«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадан ауылға дейін…

0 94

Ақтөбе

«Бақытты бала» жобасы аясында кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынан айырылған мыңдаған балаларды өз қамқорлығына алды. Олар балалардың «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі» есепшоттарын үнемі толтырып отырады екен. Бұл жоба іске асырылған күннен бастап ақтөбелік 58 жетім бала баспаналы болған.

Солтүстік Қазақстан

Қызылжар қаласындағы Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне биыл 865 білім беру гранты бөлінген. Бұл көрсеткіш бұрынғы жылдардан 2,5 есеге көп. Оқу орны басшыларының айтуынша, грант санының көбеюі солтүстікқазақстандық түлектердің Ресейге оқуға кетуін азайтуға ықпал етеді.

Қостанай облысы

Қостанайлықтар «Ежелгі Тараз қазыналары» атты көшпелі көрмені тамашалай алатын болды. Халықтың назарына ежелгі Тараз ескерткіштері тарихи қорық музейінен іріктеліп алынған 250-ге жуық құнды жәдігерлер ұсынылған. Олардың арасында қыш, қола, алтын, күміс, мыстан жасалған бұйымдар бар. Көрмедегі ең құнды жәдігердің бірі – зергерлік көмбе.

Маңғыстау облысы

Облыста қуаты 42 мегаватты құрайтын, құны 60 млн долларлық тағы бір жел электр стансасы салынады. Қаржылық шығынды көтеруге келісім берген инвестор Сергей Парцикян станса құрылысына жергілікті жұмысшыларды аламын деп отыр. Ол генераторларды құрастыратын инженерлерді Қытайдан шақырады. Түпқараған ауданында орнатылатын стансаға 375 гектар жер телімі бөлініпті.

Түркістан облысы

Өңірдегі 270 автобусқа электронды билет жүйесі енгізіледі. Жуырда көлік компаниялары мен инвесторлар осындай мақсаттағы меморандумға қол қойды. Қанатқақты жоба әуелі Түркістан қаласындағы №1А бағдарындағы автобустарға орнатылады. Сонымен қатар, Түркістан қаласында инвесторлардың қаражатына 1 «ақылды» аялдама салынады және 5 жарнама хабарлағыш орнатылады.

Павлодар облысы

Ертіс өзенінің жағалауы 1,1 шақырымға дейін ұзартылатын болды. Мұндағы мақсат – көктемде болатын су тасқынынан қорғану. Аталған жобаны іске асыруға 1 млрд 300 млн теңге қаражат бөлінген. Басты демеуші – «Kaz Minerals Bozshakol» ЖШС. Құрылысты жүргізетін «Алвис» компаниясы жағалауды су шайып кетуден сақтандыруға күш салуда.

Жамбыл облысы

Жамбылдықтар бірнеше тарихи кезеңдерді біріктіретін ауқымды туристік алаң ашуды жоспарлауда. Бір ғасырдан астам «өмір сүрген» көне үйлер қаншама тарихи оқиғаларға куә болған. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында бұл жерлерде бай-көпестердің, қолөнершілердің тұрағы болған. Алдағы уақытта «Әулие ата орамы» мен «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығы бірыңғай туристік кешенге айналмақ.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды