«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан Нұр-Сұлтанға дейін: Елорданың бір жылдағы жетістіктері қандай?

0 17

Елорда – әрдайым Елбасының, елдің назарындағы қала. Бұл қаладағы елеулі өзгерістер, жағымды жаңалықтар, алуан түрлі оқиғалар мен құбылыстар күллі Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық, саяси өміріне ықпал ететіні сөзсіз. Соңғы бір жылдың ішінде бас қаламыздың тарихында айтулы оқиғалар, мерейлі мезеттер көп болды. Осы орайда, елордамыздың туған күні қарсаңында төр қаланың соңғы бір жылдағы өміріне сараптамалық шолу жасағанды жөн көрдік.

Әкімдік әлеуметті қолдауға бет бұрды

Енді соларға рет-ретімен тоқталайық. Былтырғы 6 шілдеден биылғы 6 шілдеге дейін елорданың екі әкімі ауысты. 2018 жылдың 11 қыркүйегінде Әсет Исекешев ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалып, оның орнына Бақыт Сұлтанов әкімнің орынтағына жайғасты. Ол бұл қызметті 9 ай атқарды. Бұрын-соңды әлеуметпен жұмыс істемеген Сұлтановқа көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың мәселесін шешу оңай болған жоқ. «Жұмыс істемедім» деп ол қол қусырып қарап отырмады. Әлеуметтің әлжуаз топтарын қолдау мақсатында 13 түрлі іс-шаралар кешенін жүзеге асырды.
Олардың қатарында, тұрмысы төмен 2 мың отбасына коммуналдық төлемдерді төлеуге қаражат беру, бюджеттік ұйым қызметкерлеріне 2 мың тұрғын үй сертификатын беру, көпбалалы отбасылардың балаларына қоғамдық көлікте тегін жүруі, мектепте ыстық тамақпен қамтылуы, мектеп формасы мен қажетті оқу құралдарымен тегін қамтамасыз ету, көпбалалы отбасынан шыққан 180 балаға жоғары оқу орнына түсуге арнайы грант бөлу, аналарға тіс дәрігерінің қызметін тегін ұсыну сияқты нақты көмектер бар. Бұлардың бәрі әлеуметтік мәселелерді рет-ретімен, жүйелі түрде шешуге жол ашып берді. Бақыт Сұлтановтың кезінде сәтті іске асырылған жобаның бірі – «Нұр-Ертіс» деп аталды. Елордада үйдің кезегінде тұрған тұрмысы төмен, көпбалалы 40-қа жуық отбасылар Екібастұз қаласына қоныс аударып, жаңа баспанамен, балабақша, мектеп және жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.
13 маусымда бұрынғы Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов елорда әкімі болып тағайындалды. Шаһар активімен кездесуде сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев А.Көлгіновтің ұйымдастырушылық қабілеті мен біліктілігі жоғары жас маман екенін атап айтты. Батыс Қазақстан облысында үш жыл әкім болып, жергілікті халықтың алдында зор беделге ие болған Алтай Сейдірұлы бар білімі мен білігін, өмірлік тәжірибесін жұмсап, әкімнің жұмысына белсеніп кірісті. Ол күн сайын қаладағы әртүрлі нысандарға өзі барып, істің мән-жайымен танысып, шешім қабылдауды құп көретін басшы екенін көрсетуде.
Айтпақшы, Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қаласына әкім болып тағайындалған күннің ертеңіне Facebook-тен өзінің парақшасын ашып, халыққа ашық екенін айтты. Жаңадан ашылған аккаунтында: «Әлеуметтік желілер байланыстың ең тиімді құралына және диалогтың қуатты алаңына айналды. Ол жерден тұрғындар өзіне қажетті ақпаратты тез алады, жаңалықтарды оқиды. Әлеуметтік желілердің көмегімен елорда тұрғындары мен қонақтарының маған тікелей өтінішпен шыға алатын мүмкіндігі бар. Халықтың барлық үндеуі мен ұсыныстарына міндетті түрде құлақ асамыз. Мен сындарлы диалог пен ынтымақтастыққа әрқашан дайынмын! Ендеше, бәріміз бірігіп, өз қаламызды жайлы, қуатты, ажарлы және гүлденген мекенге айналдырайық» деп жазды өзі.

Бизнеске өте қолайлы қала

Бір қуанарлығы, Нұр-Сұлтан бизнес ашуға және жүргізуге өте қолайлы қала екенін бірнеше мәрте дәлелдеді. Биыл маусым айында Дүниежүзілік банк «Қазақстанда бизнес жүргізу» деп аталатын зерттеудің қорытындыларын жариялады. «Субұлттық рейтингте» негізгі төрт көрсеткіш бойынша талдау жасалады. Ол: кәсіпорын ашу, құрылысқа рұқсат алу, меншік нысанын тіркеу, электр қуаты жүйесіне қосылу. Дүниежүзілік банктің жаһандық индикаторлар департаментінің жетекшісі Рита Рамальо зерттеуге алынған 8 өңірдің ішінен Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлікке қатысты индикаторларын жақсартқанын мәлімдеді.
Сонымен қатар, Startup Genome америкалық агенттігі әлемдегі 50-ден аса қалаларға жаһандық зерттеу жүргізіп, Қазақстан астанасының «Таланттарға қолжетімді халықаралық экожүйелердің бестігіне» кіргенін хабарлады. Зерттеуші мамандар елорданың стартап-индустриясының өте жақсы дамығанын атап айтты. Мәселен, стартап негізін қалаушылар бір-біріне: кеңес беру, әріптес пен клиент табу, байланыс орнату, мамандар іріктеуге қуана көмектеседі. Осы зерттеуде Нұр-Сұлтандағы экожүйедегі мамандар нарығының қолжетімділігі де айқын көрсетілді. Мысалы, бағдарламалық инженердің қызметінің жылдық нарықтық бағасы 15, 6 мың АҚШ долларын құрайды, ал әлемдік деңгейдегі мұндай инженерлер жылына 58,3 АҚШ доллары көлемінде табыс табады.

Елорда атауы өзгерді

Биылғы жылдың 23-ші наурызы тәуелсіз Қазақ Елінің тарихына елорданың атауы өзгерген күн ретінде жазылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық Кеңес мүшелерінің, Жоғарғы сот судьяларының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Үкімет мүшелерінің қатысуымен өткен қос палатаның бірлескен жиынында сөз сөйлеп, Нұрсұлтан Назарбаевтың егемен елімізді қалыптастыруға және өркендетуге, сондай-ақ елордамыз – Астананы тұрғызуға сіңірген зор еңбегіне айрықша тоқталды. Ол «Бүгінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлем тарихына аса көрнекті реформатор ретінде енді. Ол Қазақстанды дүние жүзіндегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына қосылған заманауи әрі озық мемлекетке айналдыра білді. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек» дей келе, елордамыздың атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге ұсыныс жасады. Сол күні Парламент елорданың атауын өзгерту туралы заңды екі оқылымда мақұлдады. «Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес, ел Үкіметі Президентке Астана атауын өзгертуге Конституцияға түзету енгізу үшін республикалық референдум өткізу жөнінде ұсыныс жасады. Президент бұл ұсынысты референдумға шығармай, Парламенттің қарауына жіберу туралы шешім қабылдады. Конституциялық Кеңес бұл мәселеге орай оң қорытындысын жіберді» деп мәлімдеді бірлескен отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин. Отырысқа қатысқан Сенаттың 43 және Мәжілістің 101 депутаты аталған ұсынысты бірауыздан мақұлдады.

Халық саны көбейді

30 жылдан кейін елорда тұрғындарының жартысынан көбін өзге өңірлер мен басқа елдерден көшіп келген адамдар құрайды. Сол кезеңде халықтың саны 2-2,5 млн адамға жетуі мүмкін. Отандық зерттеуші-мамандар осындай деректерді жария етті. Олардың болжамынша, 2030 жылы Қазақстан халқының саны 25,4 млн адамға жетеді. Қазір елорда тұрғындарының саны қарқынды көші-қон есебінен көбеюде. Мысалы, 2019 жылдың қаңтар, ақпан, наурыз айларында Нұр-Сұлтанға 33 693 адам көшіп келген. Бұл көрсеткіш былтырғыдан 60,5 пайызға артық. Бас қалаға қоныс аударатындар, негізінен, Ақмола, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының және Алматы қаласының тұрғындары.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды