«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанадағы ақ марафон

0 19

Жаз бойы жүгіріп жаттыққан елорда жұрты Арқаның сарышұнақ аязында да қарап жатқан жоқ. Сенбіде сынап бағанасы -25 градусқа дейін төмен түссе де, көңіл күйлері түспеген марафоншылар Триатлон паркке таңнан жиналып, сап түзеді.

Екінші рет салтанат құрған Astana winter marathon жарысына 1600-ден аса адам қатысуға ниет білдірді. Оның арасында алыстан ат арылтып келгендер де бар. Ашып айтсақ, 300-ден аса жел­аяқ еліміздің басқа аймақтарынан және Ресей мен Украинадан жетті.
Спортты өмір салтына айналдырған көпшілік қабағына қырау қатса да бұл додадан қалыс қалмады. Жас-кәрісіне қарамай осы маңнан табылған жұрттың ең жасы 12 жасар болса, ең егдесі 74 жаста болды.
Темір төзімді, қызу қанды марафоншылар 5, 10 және 21 шақырымдық үш қашықтықта бақтарын сынады. Ал ең ұзақ 42 шақырымдық жарыс күннің қатты суытуына байланысты шектелді. Мұнда қатысушылардың қауіпсіздігіне аса мән берді. Әйтпесе 42 километрді де бағынбас белес деп білмейтіндер қос өкпесін қолына алып дайын-ақ тұр еді. Желаяқтардың осы табанды мінезінен марафонның ұраны неге «Шексіз мүмкіндік» деп аталғаны да айқын болды.

Додаға дем беріп, көпке үлгі болып Азия, Африка, Австралия және Американың шөл даласын шалдықпай жалғыз жүгіріп өткен әйгілі марафоншы Марат Жыланбаевтың өзі жол бастады. Ол тек Астанада ғана емес, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Екібастұз және Орал қалаларында да жұрт жүгіруге шыққанын атап өтіп, халықты белсенді қозғалысқа үндеді.
Марафон Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Шараның бас демеушісі – «BI group» компаниясы.


5 шақырымдық қашықтықтағы марафонда Серік Исмаилов пен Адель Шахайдар жеңіске жетсе, 10 шақырымдық қашықтықты алғашқы болып Мирас Жетібаев пен Зарина Ментаева бағындыр­ды. Ал 21 шақырымдық марафонда Базарбай Дауталиев пен Татьяна Миргородскаяға тең келер атлет болмады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды