«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 87

Ақмола облысы

«Жастар жылы» қарсаңында «Ақмола жастары» бағдарламасы қолға алынады. Соның аясында Көкшетауда 4 тұрғын үй салынып, 400 жас отбасы баспанамен қамтылмақ.

Өскемен

Өскеменде қарызы бар адамдар мен қылмыскерлерді анықтайтын бағдаршам орнатылды. «Ақылды» техника жолдан өтіп бара жатқан кісілердің түр-әлпетін ІІМ база­сын­дағы азаматтармен салыстырып, күдіктіні таныған жағдайда полицияға хабар береді.

Павлодар облысы

Келесі жылы Павлодар облысына қарасты Май ауданының 10 мыңдай тұрғыны сапалы ауызсуға қол жеткізеді. Жүргізіліп жатқан су құбыры 16 ауылды басып өтеді. Келешекте тағы 6 ауылды қосу жоспарланып отыр.

Жамбыл облысы

Жаңа бағыттағы Қордай асуының айналма жолы енді Жамбыл облы­сының Қордай ауданына қарасты ауылдарға кірмей, сыртынан айналып өтетін болды. Соның арқасында жолдың ұзындығы 20 шақырымға қысқарды.

Қызылорда облысы

Нұртай Жайықбаев атты қы­зыл­ордалық өнертапқыш үй ша­руашылығына арналған әмбебап қоларба жасап шығарды. Оны қыста қар күреуге, көктемде бақшадағы арамшөпті отап, жер қопаруға пайдалануға болады.

Түркістан облысы

Түркістан облысының емдеу мекемелері бір айдың ішінде компьютермен толықтай қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда облыстағы медицина ұйымдарының 69 пайызы компьютермен жабдықталған.

Маңғыстау облысы

Маңғыстау облысы Түпқараған ауданында 2 жел электр стансасы салынуда. Түгелдей инвесторлар қаражатына соғылып жатқан стансалар келесі жылдың маусым айында пайдалануға беріледі.

Атырау

«Атырау» газетінің 95 жылды­ғына орай аймақтық медиа-музей ашылды. Онда танымал тұлға­лардың қолжазбалары, ардагер журналистердің фотосуреттері мен құралдарынан тұратын 400-ге жуық жәдігер қойылды.

Петропавл

Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысындағы алғашқы полиция бөлімінің фронт-кеңсесі ашылды. Енді тұрғындарды темір торлы есіктер мен қатаң атмосфераның орнына ыңғайлы кең залдар қарсы алып, полиция мамандары сол жерде кеңестер беретін болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды