты. «Мұнда бәрі мұнтаздай тап-таза. Зәулім ғимараттардың қақ ортасымен түп-түзу жолдың бойында көлікпен кетіп барасың. Дәл алдыңдағы S-класты «Мерседес» бағдаршамға тоқтағанда, есігі ашылып, ішіндегі адам жерге түкіреді. Осы әдетті көп жүргізушілерден көрдім» дейді маған сұраулы жүзбен қарап. Не деп жауап берерімді білмедім.

Түкіруге тыйым тиімді болмай тұр

Өйткені сөзінің жаны бар. Аты дардай астана болсақ та, тұрғындардың әдебі әзірге оған сай келмей тұр. Дәлел керек пе? Дәлелді кез келген бұрыштан табасыз. Мысалы, «Хан Шатырға» барыңызшы. Көркі көз тартатын осынау орталықтың алдына түкіріктен «жаңбыр жауған» ба дерсіз. Тепкішекпен мініп-түскенше жерге қарамауға тырысасың.
Қоғамдық орындарда түкіру Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңындағы 434-бапта ұсақ бұзақылық ретінде көрсетілген. Мұнымен қоса, қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиiсу, саябақтарды, гүлзарларды ластау, оның iшiнде белгiленбеген жерлерге қалдықтарды тастау және тұрғындардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер үшін аталған құжат бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға немесе он тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алуға міндеттейді. Нұр-­Сұлтан қаласының Полиция департаменті ұсынған ақпаратқа жүгінсек, былтыр жоғарыдағы жайт бойынша 5600-ге жуық дерек тіркелген екен.
Біздегі жаза тым жеңіл бол­ғандықтан, адамдар да оған бола онша басын қатыра бермейтін секілді.

Егер олар Сингапурға барса, әңгіме басқаша болар еді. Бұл мемлекетте жерге түкірген кісі 300 сингапур долларын (шамамен 84 мың теңге) төлеуі тиіс. Себебі ондағы үкімет түкірікті, ең әуелі, қауіпті ауруларды тарататын фактор деп қарастырады. Гонконгтың заңы тіптен қатал. Мұнда қоғамдық орында түкіргеніңіз үшін 1500 АҚШ долларына тең айыппұл салынады. Біріккен Корольдікте де ХІХ ғасырдан бастап беріректегі 90-жылдарға дейін түкіру құқық бұзушылық болып есептеліп, оған арнайы ақшалай жаза тағайындалды.

Ол кездері ағылшындар арасында туберкулездің өршіп тұрған шағы-тын, жаңағы әдіс соған барынша кедергі қоюдың бір жолы еді. Бүгінде «spitting prohibited» («түкіруге тыйым салынады») деген белгілер түгелімен алынып тасталғанымен, кей қалалар мен аудандардың әкімшілігі әлі күнге дейін бұл әрекетті «цивилизацияланған қоғамда төзуге болмайтын қылық» деп бағалап, айыппұл бекітіп тастаған.

Кезек күтуді кімнен үйрену керек?

Жоғары мәдениеттің тағы бір көрінісі кезекке тұру әдебінен байқалады. Бұл орайда біздің британиялықтардан үйренеріміз көп сияқты. Өткенде Қазақстан-Шотландия матчына Эмели есімді шотланд құрбым келді. Қаланы барынша ішінен танысын деп ара-тұра автобуспен де аралатқанмын. Мәдени шок аларын сезсем де…
– Неге адамдар кезекке тұрмайды? Бәрібір автобус олардың бірін қалдырып жүріп кетпейді ғой, – дейді «оныншыға» мінгенімізде.
Шынымен де, оларда кезекке тұру әдебі жазылмаған заң тәрізді қалыптасқан. Автобус­қа мінерде де, дәріханада да, кофе-шопта да үн-түнсіз бірінің артына бірі тұра қояды. «Соңы кім?» деп сұрауға да еш қажеттілік жоқ. Манчестер университетінде оқып жүргенімде, футбол матчына билеттер сатылып жатқанын мынадан білетінбіз: Student Union деп аталатын ғимараттың ішінен бастап, сол үй орналасқан Оксфорд көшесінің бойымен 200-300 метрге дейін ұзын-сонар кезек созылатын. Шеффилд университетіне оқуға түсер уақытта да ең алғашқы тіркелу күнінде мың шақты студенттің кампустан асып, сая­баққа дейін қаз-қатар кезекке тұрғанының куәсі болғанмын. Visa Contactless ұйымы шығарған статистикаға сенсек, әр брита­ния­лық өз өмірінде орташа есеппен 18 сағатты кезекте тұру­мен өткізетін көрінеді, оның ішінде лондондықтар аптасына 9 минут 11 секундты осы дәстүрлерін орындауға «қияды». Тағы бір қызығы, әлдекім (көбінесе өзге елдің өкілдері) білместікпен кезек күтпестен ішке өтіп кетсе, оған ешкім кейіп-айғайламайды.
Кезек күткіш халық ретінде жапондарды да айтуға болады. 2011 жылғы цунамиден соң күншығыс елі тұрғындарының тамақ пен бензин сатып алу үшін төзіммен бір сызықтың бойында тұрғанын көрсететін суреттер мен видеолар интернетті шарлап кетті. Апатқа да қарамастан, жапондардың мәдениетке беріктігіне әлем сонда еш күмәнсіз сенген.

Кішіпейілдікпен көркейген ел

Тағы бір көкейкесті мәселелердің бірі – біздегі жұртшы­лықтың «рақмет» пен «кеші­рі­ңізге» келгенде сараңдық та­нытуы. Ғимаратқа кірерде есі­гін ашып, жаныңыздағы кісі­ні бірінші өткізіп жіберсеңіз де, сырттан келе жатқан адам үшін лифтіні тоқтата тұрсаңыз да, тіпті автобус кондукторына ақша майдалап берсеңіз де, алғыс естуі­ңізге толықтай кепілдік жоқ. «Кешіріңіздің» жағдайы одан да қиын. Біреу сізді кеудесімен абайсызда қағып кетсе, кешірім сұрамақ түгіл, «көзіңе қарап жүрмейсің бе?» деген мәнде көз алартып өте шығуы әбден мүмкін. Осыған ұқсас жайт қызмет көрсету орындарында да жиі болады. Жалпы, сіз кез келген уақытта және кез келген жерде дөрекілікпен бетпе-бет кездесуіңіз ықтимал.
Бұл тұрғыда да дамыған елдердегі ахуалды үлгі тұтуға мәж­бүрміз. Royal Society Open Science ұйымының бес континент арасында жүргізген зерттеуінде тұманды альбион тұрғындары кешірім сұрау мен алғыс айтудан алда екені анықталған. Олардың сөйлеген сөздерінің 14,5 пайызы «рақметтен» тұрады, сондай-ақ тәулігіне сегіз рет «кешіріңізді» қайталайды екен. Сондағы Лидс университетінің докторантура бағдарламасында білім алып жүрген отандасымыз Риза Досова ендігіде күнделікті өмірін осы сөздерсіз елестете алмайтынын айтады:
– Мұнда «thank you»-мен қатар, «cheers», «good job», «well done», «marvelous» секілді синонимдері де қатар қолданылады. Яғни халық бір-бірін барынша қолпаштауға жақын. Мәселен, «cheers, love» («рақмет, сүйіктім») деген тілекті супермаркеттің кассасындағы қызметкерден де, автобус жүргізушісінен де естисіз. Тағы бір таңғалғаным, дүкеннен сатып алған киіміңіз кейінірек ұнамай қалып, қайта өткізуге апарсаңыз, әлгі тауардың сіздің сеніміңізді ақтамағаны немесе өлшемі дұрыс келмегені үшін жата қап сізден кешірім сұрайды. Бұдан басқа, көшеде алдыңыздан әлдекім бетпе-бет келіп қалса да, дәріханада сіз сұраған дәрі таусылып қалса да, «sorry» деп сызылады. Мұндай сыпайылықтан соң өзің де әлдебіреудің көңіліне тиіп кетуден қатты сақтанасың.
Айтпақшы, рақмет айтуды тек жақсы тәрбиенің дәлелі ретінде ғана көруіміз дұрыс емес екен. Солтүстік Каролина университетінің психологы Сара Алгойдың айтуынша, бұл әдет жаңадан әлеу­меттік қарым-қатынас орнатуға және соны сақтауға өте жақсы көмектеседі. Бір-бірімізбен гармонияда өмір сүруді қаласақ және мәдениетті қоғам құрғымыз келсе, осындай кішкентай қадамдардың өзі үлкен өзгерістерге әкелетіні анық.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды