-->

Астанада «Риза» атты қайырымдылық дүкені жұмыс істейді

Астанада ашылған «Риза» атты қайырымдылық дүкенінің ерекшелігі сол, мұндағы киім-кешектер тым арзан бағада сатылып жатыр. Дүкен иесі көмекке аса мұқтаж балаларға киімді тегін таратып, алғысқа бөленіп жүр.

erm_8768

Қазіргі нарық заманында тегін немесе арзан тауар сатып алу мүмкін емес сияқты. Алайда бұл мүмкін емес жағдайды Нұржамал Молдажанова бір өзі мүмкін етіп отыр. Бүгінде дүкенде жомарт жандар әкелген киім-кешектен бастап, ойыншық, кітап және тағы басқа заттар толып тұр. Сатылымнан түскен қаржы ауыр науқастанған балалардың ем-домына жұмсалады екен.
– Қайырымдылық дүкен ашуыма екі қызымның ауыр науқастан қайтыс болуы түрткі болды. Өйткені қазіргі таңда арамызда ауыр науқасқа шалдыққан әрі көмекке зәру балалар баршылық. Міне, сол балаларға қамқорлық көрсетіп, тегін көмек беруді көптен бері ойлап жүргенмін. Жалпы, қамқорлығыма алған балалардың көбі медициналық көмекке зәру. Әсіресе, өлім аузында жатқандары жүрегімді шымырлатып жібереді. Негізі, адамдар бір-біріне көмектесіп, мейірбандық, қамқорлық деген ұғымдарды естен шығармағаны абзал, – дейді Нұржамал Молдажанова.
Жақында осы дүкеннен «Нұр әлем» қайырымдылық қорына 300 келі тартатын киім жеткізілген. Ал қор өкілдері аталған киім-кешектерді Астанадағы көмекке зәру балаларға үлестіріп берген көрінеді.

Серік ҚҰДАЙБЕРГЕНҰЛЫ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*