«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астаналық акселератор

0 42

Қаланы жақсарту жөнінде елорда тұрғындары өздері де шешім қабылдап, жергілікті билікке ұсыныстарын айта алады. iKomek109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығының базасында құрылатын «Қалалық даму акселераторы» жобасы қысқа мерзім ішінде тиімді шешімдер әзірлеуге және жылдам нәтижелерге қол жеткізуге, халықты қала түйткілдерін шешуге жұмылдыруға мүмкіндік бермек.

100 күнде қаланы қалай өзгертуге болады?

Бұл жобаның көмегімен енді жергілікті билік қаладағы жү­йелі түйткілдерді 100 күн ішінде шешуі тиіс. Әкімдікте өткен брифингте тың жобаны таныстырған Ортаны регенерациялау басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Алпысбаев пен қалалық iKomek109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы Жаннат Дүбірова Қазақстандағы алғашқы инновациялық тәсіл – «Қалалық акселератор» туралы толығырақ айтып өтті.
– Қалалық акселератор – жаңа ұйым немесе заңды тұлға емес, ол iKomek орталығы қызметінің жаңа бағыты. Жоба аясында қызығушылық танытушылар мен белсенді тұрғындар, қоғамдық қорлар, сарапшылар, ғалымдар мемлекеттік органдармен және жергілікті билікпен бірлесіп жұмыс жүргізетін болады, – деді Жаннат Дүбірова.
Акселератор жобасы аясында қала дамуының басты мәселелерін шешуде жұмыс тобы құрылады. Қала басшысы жетекшілік етіп, әкімдік қызметкерлері, сарапшылар, белсенді азаматтар мүше болатын жұмыс тобы мәселелермен оны шешудің идея­ларынан бастап түбегейлі іске асырылып, жоспарға қол жеткізгенше айналысатын болады.
Жыл басынан бері қалалық iKomek109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығына 600 мыңнан аса өтініш түсіп, барлық мәселе оңды шешімін тауыпты. Арыз-шағымдарға жасалған мониторинг қаладағы кейбір түйткілдің үнемі қайталанатынын көрсеткен. Сондықтан 48 жүйелі мәселенің тізімі дайындалыпты. Ал қалалық даму акселераторын жүзеге асырудың алғашқы кезеңінде сол 48 мәселенің 8-і бойынша жұмыс жүргізілмек. Олар – беті ашық құдықтар, қаңғыбас ит-мысықтар, қоғамдық көлік, денсаулық сақтау мәселелері, су басудың алдын алу, қарды немесе қатқан мұзды тазалау, көше жарығы және ПИК қызметі. Күнтізбедегі 100 күн ішінде осы бағыттағы жұмыс тобының мүшелері мәселені тек талқылап қана қоймай, оның шығу себептерін зерттеп, шешу жолдарын нұсқап, сондай-ақ шешім қабылдау қажет.
27 мамырдан бастап алғашқы оты­рыс­тар басталады. Бұл тұрғыда қала билігі белсенді азаматтарды акселератордың отырыстарына қатысып, өздерінің идеяларын, ұсыныстарын айтуға шақырады. Ал қаланы жақсартуға ынталы азаматтар жұмыс тобының қатарына қосылу үшін accelerator@ikomekastana.kz электронды поштасына түйіндемелерін жіберіп, iKomek109 орталығына немесе +7 771 103 30 33 нөміріне хабарласулары керек.

Шетел тәжірибесі

Елордада қолға алынған «Қалалық акселератор» жобасы Rapid Results Institute халықаралық ұйымының әдіснамасына негізделген. Бұл жоба БАӘ, АҚШ, Ұлыбритания, Ирак, Иордания, Непал, Кения елдерінде табыс­ты іске асырылуда. Мәселен, осы жоба аясында Дубайда 5 ең қауіпті жолды күтіп ұстауда бюджеттің 63 пайызы үнемделіп, 24 адам құтқарылыпты. Ал АҚШ-тың Кливленд, Остин, Лос-Анджелес қалаларындағы үйсіз жасөспірімдер саны 428 адамға, Солтүстік Каролинадағы баспанасыз ардагерлер саны 277 адамға азайған. Сол сияқты Суданда балалар мен жүкті әйелдер арасында безгек ауруының таралуы 32 пайызға қысқарыпты. Доминикан Республикасында гендерлік зорлық-зомбылық мәселелері бойынша шағымға үн қату уақыты 57 пайызға азайып, ауырлататын мән-жайлы тонауларды тергеу жұмысының тиімділігі 86 пайызға артқан екен.

Ұтымды ұсыныс

Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеу аясында қалалық әкімдік пен Зерттеу және консалтинг орталығы өткізген дөңгелек үстелде түрлі саланың өкілдері мен қала тұрғындары жергілікті билікке елордадағы өмір сапасын жақсарту жөніндегі өздерінің ұсыныстарын айтқан болатын.
– Өмір сапасын жақсарту үшін адам ең алдымен денсаулыққа мән беруі тиіс. Егер спорт залдарға баруға уақыт болмаса, адамдар күнделікті қарапа­йым жүріс-тұрыстарын өзгерту керек. Мәселен, көліктен велосипедке көшіп, скандинавиялық жүрісті де қолға алған жөн. Алайда ол үшін қалада жағдай жасалуы қажет. Велосипедшілер тасжолдарда мүлде жүрмеуі керек. Өйткені көлік жүргізушілерінің психологиясы басқаша. Батыс елдерінде бұл психология бұрыннан қалыптасқан. Ол жақта велосипедшілер де жол қозғалысының белді мүшелері саналады. Сондықтан бізде де веложолдар тасжолдар мен тротуарлардан алшақ әрі түсі мүлде өзгеше болғаны дұрыс. Сол сияқты жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлердің әрқайсысында велосипедке арналған орындар жобасының қарастырылғаны абзал, – деді «Кәсіподақтардың Қазақстан спорт және дене шынықтыру қоғамы» қоғамдық қорының вице-президенті Бақытжан Есжанов.
Ал Ақбұлақ өзенінің жағалауы мен кейбір саябақтың қоқыстан тазартылмайтынын сынға алған инстаграм желісінің белсендісі Артем Павельев шаһарда көпшілік шомылуға арналған жағажайларды көбейту керектігі жөнінде өзінің ұсынысын білдірді.
Оң жағалаудағы кейбір көшелерде тротуарлардың қарастырылмағанын тілге тиек еткен қала тұрғыны Раиса Қайдарғазина немересін арбамен алып жүргенде жаяу жүргіншілерге арналған жолдардың жайсыз екенін айтып, алдағы уақытта осы бойынша жұмыстар жүргізілсе деген тілегін жеткізді. Бұл тұрғыда тұрғындар тарапынан сол жағалаудың да жаяу жүргіншілерге қолайсыз екені айтылды. Мұны урбанистика орталығының жетекшісі Асхат Сәдуов те жоққа шығармады.
– Сол жағалаудағы тығыздық оң жағалаумен салыстырғанда 1,5 есеге үлкен. Ондағы ғимараттардың арақашықтығы да алшақ. Негізінен, бұл аумақ көлік жүргізушілеріне өте ыңғайлы. Дегенмен жоспар бойынша алдағы уақытта елордада қауіпсіз көшелер қатары көбейіп, әсіресе, көшелер жаяу жүргіншілерге кең әрі ыңғайлы етіп жасалатын болады, – деді ол.

Жалпы, әлем елдерінің тәжірибесіне сәйкес, қала көшелері жаяу жүргіншілер үшін ықшам әрі қауіпсіз болуы тиіс. Бұл жағы қала билігінің назарынан тыс қалмайтынын айтады мамандар.
Бас қалада қазір 450 мың көліктің жүйткіп жүргенін ескерсек, оның экологияға да едәуір зиянын тигізіп жатқанын байқауға болады. Сондықтан жергілікті билік болашақта көлік санын азайту үшін автобустарға арналған жолақтар мен бір бағытты жолдарды көбейтіп, жаяу жүргіншілер мен қоғамдық көліктің қозғалысына тиімді жағдай жасамақ. Бұл мәселе «Қалалық акселераторлық» жобасының жоспарында да қарастырылып отыр. «Сынайсың ба, ұсынысыңды да айт» деп Қалалық ортаны регенерациялау басқармасы басшысының орынбасары Аманжол Алпысбаев айтпақшы, айтылған сыннан қорытынды шығару үшін акселераторлық жоба бойынша құрылатын жұмыс тобы белсенді азаматтардан құр байбалам емес, нақты ұсыныс күтетін болады. Егер ұтымды ұсыныстар тиісінше кәдеге жарап, мәселелер 100 күн ішінде шешімін тауып жатса, нұр үстіне нұр, әлбетте.

Жаннат Дүбірова, қалалық iKomek109 мониторинг және жедел әрекет ету орталығының басшысы:

Қалалық акселератор – жаңа ұйым немесе заңды тұлға емес, ол iKomek орталығы қызметінің жаңа бағыты. Жоба аясында қызығушылық танытушылар мен белсенді тұрғындар, қоғамдық қорлар, сарапшылар, ғалымдар мемлекеттік органдармен және жергілікті билікпен бірлесіп жұмыс жүргізетін болады

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды