«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 55

Астана

Астанаға газ құбырын тарту биыл­ғы желтоқсан айында бастала­ды. «Сарыарқа» магистральді газ құ­бырының «Қызылорда–Жезқазған–Қарағанды–Теміртау–Астана» бағыты бойынша бірінші кезеңі 2019 жылдың желтоқсан айына дейін аяқталады.

Алматы облысы

Жетісу өңірінің Бұрхан, Шеңгелді, Қырғауылды қорымдарындағы археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған, темір дәуіріне тиесілі жүзге тарта көне зат пен бұйымның арасында керамикалық ыдыстар, жебенің қоладан жасалған ұштары және алтын әшекейлер музейге табысталды. Енді олар М.Ты­нышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайында сақталады.

Батыс Қазақстан облысы

Облыстық аурухана жанынан «Аллергология орталығы» ашылды. Мұнда 50-ден аса аллергенді тексеріп, сырқат сырын тап басуға мүмкіндік бар. Енді түрлі аллергиясы бар науқастар бір жерден диагностикадан өтіп, білікті мамандардың жәрдеміне жүгіне алатын болады.

Атырау облысы

Атырауда австриялық «Бореалис» компаниясы газ-химиялық кәсіпорнын ашады. Бұл жөнінде Брюссельде өткен қазақстандық-еуропалық бизнес-форумда шешім қабылданды.

Павлодар облысы

Облыс орталығында келесі жылдан бастап қоғамдық көлікте электронды билет жүйесі енгізіледі. Павлодар Астана және Алматыдан кейінгі қоғамдық көлік қызметін жетілдіруге кіріскен үшінші қала болады. Бірінші кезекте электронды билеттеу жүйесі автобус маршруттарына, содан кейін бірте-бірте трамвайларда да орнатылады.

Түркістан облысы

Мақтаарал ауданында жаңадан салынған асфальт-бетон зауыты іске қосылды. Инвестицияның жалпы құны 300 млн теңгені құрайды. Алдағы уақытта дайын өнім Қазақстан бойынша сатылады деп жоспарланып отыр.

Шығыс Қазақстан облысы

Бүгінде Семей қаласы бойынша 67 мектеп болса, соның тек 9-ына ғана ұлт тұлғаларының есімі берілген екен. Енді бұған дейін нөмірмен аталып келген 8 мектеп Абай, М.Әуезов, Қ.Сәтпаев, Б.Момышұлы, Ы.Алтынсарин, Ә.Бө­кей­ханұлы, А.Байтұрсынов және педагог Т.Құтжанов есімімен аталатын болады.

Қарағанды облысы

Қарағандыда Бұқар жыраудың 350 жылдығына арналған «Бұқар жыраудың өмірі мен шығармашылығы – бүгінгі қоғамның рухани құнды­лығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын аясында «Көмекей әулие» атты де­рек­ті фильмнің тұсаукесері ұйым­дастырылды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды