«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астаналық аулалар абат болсын!

0 20

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдаған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев астананы абаттандыру жұмыстарына тың серпін беруді тапсырды. Расымен, өткен жиырма бір жылда бас қаланы көркейту бойынша атқарылған іс аз емес болса да, алда әлі де жасалуы тиіс ауқымды жұмыстар бар. Соның ішінде аулаларды абаттандыру, көгалдандыру, ішкі орамдық жолдарды жөндеу мен жарықтандыру жұмыстары үздіксіз жүріп тұруы тиіс.

Қазір қала аумағында 1560 аула бар. Олардың 1087-сі немесе 69,7 пайызы абаттандырылған. Бұл жұмыс Алматы және Есіл аудандарында жақсы жүріп жатыр. Алғашқы аталған ауданда абаттандыру көрсеткіші 90,4 пайызды құраса немесе 387 ауланың 350-і көркейтілсе, екіншісінде бұл көрсеткіш 89,2 пайыз (399 ауланың 356-сы абаттандырылған) шегінде тұр.
Қаланың ескі бөлігіндегі Байқоңыр және Сарыарқа аудандарында бұл іс сылбыр­лау. Атап айтқанда, Байқо­ңырда аулалардың 61,5 пайызы (234 ауланың 144-і) абаттандырылса, Сарыарқадағы көрсеткіш бұдан да төмен, яғни абаттандыру 44 пайызды ғана (540 ауланың 237-сі) құрайды.


Осы жылы қала бойынша жалпы 110 ауланы абаттандыру көзделуде. Аудандарға бөлгенде Алматыда 37 аула көркейеді. Яғни бұл ауданда аулалар мәселесі 100 пайыз шешіледі. Есілде 10 аула, Байқоңырда 23 аула, ал Сарыарқада 40 аула жөнделеді. Біз келтірген цифрлар осы кейінгі аталған ауданда абаттандыруды қарқынды жүргізу керектігін көрсетіп отыр. Бұған аталмыш ауданның «Бюджетке қатысу» жобасы да септеседі деп ойлаймыз. Күні кеше ғана осы жоба аясында атқарылған жұмыстарды көріп келген қала әкімі Алтай Көлгінов те осыған назар аударды.
Кейінгі жылдары Нұр-Сұлтан қаласында саябақтар мен шағын бақтардың көбейгенін қала тұрғындары байқап отырған болар. Басқасын айтпағанда, сол жағалаудағы 87,91 гектар аумақты алып отырған Ботаникалық бақтың өзі неге тұрады! Атауы айтып тұрғандай, бұл бақ халықтың демалысы үшін ғана емес, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мақсатында да бой көтерді. Көркімен алыстан көз тартатын нысан әлі талай адамды тамсандырады деп ойлаймыз.
Жалпы елорда аумағында осы күндері 455 мың ағаш өсіп жатыр. Биыл тағы 31900 ағашты отырғызу жоспарлануда. Есіл ауданында – 15 мың, Алматыда – 9 мың, Байқоңырда – 7 мың және Сарыарқада 900 ағаш егілмек.


Шаһардағы жалпы аумағы 14500 шаршы метрді құрайтын 81 аулаішілік жол жөнделді. Соның ең көбі Есіл ауданында – 50 жол. Одан кейінгі орындарында Сарыарқа – 12, Байқоңыр – 10 және Алматы – 9. Әрине, жөнделген аулаішілік жолдардың ұзындығы бәрі бірдей емес. Шаршы метрлерге шаққанда Есіл мен Алматы алдыңғы орынға шығады. Бұл аудандардың көрсеткіші бірдей, яғни аулаішілік жолдардың 4500 шаршы ­метрі жөнделген. Байқоңырда 3000 шаршы метр және Сарыарқада 2500 шаршы метр жөнделді.
Биыл елордадағы 857 үйге 2881 жарықтандыру қондырғылары орнатылды. Алайда әлі де жеткіліксіз. Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов алғашқы рет қаланы аралауға шыққанда, қаланың тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарға барғанымен қатар, шаһарды жарықтандыруды да тексерді. Жағдаймен танысып шыққаннан кейін «Шаһар балансына алынбағандықтан, қалада шамдары жанбай тұрған немесе мүлдем жарығы жоқ көшелер бар. Бұған жол беруге болмайды. Оның үстіне бұл көшелермен ересек адамдармен қатар балалар да жүреді. Әсіресе, жазғы каникул уақытында жеткіншектер осы көшелер бойымен көп қатынайды. Сондықтан қауіпсіздік мәселелері шұғыл әрекетті қажет ететінін түсінуіміз керек» деп, тиісті тапсырмаларды берді.
Сөзімізді түйіндей келгенде, көрсетілген мәселелердің бәрі – абаттандыру да, көгалдандыру да, жолдарды жөндеу де, жарықтандыру да қала келбеті мен шаһар тұрғындарының қауіпсіздігіне барып тіреледі. Ал бұл мәселелерге немқұрайлы қарауға болмайтыны бесенеден белгілі.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды