-->

АСТАНАДА «ҚЫЗ ЖІБЕК» ОПЕРАСЫНЫҢ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТЕДІ

Сәнді көйлек кигіміз келсе, он саусағынан өнер тамған тігіншіге тапсырыс береміз. Ең озық үлгі бойынша пішетін шеберден заманның ағымына сай киім күтеміз. Дегенмен, бүгінде тіккен костюмдері шамамен 500 жылға сәннен артта қалған маман да өзін мойындата алады. Мақаламыздың арқауы суретші-сценографтар Софья Тасмағамбетова және Павел Драгуновтың «Қыз Жібек» операсына дайындаған декорациялары мен костюмдері болмақ.

Жүз есті­ген­нен бір рет көр­ген артық де­мек­ші, 10-11 ақ­пан күндері болатын премьераға да­йын­дық барысына көз жет­кізу үшін «Астана Опера» теа­тры­ның тігін цехына бас сұқтық.
Есіктің тақ­тай­шасында «Фото және ви­део­тү­сірілімге рұқсат беріл­мейді» де­лінген. Алайда, фототілші екеу­мізге темірдей тәртіпті «бұзуға» тура келді. Әрине, өндіріс туралы кеңінен түсініп, кәсібінің жілігін шағып, майын ішкен мамандармен сұхбаттасу мақсатында.
Біз қайнаған қызу еңбектің үстінен түстік. Ондаған тігінші жұмыстан бас алмай, тер төгуде. Онысы түсінікті де, қойылымда көрермен көңіліне жол табу үшін рекордтық көрсеткіш – 350-ге жуық костюм тігілуде. Қазақ операсында алғаш рет балалар әртіс ретінде бақ сынап көреді. Оларға арнап 55 күрделі костюм ойластырылды. Бұл – Софья Тасмағамбетова мен Павел Драгуновтың осымен төртінші мәрте бірлесіп жасаған шығармашылық жұмысы.

Софья Тасмағамбетова

Софья Тасмағамбетова

Софья Тасмағамбетова спек­такльдің жалпы картинасын былайша суреттеді:
– Екі актінің ішінде төрт жыл мезгілі көрсетіледі. Қысқы киім-кешектер, әшекей-бұйымдар үшін қаракөл елтірісін, түлкінің таза терісін пайдаландық. Көк­темгі образдар барқыт, мақпал, масаты, жаккард сияқты жеңіл-желпі маталардан тігілді. Камзолдар, шапандар, көйлектер қолмен кестеленді. Әрбір ке­йіпкерге қайталанбас бейне жасауға тырыстық. Кейбір әртістер киімдерін қатарынан екі рет ауыстырады. Бастысы, сан алуан түрлілігімен ерекшеленген костюмдердің өзара үйлесім тауып, тұтас көріністі айшықтай түсуі керек.
Тұсаукесерге дайындық режиссер Михаил Панджавид­земен танысқаннан кейін бас­талып кетті. Әуелде, «Қыз Жібекті» ертегі ретінде көр­сету ойда болды. Бір кездері сахна төріне байкерлерді шы­ғару жоспарланды. Нәти­жесінде, басты рөлдердегі Төлегенді – жағымды кейіпкер, оның қарсыласы Бекежанды – жауыз, ал Жібекті – лирикалық кейіпкер ретінде көрсетпей, адами қарым-қатынасты алға тартты.

erm_2121
Павел Драгуновтың айтуынша, режиссер тарапынан қойылған талаптардың бірі – болған оқиғаны бұрмаламай, қойылымның тарихпен жанасуын қадағалау. «Сол себепті, біраз тарихи оқулық мен кі­таптарды ақтарып, бұрынғы киім үлгілеріне үңілдік» дейді ол. Суретшілерден «Жұ­мыстың ең қиын тұсы қандай?» деп сұрағанымызда, былай деп жауап берді: «Бір мезетте бірнеше мәселені шешу қажет. Әрбір 15 секунд сайын телефоным дамылсыз шырылдаған кездер болды. Дегенмен, қиынға соққаны – кейіпкерлердің костюміне маталарды жеке-жеке таңдау еді».

erm_1942
Қойылымда Қыз Жібекке арнайы екі костюм тігілді, бірі – керуен көшіндегі, екіншісі – ұзату тойындағы көйлек. Шапанында геометриялық ою-өрнектер салынса, көйлегі мон­шақ, інжу, маржан, мерует тастарымен әрленген. Әдетте, қалыңдықтың үлпілдеген көйлегі – қызыл немесе ақ түсті. Ал бұл жолы меруерт түстес мата пайдаланылды. Төлегеннің қару-жарағы, сауыт-сайманы алтындай жарқырайды. Бас киімнен бірінші көріністе – бөрік, екін­ші­сінде – қалпақ киеді. Бәрі кәсі­би маман­дардың қолынан шық­қан дүние. Иә, әр тігіншінің ал­дында үлкен жауап­кер­шілік тұр. Шебер тігіп қана қоймай, кез келген детальді ойластыра білуі керек. Біздің көзі қарақты көрер­мен үшін костюмдермен қатар сце­нографияның орны бөлек. Рек­визиттер театр­дың бута­форлық цехында кәсіби сурет­шілердің көмегімен жасалды.

erm_2240

Реставратор Бекзат Рахимбердиев италиялық мамандармен бірігіп жұмыс жасауда. Қазіргі таңда, бутафорлық заттардың көбі дайын. Тек олардың бетін­дегі бедерін шығарып, бояу қал­ды. Жебе, садақ, қанжардың бар­лығы папье-маше технология­сы бо­йынша кәдімгі ағаштан жасалды. Декора­циялар иілгіш по­ли­уре­тан, алюминий, шы­ны плас­тик­тен да­йындалды.
Сол заманның атмосферасын тудыру үшін салмағы сегіз тонна тарта­тын мұнаралар мен қамалдар тұр­ғызылды. Мә­селен, бір қабыр­ғаны жасау үшін мүсінші оның әр кірпішін бөлек құйған. Сон­дықтан болар, сарайдың әр бөлшегі тарихтан сыр шертеді. Қойылымда жылдың төрт мезгілі көрініс тапқандықтан, мамандар заманауи спецэффектілерді, компьютерлік графиканы ұтымды пайдалануға тырыс­ты. Операның жаңашылдығы деп сахна төріне түйе мен жылқының шығуын атап өтуге болады. Суреттерден көріп отырғандай, спектакльдің сәтті шығуы бір емес, тұтас ұжымның маңдай терімен келетін еңбек екенін байқауға болады.
Қазақтың тұңғыш операсы «Қыз Жібек» көпшілікке фильм арқылы таныс. Алайда, Евгений Брусиловский мен Ғабит Мүсіреповтің операсы алғаш рет 1934 жылы шырқалған. Енді міне, 83 жылдан кейін қазақ театрының сахнасына қайта оралатын болады.

Гүлдана ТАЛҒАТҚЫЗЫ

Жауап қалдыру

Сіздің email-адресіңіз жарияланбайды.Қажетті өрістер таңбаланған *

*