«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Астанада «Saryarka short film festival» атты қысқаметражды фильм­дердің фестивалі қорытындыланды

0 109

Астанада алғаш рет «Saryarka short film festival» атты жастарға арналған қысқаметражды фильм­дердің фестивалі өтті. Шараны «Астана жастары» орталығының басшысы Әнуар Нұрпейісов қала­лық әкімшіліктің қолдауымен ұйымдастырды. 

saryarka-short-film-festival

Фестиваль кино әлеміне жаңа қадам бастаған отандық кинематографшыларды қолдау, дарынды жастар мен қазақ киносының майталмандарын бір арнаға шоғырландыру мақсатында өткізілді.
Байқауға жалпы саны 63 жұмыс келіп түсті, олардың 23-і қабылданып, өзара бәсекеге түсті. Жастардың жұмысына кино әлемінде өз орнын ойып тұрып алған Сламбек Тәуекел, Бауыржан Нөгербек, Әсия Сүлеева, Инна Смаилова, Фархат Шәріпов, Әубәкір Сүлеев, Нәзира Мұқышева, Алма Өтекешева және Әнуар Нұрпейісов қазылық етті.
Кинофестиваль аясында тағы 5 туынды көрермен назарына ұсынылды. Көрсетілім арасындағы үзілісте киносүйер қауым, жас та болса, дарынды режиссерлердің шеберлік сағаттарына қатысты. Жастар Қанат Бейсекеев, Медет Шаяхметов, Олжас Бейілов сынды режиссерлермен тілдесіп, кино әлеміндегі жаңалықтарға қанықты. Сондай-ақ, Самсон Безмятежный лақап атымен танымал менеджер өнер арқылы ақша табудың жолын түсіндірді.
Фестиваль белгілі бір тақырыпты талап етпесе де, көптеген жұмыстар бір-біріне ұқсап жатты. Мәселен, ойдан шығарылған әлем мен шынайы өмірдің ара-жігін ажырата алмау, фантазияға берілу, естеліктерден жаңылу деген сияқты құбылыстар жиі ұшырасты. Дегенмен әрі кетсе 15 минуттық туындыда белгілі бір тақырыпты қаузау қиынның қиыны екені түсінікті.

СҮЙІКТІ РЕЖИССЕРЛЕРМЕН ҚАУЫШТЫ

Кинофестивальға арнайы Мәскеуден, Нью-Йорктен ат терлетіп келген меймандар да болды. Шарада Нью-Йорк кино академиясында режиссер мамандығын тәмамдаған астаналық Медет Шаяхметов өзінің «Escape» (Қашу) туындысын таныстырды. Сондай-ақ, жастарды толғандырған сұрақтарға жауап берді.

medet-shayahmetov
– Байқауға келіп түскен өтінімдер саны қуантарлық. Алайда, меніңше, көптеген фильмдерге ирония мен әзіл жетіспеді. Түгелі дерлік айтайын деген идеяны қиындатып, тым күрделі қылып жіберді. Бұл барлық детальдардан байқалып тұрды. Әрине, әсер еткен де болды: «Актер», «Маршрут», «Step forward» сынды туындыларды бөліп-жарып айтуға болады. Мен әлі де шығармашылық ізденіс үстіндемін. Өз жұмысыма келетін болсам, фильм 20 сағаттық түсіру жұмыстарын талап етті. Пре-продакшн алты ай, ал пост-продакшн бір жылдай уақытты алды.
Шындап келгенде, режиссер болу үшін білім алу маңызды. Алайда қай жерде оқымасаң да, ең бастысы – алған білімді жетілдіру, бойыңдағы дарынды одан әрі шыңдай түсу. Интернетті ақтарып, керек оқулықты оқып, видео-сабақтарды көріп, көп нәрсені үйренуге болады. Қазіргі таңда Мәскеуде бейнебаян түсіріп жүрмін. Деректі фильмге дайындық жүргізіліп жатыр, – деп сөзін аяқтады Медет Шаяхметов. Айта кетейік, 23 жасар режиссер отандық әншілердің бірқатар бейнеклипін түсіріп үлгерді.
Қанат Бейсекеевтің есімі халыққа алдымен фоторепортаждармен, кейін деректі фильмдердің арқасында мәлім болды. Жас режиссер АҚШ-тағы қазақстандықтардың шынайы өмірін бүкпесіз, боямасыз ашық көрсете білді. Ол кинофестивальде шетел­діктер асырап алған қазақ балалары туралы фильмнің үзіндісін көрсетті. Ақтық монтаж жұмыстары келесі жылдың басында аяқталады деп жоспарлануда.

ҚАЗАҚ КӨРЕРМЕНІ МЕЙІРІМДІЛІКТІ ҚАЛАЙДЫ

Өз жұмыстарын Youtube желісінде жариялайтын Қанат қазақ киносы туралы ойымен бөлісті:

qanat-bejsekeev

– Менің шығармашылығым телевизияның форматына сәйкес келмейді. Сондықтан болар, өздігімнен жұмыс істеуді ұйғардым. Ең ұнайтыны – кейіпкерді өзің тауып, онымен тілдесіп, сценарийін жазасың. Оператор, дыбыс қоюшы, режиссер де өзіңсің. Сол себепті, әрбір түсірген дүниеде сенің қолтаңбаң айқын көрінеді. Заман өзгерді, уақыт өзгерді. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын қазақ режиссерлері түсінді.
Менің ойымша, киноны түсірмес бұрын аудиторияны айқындап алу маңызды. Қазақ режиссерлері қазақстандықтар үшін түсіру керек, сол кезде ғана еліміздегі кино саласы дамуын тоқтатпайды. Яғни, барша әлемге паш етем деген туынды көп жағдайда біздің көрерменге әсер етпеуі мүмкін. Себебі қазақ аудиториясы ерекше, олар табиғатынан ашық-жарқын, бір жылулықты және мейірімділікті қалап тұрады. Бұл тұрғыда документалды жанр өте тартымды, кейіпкерді ашуға ыңғайлы. Көрерменге шынайы эмоция сыйлау үшін өтірік актердің немесе ұтымды тұстарды ойдан құрастырудың қажеті жоқ. Егер бір тағдырды баяндауға талантың жетсе, оны қосалқы құралсыз-ақ, жай ғана камераның көмегімен көрсетуге болады. Қысқаметражды фильмдер – тек бастауы, алда үлкен туынды түсіруге шамам жетеді деп сенемін.

Тоғыз сағатқа созылған жастар кинофес­тивалінің жеңімпаздары жеті номинация бойынша анықталды. Гран-приді Дархан Төлегеновтың «Маршрут» кинотуындысы иеленді. Үздік режиссер болып «Актер» фильмі үшін Қазбек Рүстембеков танылды. Ең үздік әйел рөлі «Қарапайым адам» фильміндегі Толғанай Талғатқа бұйырды, ал ең үздік ер адам рөлін сомдағаны үшін Дулыға Ақмолда марапатталды. Үздік оператор деген бағаға «Актер» фильмін түсірген Роман Гусак лайықты болып танылды. Олжас Тайгеловтің «Айжан» туындысы «Үздік сценарий» аталымында топ жарды. Режиссер Самғар Рахымның «Майлыбайдағы оқиға» картинасы көрермен көзайымы атанды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль жыл сайын өткізілетін болады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды