«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 89

 

Маңғыстау

Биылғы оқу жылында Маңғыстау­да 6300 орындық 9 мектеп пайдалануға беріледі. Жыл басынан бері 920 орындық 10 балабақша ашылған, желтоқсанға дейін тағы да 23 балабақша іске қосылады. Жыл аяғына дейін бөбектер 100 пайызға балабақшамен қамтылады.

Қарағанды облысы

Арқаның сұлу әрі киелі жерлерін тамашалауға Ақтөбеден 70 бала келді. Өнердің, оқудың, спорттың үздіктері Теміртау қалалық тариxи-өлкетану мұражайын аралап, Самарқан бөгеніне және Долинкадағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мұражайына барады. Саяхатшылар Қарқаралының табиғатын тамашалап, киелі жерлерін аралайды.

Солтүстік Қазақстан облысы

Имантау-Шалқар курорт аймағының Имантау көлiнде желкендi қайық клубы ашылды. Қазiр клубта 3 желкенді қайық бар. Жастар бұл спортқа қызығушылық танытуда. Олар үйренгеннен кейін Түркияға барып шкипер куәлiгiн ала алады. Алдағы уақытта желкендi қайық спортын Пестрое көлiнде де дамытпақ.

Шығыс Қазақстан облысы

Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық технологиялар паркі бірлесіп, «Курчатов қаласындағы технология­лық орындарды аралау» атты турис­тік бағдар ашылды. Енді қонақтар ең алдымен Семей ядролық сынақ полигонының деректерінен хабар беретін музейді аралайды. Тамыз айының соңына дейін Алматы қаласы және облысымыздың барлық аудандарынан әртүрлі жастағы балалар Семей мен Курчатов қалаларына арнайы келіп қайтпақшы.

Павлодар облысы

Павлодар облысында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдық мерейтойы атап өтілді. Салтанатты шара ғұламаның туған жері Баян­ауыл ауданында өтті. Онда 35 киіз үйден құралған этноауыл бой көтерді. Мерейтойға орай облыс­тық айтыс ұйымдастырылып, оның бас жүлдесін Жаңажол ауылының тұрғыны Тілек Сейітов жеңіп алды.

Атырау

Атырауда жас келіндер арасында байқау өтті. «Тәрбие бастауы – анадан» атты облыстық сайысқа 14 жас келін қатысып, 4 кезең бойынша сынға түсті. Шараның басты мақсаты – ұлттық әдет-ғұрыптар мен құндылықтарды дәріптеу, қазақы болмысты бойына сіңірген келіндердің бейнесін қалыптастыру, ата-бабамыздан ұмыт қалған отбасы тұрғысындағы салт-дәстүрлерді жаңғырту.

Ақтөбе

Құтикөл ауылында ауыл жастарының аудандық XVII спартакиадасы өтті. Бұл спартакиадаға облыс­тың Ырғыз, Қызылжар, Құмтоғай, Аманкөл, Нұра, Тәуіп, Жайсаңбай ауылдық округтерінен жеті команда қатысып, спорттың волейбол (ерлер және қыз балалар арасында), футбол, қазақ күресі, гір көтеру, қол күрестен өзара сайысқа түсті.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды