«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астаналық атану да абырой…

0 129

Бұрынғы Қараөткел, Ақмола, Акмолинск, Целиноград бүгінде Астана атауымен әлемге мәшһүр қаланың астаналық мәртебесін, оның келбетін де, адамдарын да түбегейлі өзгертті. Президентіміз айтпақшы, «Астана адамдарымен асқақтайды». Уақытша емес, түпкілікті астаналық болу – әлі де көптеген адамдардың, әсіресе астанаға алғаш көшіп келген жылдары қаламыздың тынысын ашып, тіршілігіне жан бітірген жастарымыздың арманы.

Астаналықтар, әрине, жағымды мағынасында, Астана деген сөзге тәуелдіміз. Сондықтан оның мән-мағынасын білу, түйсіну және оны басқаларға насихаттау маңызды. Астана, шындығында да, еліміздің болашағы, жолы жеңіл болсын дегендей, өте жеңіл айтылады, сосын қазақты жақсылыққа бас­тайтын «алтау түгел болса, төбедегі келеді», «алты алаш» дегендей, алты әріптен тұратын АСТАНА – тәуелсіздігіміздің, елдігіміз бен бірлігіміздің символы, мемлекетіміз бен хал­қымыздың заманауи ұраны іс­петті, ағылшынша таңбаласақ та, латынша да таңбаласақ та «АSTANA» атауы еш өзгермейді, мағынасын да өзгертпейді, мәңгілік атау іспетті. Баршаға мәлім, осы жиырма жылдың ішінде қаланың атауын өзгерту туралы талай рет ұсыныстар айтылды, бірақ бірінші таңдаудың орны бөлек, оның үстіне, Ас­тананың тарихы енді-енді қа­лыптасып келе жатқанда, өскелең ұрпақтың миын ашытып, шатас­тыру еш қисынға келмейді.
Тәуелсіздік тарихына көз жү­гіртсек, жаңа астанамыздың қа­зығы 1997 жылы қағылған. Оған сол жылғы қазан, желтоқсан айларындағы ресми құжаттардың жариялануын, астананың символына айналған, биіктігі 97 метрлік (көшіп келген жылдың белгісі) «Бәйтерек» монументінің іргетасы қаланғанын айтсақ та жеткілікті. Содан бері 20 жыл өтіпті, аз уақыт емес. Осы жылдар ішінде Астана туралы көп жазылды, көп айтылды, бірақ тарихи тұрғыдан жазылғандары саусақпен санар­лық. Себебі тарихты кез келген адам жаза бермейді. Астана – өміршең, мәңгілік тақырып, тек ғылыми емес, кез келген ортада, кез келген алаңда талқылауға болады, өзектілігі де осында.
Осыдан екі-үш жыл бұрын зиялы қауым өкілдерінің бір басқосуында сөз алған академик Дихан Қамзабекұлы Астанаға қатысты мынадай ойларымен бөліскен еді: «Қазіргі кезде аста­налық зиялыларымыздың ортасында Астана неден басталады деген сұрақ ашық күйінде қалып отыр, олардың бір бөлігі Астананың тарихын «Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінің құрылуымен (1996)», екінші бір бөлігі «Кенесары ескерткішінің ашылуымен (2001)» байланыстырады». Әрине, «қан­ша адам болса, сонша пікір бар» демекші, бұл мәселенің бетін жылы жауып қоя салуға болар еді. Бірақ тарихшы болған соң, үнсіз қала алмадық. Біздің ойымызша, алғашқы пікірдің жаны бар сияқты, оның астарына терең бойласақ, көп нәрсе айтуға болады. Бір-екі ғана мысал, өткен ғасырдың басында «бір шоқ үркердей» жарқыраған Мағжанның «Мен жастарға сенемін!», сосын Әлиханның шығармаларындағы мынадай: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш–Баянды» шығар­ған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржа­қыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген сөздері есіңізде болар. Бұл қалың қазақтың арманы емес пе еді?.. Бүгінде сол арман орындалды ма? Орындалды! Кім орындады? Елбасымыз! Ол Қараөткелді астана етті, университет салды, қазақтың ұл-қыздарын оқытты, жастарға сенім артты.

Елорданы кімдер басқарды?

Соңғы кезде Астанаға қатысты БАҚ өкілдерін жиі мазалайтын сұрақтар көбейді, солардың бірі «Егер астанамыз Алматыдан Ақмолаға 1997 жылы кө­шіп келсе, онда біз оның тарихын неге 1998 жылдан бастаймыз, алғашқы қалабасылары да соған сәйкес айтылады, мысалы, Әділбек Жақсыбеков, Темір­хан Досмұхамбетов, Өмірзақ Шөкеев, Асқар Мамин, Иманғали Тасмағамбетов, Әсет Исекешевтер, егер сәл әріден бастасақ, астана көшіп келгенге дейін Ақмоланы басқарған Аманжол Бөлекбаев та қосылады, қайсысы дұрыс? Осының түйінін тек Ақмоланың Астана болып өзгеруіне байланыс­ты түсіндіреміз бе, әлде басқа да себептері бар ма?» дегенге саяды.
Расымен, тарихшылар үшін астанаға алғаш табан тіреген 1997 жыл мен іргетасы мықтап бекітілген 1998 жылдың арасындағы өтпелі кезең өте маңызды, өйткені одан айналып өтсек, оқиғалар желісі күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Жасыратын несі бар, көп жағдайда біз Ақмоланы ысырып қойып, тарихты бірден төтесінен – Астанадан бастауға бейім тұрамыз, тамырсыз тарих болмайтынын ескере бермейміз. Осы мәселелердің аражігін ашып алу үшін алдымен Астананың құрылу тарихының мерзімдік хронологиясын анық­тап алғанымыз дұрыс. Біздіңше, бұл мерзім астананы көшіру идея­сы пайда болған 1992 жылдан бас­талады да, 1996-2000 жылдар аралығын қамтыған астананы көшіру үдерісімен аяқталады.
Осы мерзім ішіндегі астананы көшіру идеясы және оны іске асыру жолдары, мемлекеттік мекемелерді Ақмолаға көшіру жөніндегі мемлекеттік комиссия­ның жұмыстары, қаланың бас жоспары және оның тұжырым­дамасы, Ақмола (кейін Астана) арнайы экономикалық ай­мағы, алғашқы архитекторлар, жапондық архитектор Кисе Курокава, қаланың құрылысы, алғашқы астаналықтар және т.б. сияқты басты-басты оқиғаларды тізбектесек, Астананың тарихы шығады.


Астананы көшіру идеясы мәлім болғаннан кейін, астана болудан үміткер қалалар да бел­гілі болды. Олар – Қарағанды, Жезқазған, Ақтөбе. Бірақ таңдау стратегиялық маңызы бар Ақмола қаласына түседі. Оның бірқатар себептерін атасақ, негізгілері осы аймақ арқылы ұлттық қауіпсіздігімізді нығайту және аймақтың демографиялық ахуалын жақсарту болды. Мысалы, астананы көшірген жылы қала халқының саны 277 мың адам болған, оның 17 пайызын ғана жергілікті халық құраған. Ал соңғы мәліметтер бойынша қазіргі астаналықтар саны – 1,026 млн адам, оның 70 пайызын жергілікті халық құрайды.
Бір қызығы, бастапқыда ал­ғаш­қы астаналықтардың ал­ғашқы тізімі де жасалған екен, Президентімізден бастап, қала­басыларын, мемлекеттік қыз­меткерлерді, қоғам қайраткер­лерін, тағы басқаларын қосқанда, барлығы – 186 адам.
Астанадағы алғашқы жұмыс­тардың батпақ кешуден бастал­ғанын еске алған рекордшы әкімнің бірі Әділбек Жақсыбеков бір сұхбатында: «Бір күні Президент мені және орынбасарларымды шақырып алды. Әлбетте, аяғымызда туфли еді. Ол киімін ауыстырып алды да, бәріміз микроавтобусқа отырып тартып кеттік. Біз мақтана баяндап келе жатқан уақытта көліктің бір бұрышқа тоқтамасы бар ма. Ол бұрышты көргенде өзім де үрейленіп кеттім. Ол болса: «Қанекей, көрейік, қыдырайық. Біздің бәріміз туфлимен батпаққа қойып кеттік. Ол бізді тыңдай отырып, тапсырмаларын беріп, қайта көлікке отырғаннан кейін «Қалай? Жақсы қыдырдыңдар ма? Келесі жолы осы батпақта жалаң аяқ жүресіңдер» деді. Ол бізді осылай тәрбиеледі» дейді. Батпақ демекші, белгілі жазушы Әкім Тарази айтқандай: «саз балшығы иленіп жатқан қу медиен даланың үстінен қалай қала тұрғызбақшы деген сенімсіз ойлардың» сол кездегі көзі ашық әрбір қазақтың көкейінен орын алғаны да рас.
Қаланы 2008-2014 жылдары басқарған екінші рекордшы әкім Иманғали Тасмағамбетовтің тұсында астаналықтардың өткір проблемасы үлескерлер мәселесі болған, оны шешуге тырысқан ол Елбасымыз сияқты құрылыс жұмыстарын өзі қадағалап, қақаған суықта да нысандарды өзі аралаған екен.

Есенғарин, Макиевский және Галимов

Алғашқы астаналықтардың тізіміне енген үш адамның: Нығметжан Есенғарин, Николай Макиевский, Фарит Галимовтің Астананы құру тарихында алатын орындары ерекше. Олар 1995-1997 жылдары құрылып, қыруар жұмыстарды іске асырған астананы Ақмолаға көшіру жөніндегі «мемлекеттік комиссияны» басқарған. Олардың алғашқысы – 1941 жылғы Нығметжан Есенғарин – Челябі облысының тумасы, мемлекет қайраткері, Қазақстан Республикасының бірінші Көлік министрі, кейінірек «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясында кеңесші болған, экономика ғылымдарының докторы. Ақмолаға көшірілетін мемлекеттік мекемелердің ал­ғашқы тізіміне енген 11 министр­ліктің ішінде, көш бастаған Көлік министрлігінің алдыңғы қатарда болуының бір себебін, көлік және тасымал жұмыстарын жетік білетін Н.Есенғариннің бірінші Көлік министрі қызметімен де байланыстыруға болатын сияқты. Осы министрліктерге қатысты қызықты мәліметтер Ә.Жақсыбековтің «әкім жазбаларында» көп кездеседі. Айталық, сол кезде «тармақталған» Үкімет идеясы кеңінен таралған, мысалы, Өнеркәсіп министрлігін Қарағанды сияқты индустриалды аймаққа, Ауыл шаруашылығы министрлігін Қостанай немесе Көкшетау сияқты аграрлы аймаққа орналастыру мәселесі біраз талқыланып, ақырында министрліктерді жан-жаққа шашыратпай, билікті бір жерге шоғырландыру туралы шешім қабылданған.
Аталған комиссияның екін­ші басшысы Николай Макиевский (1941-2004) – Чернигов облысының тумасы, мемлекет қайраткері, Қазақстан Құры­лысшылар одағының төрағасы болған. Оның замандастарының айтуынша, алғашқы жарты жылдан кейін комиссия жетекшілігіне бекітілген Николай Макиевский өте еңбекқор әрі белгілі құры­лысшы ретінде кеңінен танымал болған, іске кірісе салысымен жаңа астананың орнын мұқият зерттеуге арнайы ұшақпен ұшып келіп, осында кездесулер өткізіп, жұмыс жасап, ұйымдастырған, біраз шаруаларды атқарған, ол министрліктер мен ведомстволар арасында үлкен мәселелерді шешуге үлес қосқан.
Комиссияның үшінші басшысы – 1940 жылғы Фарит Галимов – Петропавлдың тумасы, мемлекет қайраткері, әр жылдарда министр, «Қазақстан темір жолында» кеңесші болған. Ф.Галимов астананы көшіру үдерісіне байланысты: «бірінші кезең шешімнің қабылдануы болса, екіншісі – қала инфрақұрылымын дайындап, кеңселер мен тұрғын үйлер салу, ең соңғы кезең қаланың бас жос­парын дайындап, еліміздің бас қаласын 2030 жылға дейін дамыту болды. Сол кезде «Жаңа астана» қоры құрылып, оған ақша түсе бастады. Қазіргідей 2 миллиард долларлық инвестиция дегеніңіз ол кезде атымен жоқ. Президент шетелден жиырма миллион доллар тартса, соның өзі үлкен қуаныш еді» деп еске алады. Сол жылдары «Астананы салуға инвестициялар көлемі 2 миллиардтай долларды құрағаны, соның 70 пайызы өзіміздің инвестициямыз болғаны» белгілі.

Болмысы бөлек Бөлекбаев

Алғашқы астаналықтар ті­зімінде Ақмола облысын он жыл­дай басқарған Андрей Браун мен Ақмола қаласын бес жылдай басқарып, «қаланың бірінші мэрі» атанған Аманжол Бөлекбаев та бар. Олар алматылықтарды Арқаның төсінде алғаш қарсы алған «солтүстік» әкімдер ретінде тарихта қалды.
Тәуелсіздік жылдары Ақмо­ла қаласы мен Ақмола арнайы экономикалық аймағын қатар басқарған Аманжол Бөлек­баев (1941-2013) өмірде өте қара­пайым, адамгершілігі мол адам болған екен. Ол туралы көп жа­затын журналист Кенже Жұмағұлов «ол қашанда ашық-жарқын сөйлесіп, қара аспанды төндіріп жүргендердің бүйірінен түртіп, қалжыңын айтып, шеттеу орындықтың біреуіне отыра кетіп, сөз өзіне тигенде жауаптан бұлтармай, қаржының қайда жұмсалатынын нақты дәлелдермен қағазсыз-ақ айтып береді екен» деп жазады. Қай кезде де әкімдердің қағазсыз сөйлеуі – сирек құбылыс, алайда А.Бөлекбаев сияқты өз ісін жетік білетіндерге бұл қиын емес.
Астананы көшіру үдерісі аяқталғаннан кейін «Ақмола арнайы экономикалық аймағының» атауы «Астана – жаңа қала» АЭА болып өзгертілді. Сол кезде оның тізгіні Аманжол Бөлекбаевтан Николай Тихонюкке көшті. Ақмола қаласының 1947 жылғы тумасы, мамандығы құрылысшы болған оған жергілікті экономикалық кеңістікте тиімді құрылыс салу мен инвестицияларды ынталандыру үшін жеті жылға арналған еркін экономикалық аймақтың бүкіл әлеуетті артықшылықтарын іске асыру міндеті тапсырылады. Осы кезден бастап «Астана шежіресіндегі жаңа кезең – сол жағалауды игеру және «нөлден бастап» деп аталатын мүлде жаңа бөлігін құру кезеңі басталады. «Ол кезде Есілдің қос қапталында жүргізілген құрылыс нысандарында барлығы 20 мыңға жуық адам жұмыс істеген. Тіркелген ірі құрылыс компанияларының саны – 200-ден асқан. Солардың 10 шақтысы ғана шетелдік бол­ған. Атқарылған құрылыс жұ­мыс­тарының нәтижесінде сол жағалаудан 280-нен астам нысан пайдалануға берілген. Айта кетерлігі, кейбір мәліметтер бо­йынша осы кезеңде бизнесте жұмыс істейтіндер саны көп болған, ол кезде он астаналықтың бірі ғана жұмыссыз болыпты.

Елбасымыз Астананың құры­лу тарихынан сыр шерте­тін «Еуразия жүрегінде» атты еңбегінде: «сол күндері менің қасымда болғандардың, қолдағандардың, жаңа астана үшін жаны ауыр­ғандардың барлығына алғысым шексіз, олардың қатарында астананы көшіру туралы комиссияның бірінші төрағасы Николай Михайлович Макиевский, қаланың бас жоспарын жасаған Кисе Курокава, Президенттің Іс Бас­қармасының бастығы болған Вла­димир Ни, қаланың бірінші мэрі Аманжол Бөлекбаев, ескі қаланы жаңартуға еңбек сіңірген Әділбек Жақсыбеков және бас­қалары» деп, қысылтаяң шақта әрдайым жанынан табылған жақ­сы жандарға жылы лебізін біл­діреді.

Осылайша аталған алғашқы астаналықтардың тіке­лей атсалысуымен астананы көшіру үдерісі сәтті аяқталады. Шындығында, астананы көшіру идеясы билік басындағылардан бастап қатардағы құрылысшы-жұмысшыларға дейінгі әлеу­меттік топтың күш біріктіруі мен қажырлы еңбектерінің арқасында өз жемісін берді. Президентіміз «тұңғыш пер­зентіне» балаған Астана қаласы­ның құрылуы мен даму тарихы көз алдымызда түзіліп жатыр.

Күлпаш ІЛИЯСОВА,
тарихшы, Л.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің доценті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды