«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астаналық деген атқа саймыз ба?

Айтпайын-ақ деп едім...

0 42

Былтыр Азиядағы дамыған елдердің көш басында тұрған Сингапурда жоғары білім алған жас ғалым Айдос Беспаев бізге сол ел тұрғындарының мәдениеті туралы тамсанып айтып бергені бар еді. Сол кезде мен сингапурлықтардың өресі биік мәдениетіне қызығып қалдым.

Бүгінде Астанаға еліміздің әр өңірінен қоныс аударып келіп жатқандар легі толастайтын емес. Өзіміз де елордаға алыс ауылдан арман қуып келіп, отбасылы болып, балаларымызды өсіріп отырмыз. Қазір осы қаланың тұрғыны болғаныма он жылдан аса уақыт өтіпті. Бірақ өзімді «астаналықпын» деп айтуға әлі ұяламын. Өйткені мен үшін бұл ұғым өте биік.
Әнебір жылы Ресейдің бас қаласына барғанда ондағы мәскеуліктердің бойы­нан бекзаттылық байқалып тұрды. Жетпіс жылға жуық еліміздің бас ордасы болған Алатаудың етегіндегі әсем шаһардың тұрғындарынан зиялылық пен мәдениеттілік аңғарылады.
Ал біздің астаналықтардың мәде­ниеті қандай деңгейде? Әрине, жал­пыға бірдей топырақ шашуға болмайды. Бірақ… иә, бірақ кейде жан-жағыңыздағы кейбір адамдардың дөрекі қылығы мен мәдениетсіздігін көргенде іштей қынжыласыз. Мәдениеттілік дегеніміздің өзі көп қасиеттен тұрады. Кейде адамның ішкі мәдениеті көпке онша біліне қоймайтын жағдайлардан көрінеді.
Мысал айтайын. Бірде қоғамдық көлікке міндім. Салон іші адамға лық толы. Бір мезетте алдыңғы жақта жайғасқан ағамыздың дауысы жер жарып, далада жалғыз өзі қой бағып жүргендей біреумен сөйлесіп отыр. Нәтінде, жақын нағашысы болса керек. Жеті атасынан бері түгендеп, арасында сөзін «тұздықтап» қояды. «Мен қоғамдық көлікте келе жатырмын-ау, қаншама адам маған қарап отыр-ау, ұят болады-ау» деген ой қаперіне кірмейді. Сол кісіге қарап, қарадай мен ұялдым. Сонда Айдостың: «Сингапурда қоғамдық көлікте дабырлап сөйлеспек түгіл, бір адамға қолыңыздың ұшы тиіп кетсе, ол кісі сізден кешірім сұрайды» деген сөзі ойыма келді. Кейбір жүргізушілердің жол ортасына машиналарының есігін ашып, түкіріп жатқанын жиі көресіз. Қоқысты көшеге тастай салатындар да көп. Мәдени орындарға спорт киімімен баратындар да бар. Бұл да мәдениетсіздіктің белгісі. Өткен жолы шаһардағы жылы аялдаманың есігін сындырған бұзақының қылығы да көпті түңілдірді. Қаладағы көпшілік орындарда, мекемелерде қызмет көрсетушілердің мәдениеті де кейде сын көтермейді. Дөрекі, келушілермен дұрыс сөйлесе алмайды. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Шындығын айтқанда, мәдениет алдымен адамға отбасындағы тәрбиеден сіңеді. Кейін ол кеңейе келіп, халықтық мәдениетке айналады. Кейде бір адамның мәдениеті арқылы ұлтқа баға беріледі. Ал астаналық мәдениетке жету үшін әрбір тұрғын мәдениетті болу керек. Ал сіз мәдениеттісіз бе?!

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды