«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанада төртінші аудан ашылады

0 80

Биыл 20 жылдық белесіне шығатын ел жүрегі – Астана әлеуметтік-экономикалық өрлеуі, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі, нақты сектор мен инфрақұрылымға инвестициялар тарту жағынан елде көшбасшы орында келеді. Ал қаланың 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлемдік стандарттарға, тұрғындардың өсімі мен қала экономикасына сай келетін инфрақұрылымды құруға, халыққа жайлы ортаны қалыптастыруға, елорданың ел экономикасындағы рөлін көтеруге бағытталған. Бұған қоса, Астананы 2050 жылға дейін әлемнің 10 үздік қаласының қатарына енгізу тұжырымдамасы жасалды.

Астана халқының саны жылдан-жылға өсіп келеді. Осыдан бір жарым жыл бұрын қала тұрғындарының саны миллион адамға жетсе, 2017 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша 1 020 722 адамды құрады. 2020 жылдың аяғына қарай тұрғындар 1 млн 200 мың адамға жетеді деп болжануда.
Елорданың агломерациясын дамыту, қаланың солтүстігінде орналасқан шеткері аумақты тиісті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету мақсатында қалада төртінші ауданды ашу жоспарланып отыр. Жаңа ауданға Өндіріс және Железнодорожный тұрғын алаптары кіреді.
Жалпы алғанда Алматы және Сарыарқа аудандарының бір бөлігі ашылғалы жатқан аудан құрамына енеді. Кеше қалалық мәслихаттың тұрақты комиссияларының қоғамдық тыңдауы өтіп, онда төртінші аудан атауы да ұсынылды. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев жеткізген Байқоңыр атауын мәслихат депутаттары қолдады.
«Төртінші аудан атауына қатысты бізге Байқоңыр, Тәуелсіздік, Қорғалжын сияқты бірнеше ұсыныс келіп түсті. Астана – өзге өңірлерге үлгі болатын шаһар. Егемен еліміздің елордасы болғандықтан, атаулары мәртебесіне сай, әрі төл тарихымыз­дан, мәдениетімізден сыр шертетіндей болуы тиіс. Байқоңыр – ұлы даламызды әлемге паш ететін жер. Қорқыт бабамыздың «Байқоңыр – жер кіндігі» деп айтқаны да бар. Байқоңыр – әлемдегі тұңғыш әрі ең ірі ғарыш айлағы. Осы айлақтан тарихта алғашқы мәрте адам ғарышқа ұшты. Ұлт мақтаныштары Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетов Байқоңырдан көкке самғап, абыройымызды асқақтатты. Байқоңыр айлағы – өткен ғасыр­дың еншісіне жазылған адам баласының теңдесі жоқ жетістігі. Сол арқылы адамзат табиғат құпиялары мен ерекшеліктерін игеруге жол ашты. Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер ағылуда. Байқоңыр атауы шетелдіктерге жақсы таныс. Өскелең ұрпақ үшін де тағылымды атау. Сондықтан адамзат алдында айрықша орны бар, ел тарихына алтын әріппен жазылған Байқоңыр атауын жаңа ауданға беру ұсынысымен келіп отырмын» деді Т.Қышқашбаев.
Астана қаласының Құрметті азаматы Владимир Редкокашиннің сөзінше, жаңа аудан ашылғанда қазір туындап отырған біраз түйткілдер шешіледі. Қаланы басқару тиімділігі де артады. Байқоңыр атауы елорданың дамуын ғарыштық жылдамдықпен қамтамасыз етеді.
Төртінші аудан атауын алда әлі ономас­тикалық комиссия қарайды. Нақты шешім кейін шығарылады.
Жаңа аудан құрамына болашақта Ақмола облысының Шортанды ауданының бір бөлігін енгізу де жоспарлануда. Әрине, инфрақұрылым жағынан атқарар іс те жеткілікті. 150 көше кіретін төртінші аудан аумағында жалпы ұзындығы 23,8 шақырымнан асатын 50 көшені жөндеу, 80 көшені жарықтандыру, отбасылық-дәрігерлік амбулаторияны, Мәдениет үйін салу, жарықтандырылған жаңа жолдардың құрылысын жүргізу, инфрақұрылымға қатысты өзге де жұмыстарды атқару мақсаты тұр. Түйіндеп айтқанда, жаңа аудан «Шет аймақсыз қала» жобасын жүзеге асыру үшін ашылады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды