Четверг, 17 Август 2017
-->

Астанада атына көше берілген Жәнібек Тархан туралы не білеміз?

Астана төрінде қазақтың бағына туған батырлардың құрметіне берілген көше аттары көп. Солардың бірі –Жәнібек Тархан көшесі. Ұзындығы екі шақырымға созылған көше ертеректе Смакотин атымен аталған. Тек 1997 жылы батырдың есімі берілді.

00000306

Жәнібек Тархан көшесі Рес-публика даңғылынан басталып, Пушкин көшесінде аяқталады. Мәлік Ғабдуллин, Мәншүк Мә­ме­това, Шолпан Иманбаева, Рақымжан Қошқарбаев, Шо­қан Уәлиханов, Тараз, Асан қай­ғы, Бақтыораз Бейсекбаев, Ахмет Жұбанов көшелерімен қиы­лы­сады. Ұзындығы – 2320,4 м. Бұрын көзге көріне бермейтін кішігірім көшеде бүгінде зәулім үй­лер тұрғызылып, шағын және орта бизнес кәсіпорындары жұмыс істейді.
Тархан Жәнібек Қошқарұлы (1693-1752) – қазақ халқының жоңғар шапқыншыларына қарсы азаттық күресінің қаһарманы. Абылай хан тұсында қол бастап, хан кеңесшілерінің бірі болған. Тұлғаның өмірі мен ұлтына сіңірген қызметі жайлы орыс тарихшылары тамсана жазады. Ұлт тарихын зерттеген Шоқан Уәлиханов та батыр туралы баяндап, ерлігін бағалайды.
Жәнібек Тархан – Қостанай өңірінің тумасы. Он жеті жасынан бастап қолына қару алған. Тәуке ханның қолымен бірге жауға шауып, жекпе-жекте қалмақтың бас батырын өлтірген. Бұланты шайқасында жоңғарларға ойсырата соққы берген Орта жүз әскерлерінің ең ірі қолын басқарған. Халық аузында батыр туралы аңыз әңгімелер көп. Төле бидің түйесін бағып жүрген Сабалақтың Ташкентті билеген Уәли сұлтанның баласы екенін алғаш жария еткен де, Абылай хан тағына отырғанда оған бата берген де Жәнібек Тархан болғаны тарихта айтылады. Ол 1740-1741 жылы жоңғар тұтқынындағы Абылайды құтқарып алуда ерекше дипломатиялық шеберлік танытқаны ақиқат. Абылай хан да, Жәнібек Тархан да Ресей мемлекетінің қазақ жеріне бекіністер салуына үзілді-кесілді қарсы шыққандарына қарамастан, 1740 жылы шекара комиссиясының бастығы В.А.Урусовпен қазақ-орыс сауда қатынасын орнатуға, саяси байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздерге қатыс­қан. Ресей әкімшілігі Орта Азиядан Орынборға қатынап тұрған сауда керуендерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді Жәнібек Тарханға тапсырған. 1743 жылы 11 шілдеде Ресей патшайымы Елизавета Петровнаның Жарлығымен Қошқарұлы Жәнібекке «тархан» атағы берілді. Ш.Уәлихановтың пікіріне сүйенсек, Жәнібек Тархан көп тыңдап, аз сөйлейтін, ердің құнын екі ауыз сөзбен шеше алатын әділ адам болған екен. Жәнібек Тарханның үлкен бәйбішесі – Тұрсынбай датқаның қызы, екінші әйелі – Әйтеке бидің қызы, үшіншісі – қалмақ ханының қызы, кіші әйелі – Қосым батырдың қызы. Батырдан тараған ұр­пақ­тары бүгінде Қостанай облысының Жангелдин ауданында тұрады.
Шақшақ Жәнібек атымен танылған батыр 1752 жылы Торғай даласында дүние сал­ған. Қайтыс болғаннан кейін Түркістанға жеткізіліп, Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне жерленген. Бүгінде өзі туып-өскен Тосын құмындағы ауыл Жәнібек ауылы деп аталады. 1993 жылы Арқалық қаласында батырға ескерткіш орнатылған. Оның есімі мен ерлігі жайлы орыстың бір топ тарихшылары баяндап, Шәкәрім Құдайбердиев, Мағжан Жұмабаев, Нұрхан Ахметбеков, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков және тағы басқалар жырға қосқан.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*