«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанада жеңілдікке ие жолаушылар қала шетінен тегін қатынайды

0 59

Көптен бері ел аузында жүрген электронды төлем жүйесіне көшудің алғашқы қадамдары жасалды.

Астра

30 шілдеден бастап қала маңына қатынайтын бағдарлар жаңа жүйемен жұмыс істеуде. Көлік мамандарының біліктілік орталығында өткен баспасөз мәжілісінде аймақтарға арналған тарифтердің артықшылығы баяндалды.

Жаңа жоба жолақы төлеуді оңтайландырумен қатар, бірнеше басымдықтарға ие. Мәселен, бұрын тек қала ішінде ғана тегін жүрген әлеуметтік санаттағы азаматтар енді қала шетіне де ақысыз жол жүре алады. Жеңілдікпен жүретін жолаушылардың бүгінде 90 пайызына арнаулы карталар үлестірілген. Сондай-ақ, мұндай карталармен оқушылардың басым бөлігі қамтылған. Ал бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндердің картасы қазірден бастап әзірленіп жатыр.

«Астана LRT» филиалы Төлем жүйелері орталығының басшысы Сергей Поповтың айтуынша, «AstraPlat» жолақы төлеудің электронды жүйесі бірінші кезеңде қала маңындағы бағыттарға енгізіліп, сәйкесінше аймақтық тарифтер де біршама өзгеріске ұшырады. Осыған дейін жолаушыларды қала шетінен тасымалдауға әртүрлі бағадан тұратын 84 тариф белгіленген болса, қазір олардың саны небәрі 5 тарифке қысқарды. Нәтижесінде елді мекендердің тұрғындары үшін Астанаға дейін жол жүру құны орташа есеппен 50 теңгеге азайды.

«Бүгінде қала маңындағы тасымал 24 бекетті қамтиды. Күн сайын 14 бағдар бойынша 39 автобус жолға шығады. Ауыл-аймақтарға қатынайтын автобустар төрт аймақтық тарифке бөлінді. Жаңа жүйенің қалай жұмыс істейтінін жолаушыларға егжей-тегжейлі түсіндіру үшін тыңғылықты жұмыстар жасалып жатыр. Шаһар шетіне жүретін қоғамдық көліктердің ішіне төрт аймаққа кіретін елді мекендер туралы жан-жақты ақпараты бар арнайы плакаттар ілінген. Мұндай плакаттар, сондай-ақ, 150 аялдамаға жапсырылған», – дейді Астана қаласының Көлікті диспетчерлеу орталығының басшысы Бауыржан Сейітов.

Жолақы төлеудің жаңа жүйесі жылдың соңына дейін елорданы толықтай қамтиды деп жоспарланып отыр екен. Бұл туралы мәлімдеген «Астана LRT» ЖШС-ның жолаушылар көлігі маманы Әбдіхамит Тамабаев жобаның кезең-кезеңмен жүзеге асуы жолаушылардың сын-ескерпелерін қаперге алып, кем-кетіктерді толықтыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

 

Орынбек ӨТЕМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды