«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 65

АСТАНА

«Қазавтожол Kaztraffic-2018» XV халықаралық көрмесі өтуде. Халық­аралық шараға елімізден бөлек, Ресей, Беларусь, Германия, Франция, Италия, Швеция, Түркия, Корея ел­дерінің 100-ге жуық компаниялары өз өнімдерін әкелген. Көрмеде автомобиль жолдарының құрылысы мен оларды жөндеу, күтіп ұстау бағытындағы соңғы үлгідегі ғылыми және технологиялық жетістіктер ұсынылды.

АЛМАТЫ

ҚР Тұңғыш Президенті күні қар­саңында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Ұлы даланың жеті қыры» атты көрме ашылды. Көрмеге Елбасының мақаласындағы тарихи мұрамыздың жеті символы, сәндік-қолданбалы өнер ескерткіштерінің көшірмелері мен еліміздің ежелгі тари­хының түрлі кезеңдеріндегі архео­логиялық жәдігерлер қойылған.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Облыс орталығындағы ҚР Президенті­нің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақтөбе облысы бойынша филиалы мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­вер­ситетінің ғимаратында алғаш рет «Адал­дық» деп аталған сатушысы жоқ дүкен ашылды.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Облыс аумағында «TURKISTAN INVEST» компаниясы жалпы құны 507 млрд теңгені құрайтын 19 жаңа ірі жобаны тарту бойынша жұмыстар жүргізіле бастады.

СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Алдағы жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында биоэтанол өндіріле бастайды.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Облыс аумағында жүз елді мекенді абаттандыру бағдарламасы қолға алынды. Бұған қажетті қаражат келер жылы аймақтық бюджетке кіргізіледі. Әр елді мекенге он миллион теңге мөлшерінде қаржы жұмсалу көзделген.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Облыс орталығында үкіметтік емес ұйымдар секторының өкілдері үшін Азаматтық альянс үйі ашылды.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

Таразда жастар арасындағы «Бүр­кітші-2018» Х чемпионаты өтіп, оған еліміздің әр өңірінен үздік бүр­кітшілер келіп қатысқан. Чемпионат қорытындысы бойынша бүркітпен бірге аң аулау жарысында Сармат Әбдулкәрімұлы жеңіске жетсе, сұң­қармен аңға шығуда Берікболсын Жалғасұлының, қаршығамен аң аулау­да Сағи Махмұтханның бағы жанды.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

Қарағандыдағы қайта өңдеу зауыты айына 4 мың ескі көлікті кәдеге жаратып, экологияға зиян тигізетін қалдықтардан шикізат өндіріп отыр. Бүгінгі күнге дейін өндірістің қуаттылығы артып, жалпы 57 мың ескі көлік қалдықтарын өңдеген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды