-->

АСТАНАДА СУ ТАСУ ҚАУПІ ЖОҚ

Сәуірдің 13-і мен 15-і аралығында нөсер жаңбырдың салдарынан Есіл өзеніндегі су ағынының көлемі 340 млн текше метрге жетті. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитетінің төрағасы Ислам Әбішев мәлім етті. Ал Қазгидромет орталығы жауын көлемі 100-ден 160 млн текше метрге жуық болады деп болжаған болатын. Оның үстіне, ауа райының күрт жылынуына байланысты қар тез еріп, қызыл су жинала бастады.

Осы жағдайға байланысты елорда әкімдігінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары жөніндегі комитеті мен Сәтбаев атындағы каналдың басшылығы және қаланың жауапты қызметтері өкілдерінің қатысуымен жедел баспасөз мәслихаты өтті. Шара аясында мамандар Астана су қоймасында орын алған жағдайды түсіндіріп, қауіп-қатерге жол берілмейтінін айтты.

43242

– Бүгінде мамандардың үздіксіз және үйлесімді жұмысының нәтижесінде 340 млн текше метрдің 90 млн текше метрі Астана су қоймасында қалды, ал 250 млн текше метрі контрреттегішке бағытталды. Мамандардың жоспарлы жұмысы жағдайды бақылауға алуға мүмкіндік берді. Астананың маңындағы елді мекендерді су басу қаупі жоқ, – деді Ислам Әбішев. Қазіргі таңда елордада су тасқынына қарсы жедел штаб жұмыс істегеннен кейін кешенді іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда.

5656

ТЕХНИКАЛАР САҚАДАЙ САЙ

Сонымен қатар, Кіші Талдыкөл көлінің ауданында (8,8 км) бөгеттер жасау мен бекіту жұмыстары аяқталды. Ильинка тұрғын алабындағы бөгет те (6,7 км) нығайтылды. Қала көшелерінен шығарылған қар көлемі 2016 жылдың 19 қазанынан үстіміздегі жылдың 11 сәуіріне дейін 5 млн текше метрден асты, бұл былтырғы маусымдағы көлемнен екі есе көп.
Бүгінде азаматтардың өтініштері бойынша су сорғыту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мәселен, сәуір айында 6600 өтінім келіп түскен, соның ішінде соңғы тәулік ішінде 444 азамат көмек сұрап келген. Күн сайын үш ауданда су сорғыту жұмыс­тарына 100-ден аса арнайы машина тартылады. Бұған қоса, қала әкімдігі 27 арнайы техника, 73 сорғыш құрылғысын және мотопомпасын жұмылдырды. Үстіміздегі жылы 20 мың дана қап, 9 мың тонна инертті материал және 188 тонна жанар-жағармай әзірленді. Бұдан бөлек, су тасқындарының салдарын жоюға қаланың 125 адамнан тұратын шұғыл әрекет ету жасағы, 48 дана инженерлік техника, атап айтқанда, бульдозер, экскаватор, кран, жүк тиегіш және өздігінен түсіргіш техникалары тартылады. Қаланың коммуналдық қызметтерінің тобы сақадай сай тұр, оның құрамына 97 адам, 55 дана техника, 7 мотопомпа, 40 ассенизаторлық машина, 5 тракторлық сорғыш, 2 сорғыш кіреді.

ЕЛДІ МЕКЕНДЕР ЕСТЕН ШЫҚПАЙДЫ

Жағдайды көзбен көру үшін Көктал кентіндегі су алуы мүмкін деген саяжайға барған болатынбыз. Ол жерден Есіл ауданының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевты кездестіріп, сұрақтарымызға жауап алдық. Аудан әкімінің айтуынша, Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп жатыр.

444

– Алайда қазір Ұлттық гвардияның әскерилері құм толтырылған қаппен өзендегі суды бөгеуде. Сондай-ақ, олар, өздеріңіз көргендей, көпірге жиналған әртүрлі қалдықтарды тазалап, судың жылдам ағып кетуіне жағдай жасауда. Бұл өз кезегінде судың көтерілуінің алдын алып, тұрғындардың кедергісіз көпірден өтуіне мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, халыққа су тасқыны бола қалған жағдайда қайда барып, қалай әрекет ету керек екені алдын ала хабарланған. Жалпы айтқанда, тәуліктің 24 сағатында кезекшілікке тұрып, судың көлемін бақылап отырмыз. Тұрғындарға келер ешқандай қауіп жоқ, – дейді аудан әкімі.

2323

Ал қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Марғұлан Аманбаев болса елорда іргесіндегі елді мекендерге көмек көрсетіліп жатқанын айтады. Мәселен, ол Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылына көмек көрсеткенін тілге тиек етті. Иә, құзырлы орган өкілдерінің сөзіне сенсек, Астана қаласы мен оның іргесіндегі ауылдарға төнер қауіп жоқ. Ләйім, қараша халық тасқын судан аман болып, шығынға шаш етектен батпасын. Алайда апат айтып келмейтінін Ақтөбе мен Қарағанды және Ақмола облысына қарасты Атбасар ауданында болған су тас­қыны дәлелдеді емес пе? Сондықтан да «Сақтансаң сақтайды» деген сөзді қаперден шығармаған жөн.

СУ ШАРУА­ШЫЛЫҒЫНЫҢ  МАМАНДАРЫ ТАПШЫ

Елімізде жыл сайын су тасқыны болып, белшемізден шығынға батып жатамыз. Тіпті кей кездері адам шығыны болатыны жасырын емес. Тіпті кейінгі кездері көктем шыққаннан кейін су тасқыны болуы керек сияқты болып кетті. Ал, шын мәнісінде, бұл түйт­кілді мәселенің шешімін тауып, қараша халықты қауіп-қатерден қорғауға болады емес пе? Бұл туралы жыл басында мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын.

2324

Депутаттың айтуынша, су шаруашылығына қатысты еліміздегі білім беретін ЖОО талапқа сай студенттерді оқытпай отыр. Ал еліміздегі су қоймалары 30 жыл бұрын салынғандықтан, оның 90 пайызға жуығының тозығы жетіп тұр. Өкінішке қарай, депутат тозығы жеткен су қоймаларына құрылыс жұмыстарын жүргізетін инженерлер болмай отырғанын айтады. Соның салдарынан Қызылағаш пен Көкпекті ауылында су тас­қыны болып, көптеген адам қаза тапқан еді. Депутат осындай қайғылы оқиға болмас үшін су шаруашылығына қатысты мамандарды дайындау керек деп нақты ұсыныс жасаған. Үкіметтің депутаттық сауалына қалай жауап бергені белгісіз. Бір белгілісі – бізге су апатынан алдын алатын мамандар қажет. Сондықтан да еліміздің әр аймағында болған су апатынан нақты қорытынды шығарып, әрекет ететін кез келді.

3434

Серік  ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Оставить комментарий

Ваш email не будет опубликован.Необходимы поля отмечены *

*