«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанаға оралған «Алтын домбыра»

0 194

Тәуелсіздік күні мерекесі мен Астананың 20 жылдығына арналған «Астанам, сенсің айбарым» атты «Алтын домбыра» VІІ республикалық ақындар айтысы елорданы екі күн бойы дүбірге бөледі. Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған «сөз барымтасына» жиырма ақын шақырылып, олардың бір тобы айтыс­тың қорытындысында тиісті жүлделермен қатар «Мәдениет саласының үздігі» атағын алып қайтты.

«Шаршы топта сөз бастаудан қиындық көргем жоқ» деп Бұқар жырау бабамыз айтпақшы, айтысты бастаған кешегі Сыр сүлейлерінің жалғасындай ақын Нұрмат Мансұров сол жауапкершілікті сезініп, сахнаға шықты. Оның қарсыласы да оңай шағылатын жаңғақ емес еді, Ақтөбе жерінде өткен атақты халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің шөбересі Ершат Қайболдин болды.
Екі ақын да бірін-бірі сөзбен түйреп, біразға дейін барды. Алғашқы жұп болған соң айтысты жүргізген белгілі ақын, неше жылдан бері айтыстың «отымен кіріп, күлімен шығып жүрген» Жүрсін Ерман да уақыттан шектемеді. Нұрмат Ершаттың «бір айтыста бас жүлде алсам, үйленемін» деген сөз айтқанын, содан бірнеше өлеңжарыста топ алдынан көрінсе де, сол уәдесін орындамай келе жатқанын тілге тиек етті. Ақындар Тәуелсіздік мерекесі келгенде айтпай кетуге болмайтын 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін жыр­лады. Бұл жұптың тартысында Нұрматтың басымдығы көрініп тұрды. Қазақстанның Еңбек Ері, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасы да жеңісті соған берді.
Бұл айтыстың бір жаңалығы – қазылар алқасынан бөлек ақындар өнеріне баға берген тәуелсіз сарапшылар тағайындалды. Солардың қатарынан орын алған белгілі ақын Бауыржан Халиолланың Нұрмат пен Ершаттың айтысына көңілі толмады. «Ақындар елдің мәселесін тиіп қашып айтты. Екеуі де жолдың екі шетіне түсіп алып, шапты да отырды. Бұл айтыста жауаптасу, сөз қағысу болған жоқ. Ақындарымыз минис­трді, әкімді айтса, халыққа өтеміз деп ойлайды. Одан да басқа өзекті мәселелер, тіліп-тіліп айтатын тақырыптар бар ғой» деді ол.
«Алтын домбыра» айтысы Астанаға төрт жылды аралатып барып оралды. 2014 жылы Балғынбек Имашев бас жүлдені иеленген соң, бұл айтыс қатарынан екі жыл Алматыда, былтыр Ақтөбеде ұйымдастырылды. Екінші жұпта атыраулық Шалқарбай Ізбасаровпен сөз қағысқан астаналық Әсем Ережеқызы мұны дұрыс байқап, астаналықтар «Алтын домбыраны» Олимпиаданы күткендей болғанын өлеңге қосты. Жалпы осы екі ақынның тартысы қыз бен жігіт айтысының әдемі үлгісіндей болды. Қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Шалқарбай ұпай санынан сәл басымдықпен Әсемнен озды.
Астаналық Еркебұлан Қайназаров пен алматылық Рүстем Қайыр­тайұлының айтысына сарапшы ретінде баға берген арқалы ақын, Жазушылар одағының Астана қаласындағы филиалының төрағасы Дәулеткерей Кәпұлы бұл екеуінің сөз қағысуын тамашалағанда, финалдағы айтыс­ты көргендей әсерде болғанын айтты. Расымен де, бұл айтыста терең ой да, тапқырлық та, әзіл де бәрі де болды. Қазылар алқасының мүшесі, белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қажығали Мұқамбетқалиұлы Рүстемге «8» ұпай бергенде, көрермендер онымен келіспей, шулай бастады. Ақыры Асанәлі Әшімов «төраға ретінде екі дауысымды пайдаланып, Рүс­темге беремін» деп халықты тыныштандырды.
Төртінші жұп болып Серік Қуанған мен Сырым Әділбеков айтысты. Бесінші жұптағы Төлеген Жаманов пен Айбек Қалиев бір-бірінің бетінен алмай, салмақты ойлар айтты. Қазылар алқасы екеуіне де ең жоғары ұпайларды берді. Қарағандылық Дидар Қамиев пен алматылық Қазірет Бердіханды да қазылар осылай бағалады.
Қазан айында Мәдениет және спорт министрлігі елорда мерейтойына арнап «Жыр арқауы – Астана» атты айтыс ұйымдастырды. Сол додада Ринат Зайытов пен «Алтын домбыраның» екі дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов бас жүлдені иеленді. Бұл жерде «Алтын домбыра» айтысы жетінші рет ұйымдастырылса, Ринат оған алғашқы рет қатысқанын айта кету керек. Қос қарсылас бір-біріне сай болып, келесі күнгі айтыстың ақтық кезеңіне шықты.
Кез келген айтыстың сәні болған «Құлманбеттің құлыны», марқұм Оразалы Досбосыновтың шәкірті Болатбек Оразбаев пен қарағандылық Тілеген Әділов жұп болып түсіп, кешегі жырауларша толғады. Талантты айтыс ақыны екенін танытқан Мейірбек Сұлтанхан мен Кереку өңірінде айтыстың туын жоғары ұстап келе жатқан Аспанбек Шұғатаевтың айтысында алғашқысы басым түсті. Алғашқы күндегі айтысты түйіндеген Мақсат Ақанов пен Жансая Мусина қыз бен жігіт айтысын жасап, әзіл-қалжыңды молынан айтып, жиналған халықты күлкіге қарқ қылды.
Екінші күні финалға шыққан он екі ақын, алты жұпты құрады. Соның ішінде Ринат Зайытов пен Қазірет Бердіханның сөз қағысуынан соң халық қазылар алқасының Ринатқа берген бағасына келіспей, 15-20 минуттай шулап тұрып алды. Ақыры Ринаттың өзіне көрермендерді сабырға шақыруға тура келді.
Айтыстың қорытындысында Жансая Мусинаның бағы жанып, ол бас жүлде – «Алтын домбыраны» жеңіп алды. Бірінші орынды және «Айтыстың ақтаңгері» атағын Дидар Қамиев алды. Екінші орынды Еркебұлан Қайназаров пен Мейірбек Сұлтанхан бөлісті. Үшінші орын жүлдесі Ринат Заитов, Мақсат Ақанов және Рүстем Қайыртайұлына таратылды. Ал Төлеген Жаманов меценат Дулат Тастекеев тағайындаған арнайы стипендияға ие болды. Айтысқа қатысқан өзге ақындар арнайы ақшалай жүлделерді алды.

«АЛТЫН ДОМБЫРА» ИЕГЕРЛЕРІ

2012 жыл – Мұхтар Ниязов
2013 жыл – Жандарбек Бұлғақов
2014 жыл –
Балғынбек Имашев
2015 жыл –
Аспанбек Шұғатаев
2016 жыл –
Мұхтар Ниязов
2017 жыл –
Жандарбек Бұлғақов
2018 жыл –
Жансая Мусина

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды