«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астаналық «ALTYN SHIPAGERLER»

0 23

  Әр жылы маусымның үшінші жексенбісінде елімізде медицина қызметкерлері күні аталып өтіледі. Елордалық 8 мың дәрігер мен осы саланың 12 мыңға тарта орта буын мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтаймыз. 

Елорданың Бейбітшілік және келісім сарайында «Jastar Jyly» және «Рухани Жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жастар энергиясы – елордалық денсаулық ісінің сенімді болашағы» атты медициналық қызметкер күніне арналған ауқымды іс-шара өтті. Биыл екінші жыл қатарынан өткізіліп отырған «ALTYN SHIPAGER» медициналық сыйлығының иегерлерін де осы салтанатты жиында анықтады. Бұл сый-құрмет елорда медицина қызметкерлерінің рухын көтеру және ақ халатты абзал жандардың ерен еңбегін елеп, оның қызметіне ілтипат көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Салтанатты рәсімді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов құттықтау сөзімен ашып, «Ең үздік жас учаскелік дәрігер» аталымы бойынша «Ниет» отбасылық денсаулық сақтау орталығының жалпы тәжірибелік дәрігері Салтанат Такееваны жеке құттықтап, «Алтын шипагер» мүсіні мен 1 миллион теңге қаржылай сертификатын табыстады.


Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Каналимов өз сөзінде қалалық денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерге тоқталды: «Бүгін елордалық денсаулық сақтау алдында күрделі міндеттер тұр. Денсаулық сақтаудың тиімділігін арттыру, қазіргі заманғы технологиялар мен практиканы енгізу, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін жетілдіру, білікті кадрларды дайындауға баса назар аудару қажет» деп атап өтті Ерлан Ермекұлы. Әкім орынбасары «Пациентке бағытталуы бойынша ең үздік медициналық ұйым» атты екінші номинацияның жүлдегері болып танылған қалалық №10 емхана басшысына жүлдесін тапсырып, ұжымды табысымен құттықтады.
Елорда осы саладағы көрсеткіштерімен республика бойынша көшбасшысы ретінде мойындалып отыр. Бас шаһардың заманауи клиникаларында ем алған әрбір бесінші пациент өңірлерден келеді екен. Қаламызда «Бастапқы медициналық-санитарлық көмек» көрсететін медициналық ұйымдарды дамыту тұжырымдамасына сәйкес жаңа емханалар мен стацио­нарлар салынып, мамандардың біліктілігін көтеруге барынша назар аударылып келеді. Өткен жылдың дерегіне сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы ауруханаларында 200 мыңнан астам адам емделген, 57 мыңға жуық ота жасалып, 28 мыңнан аса бала жарық дүние есігін ашқан. Қала емханаларына тұрғындар 4,5 миллион рет қаралған. Жүз мыңнан аса науқас тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген.
Келесі номинация бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы медицина мекемелері басшылары арасында «Денсаулық сақтаудың тиімді менеджері» анықталды. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Шоранов қомақты қаржысы бар сыйлықты Жедел-жәрдем станциясының бас дәрігері Тимур Мұратовқа салтанатты түрде тапсырды. №2 перинаталды орталығының медбикесі – Меңсұлу Әмірова «Ең үздік орта медициналық қызметкер» номинация­сының жеңімпазы болды. Елорданың үздіктері қатарында «Диагностика мен емдеудің жаңа әдісін енгізгені үшін» қалалық №1 ауруха­наның ортохирургия және эндопротез бөлімінің меңгерушісі Руслан Ботаев, «Жедел жәрдемнің үздік бригадасы» номинациясында жедел медициналық жәрдем қызметінің тәжірибелі бригадаларының бірі – қалалық жедел-жәрдем станциясының «Сарыарқа» қосалқы стансасының №1 бригадасы, «Цифрландырудың көшбасшысы» болып, қалалық №7 емхана алға шықты. Марапатқа лайықтыларды таңдауда қала тұрғындарының денсаулығын қорғау, оларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту, халыққа медициналық жәрдемнің қолжетімділігі мен биік сапасы ең басты көрсеткіш болып табылады. Үздіктерді марапаттау рәсімі Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің және ҚР Денсау­лық сақтау министрлігінің қолдауымен өткізілді.

Елорда денсау­лық сақтау саласының мәселелерін, ұлттық медицинаның дамуына атсалысып, ақ халатты жандардың ізгі қызметін оқырмандарға жеткізіп, саламатты өмір салтын қалың бұқараға насихаттап жүрген «Астана ақшамы» газетінің тілшісі Айгүл Уайсова «БАҚ-тағы үздік жарияланым» номинация­сы бойынша «ALTYN SHIPAGER» сыйлығының жүлдегері атанды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды