«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 14

АСТАНА

Бес құрлықтың басын қос­қан «Астана – әлем дауысы» халықаралық фестивалі аяқталды. Шара аясында алғаш рет 25 елдің 500 хор әртісі өнер көрсетті.

ТҮРКІСТАН

Қараша айынан бастап Алматы мен Түркістан қалаларының арасында жаңа туристік пойыз қатынайды. Алматыдан жұма күні шығып, жексенбі күні кері қайтатын пойыз саяхатшыларға арналған. Жолаушылар қонақүй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралауға мүмкіндік алады. Пойыз қазірше аптасына 4 рет жүргізілмек.

АҚТӨБЕ ОБЛЫСЫ

Облыс орталығында ауыл шаруашылығы өндірушілеріне кеңес беру бойынша сall center орталығы ашылды. Бұл орталық қызметі ауылшаруашылық жануарларын өсіретін кәсіпкерлерге ветеринарлық қауіпсіздік бойынша кеңес береді. Оған «1432» нөміріне қоңырау шалу арқылы Ақтөбе облысының барлық тұрғындары хабарласа алады.

ПАВЛОДАР ОБЛЫСЫ

Павлодарда алғаш рет жаратылыстану ғылымдары мульти­медиялық мұражай кешені ашы­лады. Г.Потанин атындағы музейдің тақырыптық бөлімі ретінде тіркелген музейдің негізгі тақырыбы геология, палеонтология, археология ғылымдары болады.

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ

«ASPARA Fashion Week» ха­лықаралық сән апталығы Таразда өтіп жатыр. Онда әлемнің 18 елінен келген 33 киім дизайнері өз коллекцияларын назарға ұсынуда. Сән қойылымының бірінші күнінде Қазақстан, Италия, Франция, Өзбекстан дизайнерлері өз жұмыстарын көрсетті.

АТЫРАУ ОБЛЫСЫ

Исатай ауданында жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы ашылды. Ол ауданның 90 жылдық мерейтойына орай салынған. Енді осы екі қабатты ғимаратта 30 мыңға жуық аудан тұрғындарына қызмет көрсетіледі.

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ

Қызылордада «Қорқыттың даналық сөздері» атты кітап үш тілде шығарылады. Кітапқа АҚШ пен Еуропа елдеріндегі архивтерден Қорқыт ата мұрасы туралы бұрын еш жерде жарияланбаған мәліметтер енгізіледі.

ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫ

Қостанайдың халықаралық әуежайындағы ұшу-қону жолағын жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұл жұмыстарға 4,6 млрд теңге қаржы бөлінді. Енді әуежайда көлемді жүк борттары жеткізіліп, жаңа рейстер ашылады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды